Тегіс табанды және биік өкшелі аяқкиімге тыйым салынбайды - ЕЭК
2014 ж. 20 маусым
2056
0
Кеден одағында балетка, кеды мен биік өкшелі аяқкиімдерге тыйым салынбайды, - деп хабарлайды РБК. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдері айтты.
Олардың айтуынша, Кеден одағының кеды, биік өкшелі туфли, балетка сияқты аяқкиімдерге тыйым салатын нормасы бар жаңа техрегламентінің қабылдануы ықтимал деуге келмейді. "Техрегламентті өзгерту туралы ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссияда салмақты орган - Комиссия кеңесі қарайды, оған үш елдің вице-премьерлері кіреді. Кеңес қарастыратын бастамалар алдымен ұлттық реттеуші органнан шығуы тиіс. Бұл жағдайда ол Денсаулық сақтау министрлігі болуы мүмкін, бірақ Мемлекеттік дума депутаттары емес", - деді комиссия өкілдері.
Бұған дейін мұндай ұсынысты Ресей парламенті төменгі палатасының депутаты Олег Михеевтің көтергені хабарланған болатын. Ол тегіс табанды және биік өкшелі аяқкиімдер табан құрылысының бұзылуына әкеліп соғады деп есептейді. Депутат тиісті хатты ЕЭК-ге жолдаған. ЕЭК өкілдері болса, депутаттың ұсынысын анекдотқа тең бастама деп бағалап отыр. Оның үстіне, комиссия өкілдері Михеевтен ешқандай хат алмаған. "Мүмкін ол хатты журналистерге көрсеткенімен бізге жолдамаған шығар, ойынан бас тартқан да болар. Біздің қолымызда Михеевтің хаты жоқ", - дейді комиссияның баспасөз қызметі.
tengrinews.kz