«Сталиннің уақтынан» САҚТАСЫН
2009 ж. 23 қараша
1762
0
Негізсіз мәлімдемеге негізді жауап
«Жас қазақ үні» апталығының 39-санында қоғамдық ұйым өкілдері мен ғаламгерлер қол қойан «В Казахстан возвращаются сталинские времена» атты мақала жарық көрді. Мақала авторлары Батыс Қазақстан облысы үкімінің бұрынғы кеңесшісі, жазушы Алпамыс Бектұрғановтың істі болуына байланысты және Қазақстан Жазушылар одағының мүше¬легінен шығарылуына орай өз наразылықтарын білідіріп, мәлімдеме жасаған. Бірден айтайық, республикалық басылымдар бетінде Алпамыс Бектұрғановтың Батыс Қазақстан облысында көзжұмбайлықпен жүзеге асырған заңсыз әрекеттерін әшкерелейтін нақты деректерге құрылған ондаған мақалалар жарияланғанын көзіқарақты оқырмандар біледі. Ең бірінші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қазыбек Иса басқарып отырған апталықта жарияланған мақалалар топтамасына «Сталиннің уақыты қайта оралды» деп жалаулатып тақырып қойып, заң негізінде бағасы берілген оқиғадан саяси астар іздеп, елді дүрліктіріп газеттің үш бетін арнауына ешқандай негіз жоқ. Тәуелсіз қазақ мемлекеті жемқорлықпен жаппай күрес жүргізіп отырған кезеңде заң орындары арқылы қылмыстық істері анықталған кез-келген тұлға заңдық жауапкершілікке тартылуға тиісті. Қазақстан Республикасының Ата-Заңының алдында ел басқарып отырған әкімқаралар да, өнер-мәдениет қайраткерлері де, жазушылар да бірдей. Басылым басшысы, бас директор Қазыбек Исаға осы «жаптым жала, жақтым күйе» мақаланы негізсіз, құр даурықпамен жариялап отырғанын жеткізу мақсатында хабарласқанымызда, басылым басшысы бұл мақаланы оқымағанын, іссапарда жүргенде бас редактор Өмірзақ Ақжігіттің жариялап жібергенін айтып, өкініш білдірді. Ең қызығы, басылым басшылары жариялаған мақалада нақты аты-жөні көрсетілмеген интернет-сайт¬тардағы түсініктемелер тізбегі берілген. Мәселен, беймәлім адам: «Бақтыгереева получила квартиру недавно от акима и будет петь их песню», - деген секілді түсініксіз шатпақтар. Біріншіден, көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгерееваға Орал қаласындағы пәтерді бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев берген. Екіншіден,өмір бойы қасиетті қазақ өлеңіне адал қызмет етіп келе жатқан тұлғаны облыс басшысы өзі арнайы елге шақырып, құрмет көрсеткен. Үшіншіден, интернет-сайттарындағы кез-келген дерексіз, нақты аты-жөні жоқ адрессіз дәлдүріш түсініктемелерді жариялағаны үшін кез-келген ақпарат құралдары заң алдында жауап беретінін басылым басшылары білмей ме?
Біздің қолымызда облыс әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановқа қатысты қозғалған қаржы полициясы, прокуратура мен сот органдары тарапынан қоз¬ғалған қылмыстық іске байланысты барлық құжаттар бар. Бұл құжаттардың бәрі республикалық ақпарат құралдарының бетінде толықтай жарияланып, қалық оқырман қауым хабардар болған.
Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығына 2009 жылдық 31 шілдесінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы Е.Салықовтан төменде¬гідей хат келіп түскен. Оның мәтінін оқырманға толық келтіруді жөн санадық.
«Батыс Қазақстан облысы – этникалық құрамы алуан түрлі мекен. Облыстық шекарада орналасуы, Ресейдің бір емес бес бірдей губерниясымен шектесуі – мұндағы дінаралық, ұлтаралық, жалпы қоғамдық тұрақтылықтың маңызын арттыра түседі. Қай қоғамда да, қай заманда да тұрақтылық пен бірлік діңгегінің қалыптасуына қаламгерлеріміз ұйытқы болып, дауыл қай жақтан тұрса да адами құндылықтардың шаңырағын шайқалтпай келеді. Осындай ауыр әрі тарихи миссияның жүгін Жазушылар одағы арқалап отыр.
«Жазушы» деген ұлы ұғымға кір келтіріп, Одақтың атын пайдаланып, сөзінің салмағын арттырып, елді дүрліктіріп жүргендер де жоқ емес. Солардың бірі – облыс әкімінің кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов. Жазушы – ең алдымен қоғамның тәрбиешісі, моральдық құндылықтарды насихаттаушы, өнеге көрсетуші. Көпшілікке мәлім, 2000 жылы Бектұрғанов Жазушылар одағын пайдаланып, өзінің атына ашылған Жұбан Молдағалиев атындағы қоғамдық бірлестікке берілген екі қабатты ғимаратты 2004 жылы сатып тындырды. Әкімдік бұл ғимаратты Жазушылар үйіне айналдырады деген сеніммен берген еді. 20 05-2006 жылдары БҚО Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып істеген А.Бектұрғанов облыстық бюджеттен 1,5 (бір жарым миллион) теңге бөлдіріп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды бұзу арқылы өзінің кітаптарын сатып алады. Артынша оған қаржы полициясы іс қозғаған. Елге үлгі болмайтын осындай істерімен аймаққа мәлім, ұйып отырған халыққа лаң салып, елді дүрліктіріп жүрген Жазушылар одағының мүшесіне хатшылық тарапынан баға берулеріңізді сұраймыз».
