Қазақстанда жарамсыз автокөліктерді утилизациялау үшін 78 млрд теңге қажет
2014 ж. 29 маусым
1711
0
Қазақстанда жарамсыз көліктерді утилизациялайтын арнайы кәсіпорын құрылысына шамамен 78 миллиард теңге қажет. Ал бұл қаражат машина жасаушы зауыттар мен автоорталықтар қалтасынан төленеді.
Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров Астана арнасына берген сұхбатында аталмыш шара "Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі" атты механизм бойынша жүзеге асатынын айтты.
Яғни отандық және шет елдік автоқұрушы зауыттар мен дилерлік орталықтар бірігіп елімізде ортақ қор құрады. Әрбір сатылған көлік құралының жалпы құнының белгілі көлемі аталмыш қорға жолданып отырады. Алайда комиссия құны көліктің нарықтағы бағасына әсер етер-етпесі әзірге белгісіз.
"Ортақ қордың басқарылуы, қаражаттың ұсатылуы мемлекеттен бейтарап болады", - дейді министр.
Бұндай шешім қабылдауда Үкімет Германия тәжірибесіне сүйенген.
"Автокөліктердің утилизациясы - арзан іс емес. Көліктерді жоятын арнайы кәсіпорын құрылысына қомақты қаражат қажет. Алайда бұл кедергі бола алмайды. Керісінше кәсіпкерлердің өзі қаражат бөлу туралы бастама көтеріп отыр. Мемлекет күштеп ақша жинап отыр, оларды өз керегіне қолданады деген әңгіме мүлдем орынсыз. Себебі қор құрылған күнде оның басқарылуы толық сол ұйымға мүше кәсіпорындардың қолында. Жүйе сөзсіз қымбат, бірақ қажет", - деді Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров.
Аталмыш жүйе бұдан былай өндірістің бірқатар салаларына енгізіледі. Мысалы, кәдеге жарамай қалған электр құрылғылары мен тұрмыстық қатты қалдықтардың қайта өңделіп кәдеге жаратылуы да дәл осындай қорлардың құрылуы арқылы жүзеге асады.
"Осындай қорды біз өндірістің басқа салаларында қолдануды көздеп отырмыз. Электр құрылғыларын өндіруші және сатушы кәсіпорындарда, кейбір сусын түрлерінің құтыларын утилизациялауда бұл жүйе қажетті. Мысалы, жоспардағы Кока-кола зауытының жұмысында бүл үлгі нәтижелі болады. Жуырда Үкіметтің тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бағдарламасы да осы жүйеге негізделген", - дейді Қаппаров.