Ішімдік ішілетін жерде жүріп, ораза ұстауға бола ма?
2014 ж. 24 маусым
2936
0
Мұндай жағдайда ораза ұстауға болады. Бұл оразаны бұзбайды. Өйткені ислам дінінің негізін құлшылық пен сенім мәселесі құрайды. Бірақ бұл мәселе еңбектің маңызын төмендетпейді. Өйткені құлшылықтың өзі тіршілікке, тірілерге тән нәрсе. Ал тіршілік еңбек пен кәсіп арқылы ғана мүмкін болады. Ислам екі дүниенің қамын бірдей ойлауды насихат етеді, дүние істері мен дін істері бір-біріне кедергі жасамайды. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қазақ мақалының мәні де осыған саяды. Сондықтан мейрамханада жұмыс істедім екен деп, оразаны қалдыруға болмайды. Әрине мүмкіндік болса, ішімдік ішілетін жерде жұмыс істемеген абзал. Дегенмен жұмыстың ыңғайы осыған келіп тұрғандықтан, ол үшін оразаны тәрк еткен дұрыс емес. Ең бастысы, ниет түзу болуы шарт. Кейбіреулер намаз оқымай ораза ұстауға болмайды деп жатады. Ол да дұрыс емес. Мұсылман болу әсте-әсте. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Себебі мұсылманның бес парызы бар: 1.Алланың бар екеніне куәлік ету, жүрекпен растау. 2.Намаз оқу. 3.Ораза ұстау. 4.Зекет беру. 5.Қажылыққа бару. Бұлардың әрқайсысы бөлек-бөлек құлшылық. Тек бірінші шартқа ғана төртеуі тәуелді. Демек, ораза – намаз оқымауға қатысы жоқ құлшылық. Қайталап айтам, ораза ұстаңыз, және намазға ниеттенсеңіз оны да оқып кетерсіз! Оразаның сауабын Алла Тағала өзім беремін деген, сондықтан сіздің құлшылығыңызды ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, бір ескере кететін жайт, ол Исламда бес парыздың бар екендігі. Адам тілін кәлимаға келтіргеннен кейінге жасайтын ең үлкен құлшылығы ол - бес уақыт намаз оқу. Егер сіз дініміздің үшінші парызы оразаны орындап жүрсеңіз, бұл әрине құптарлық іс. Алайда намаздың дініміздің тірегі екендігін ұмытпастан, ниет қылғаныңыз абзал.
"Алаш айнасы"