Осының артынша, қазақтың көрнекті ақыны, 30-дан аса жыр кітаптарының авторы Қайрат Жұмағалиевтен де мына мәтіндес хат келіп түсті: «А.Бектұрғанов деген 2009 жылдың 14 шілдесінде журналистерді жинап, менің ар-намысыма тиетін сөз айтып, мансұқтауға тырысыпты. Мен Бектұрғанов деген адамды естіген де, білген де емеспін. Мұндай жалақор, бәлеқор, күншіл қоғамымыздың атмосферасын ластайды. Кесапаты мол кесірге жауап беруге арланатыным рас...». 7 бала, 13 немере өсіріп отырған, «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген өлең жолдары қазақ баласының жүрегіне жазылған, денсаулығы сыр беріп жүрген арлы ақынның арына тіл тигізуі де Алпамыстың азаматтығына сын.
Іле-шала мемлекеттік қызметкер ретінде арнайы тестен өте алмағанын желеу етіп журналистерге арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырған, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұханбетовке «кісі өліміне қатысы бар» деп нақақ жала жапқаны да бүкіл ақпарат құралдарында жарық көрді. Ал негізсіз жабылған жалаға республиканың кез-келген азаматы сот арқылы жауап іздеуге құқылы.
Алпамыс Бектұрғановтың тағдырына Жазушылар одағының басқармасы ешқашан бей-жай қараған емес. Бектұрғановтың маңайындағы дау-жанжал туындағалы біраз жылдардың жүзі болды. Бұл мәселелер Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облы¬сындағы филиалының жұмы¬сына да кері әсерін тигізді. Сондықтан, өткен 2008 жылы хатшылық шешімімен филиал басшылығына ақын Ақұштап Бақтыгереева бекітілді.
Ал Жоғарыдағы хаттар Одақ хатшылығына келіп түскен уақытта Жазушылар одағының басқарма төрағасы Нұрлан Оразалин кезекті еңбек демалысында жүрген болатын. Мәселенің мәнісі жайлы Батыс Қазақстан облысы әкімшілігімен, сондағы Жазушылар одағының басшысы Ақұштап Бақтыгереевамен хабарласып, әріптесіміздің ісінің ақ-қарасына көз жеткізуге тырыстық.
Сол тұста республикалық «Жас Алаш» газетінде А.Бектұрғановтың заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелейтін мақала жарияланды. Бұған қоса, дәл осындай айыптаулар Орал өңіріндегі өзге де әдебиетші қауымның аузымен айтылды. Іле-шала А.Бектұрғановтың қылмыстық іске тартылғаны, көп ұзамай бір жылға бас бостандығынан айырылғаны мәлім болды.
Осы сот үкімі шыққаннан кейін, 2009 жылы 2 қыркүйек күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті секретариат мәжілісінің шешімімен Алпамыс Бектұрғанов одақ мү¬шелігінен шығарылды. Сек¬ретариаттың сегіз мүшесі қатысқан (Н.Оразалин, Ғ.Жай¬лыбай, Б.Шаханұлы, Ж.Шаштайұлы, Ұ.Есдаулет, Ж.Әшімжан, Б.Сарбалаұлы, В.Михайлов) жиын дауысының қорытындысында бір адам қалыс қалып, (Ұ.Есдаулет) қалған мүшелерінің дауысымен Қазақстан Жазушылар одағының Жарғылық нормасына сәйкес жоғарыдағыдай шешім қабылданды.
Қазақстан Жазушылар одағы Жарғысының 5 бабының «б» тармағында Қазақстан Республикасының заңын бұзған әрекет жасағаны үшін одақ мүшелігінен шығарылатыны көрсетілген. Секретариат осы ұсынысын алдағы болатын Пленумның қарауына ұсынды. Секретариат қаулысында Алпамыс Бектұрғанов қылмыстық жазасын өтеп, ақталған жағдайда одаққа мүше болуға құқы бар екені айтылған.
Ал 2009 жылдың 22 қыр¬күйегінде А.Бектұрғановтың бір жылдық түрме жазасына қосымша, Батыс Қазақстан облыстық сотының шешімімен жемқорлыққа тікелей қатысы бар екінші қылмыстық іс бойынша тағы да үш жыл бас бостандығынан айыру үкімі шықты.
Айтпақшы, мақала авторлары оралдық жазушы Бек¬тұрғановты саяси репрессия құрбаны етіп көрсетуге тырысып, өздерін жазушыны қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық комитет (?) атапты. Қазір кез-келген жеке тұлғаға қатысты қозғалған іске саяси баға беріп, «саяси репресия» деп алаулатып-жалаулатып, «ұрандап» шыға келетін топтар бар. «Саяси репрессия» құрбаны мен қылмысты іске қатысы бар азаматтың ара-жігін ажыратуды осы мақалаға қол қойғандар білмейді деу қиын. Ал бұл істе ешқандай саяси астар жоғы белгілі.
«Жас қазақ үні» басы¬лы¬мындағы мәлімдемеге қол қой¬ған Иранбек Оразбаев және Талғат Айтбайұлы сынды белгілі қаламгерлер газетте жа¬рияланған мәтінмен таныс емес екендіктерін, жазушыны қорғау жөніндегі қоғамдық комитетке мүше болуға телефон арқылы келісім бергендіктерін жеткізді.
Ал Жазушылар одағы басшылығының жұмыстан кету-кетпеуі жөніндегі мәселені «Жас қазақ үні» басылымы мен құрылымы күңгірт «қоғамдық комитет» емес, Қазақстан жазу¬шыларының құрылтайы ше¬шетінін қаперлеріңізге қайта салуды жөн санадық.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы секретариатының атынан, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары №42 04.11-11.11.2009