Вице-премьер министрден кешірім сұраған түлекпен айналысады
2014 ж. 10 маусым
1493
0
ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Гүлшара Әбдiхалықова түлектен кешiрiм сұратқан Бiлiм министрлiгiнің мәселесiн шешудi уәде еттi.
"Бұл мәселенiң мен анығын бiлейiн: қай жақтан шықты, не себептен сұрақ болды ондай, не себептен кешiрiм сұрады. Мұндай кең аяда талқылауды жүргiзiп керек емес едi деп санаймын. Әрбiр адам талқылауға, сұрақ қоюға құқылы. Мен бұл сұрақты анықтап бiлейiн. Нақтылап тағы бiр қарайтын боламыз", - дедi ол бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте.
Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандырылған гимназия - интернатының түлегі Айнұр Серік 31-ші телеарнаға берген жалған ақпарат үшін кешірім сұраған болатын.
"2014 жылғы ҰБТ тапсырмаларының барлығы мектеп бағдарламасына сай сұрақтар. Барлық сұрақтардың дұрыс жауабы бар және дұрыс құрылмаған сұрақтар мүлдем болған жоқ", - деп жазған Айнұр өз хатында.
Естеріңізге салайық, петропавлдық талапкер Айнұр Серік ҰБТ сұрақтарының ішінде сыра зауыты туралы сұрақтың кездескенін телеарна арқылы айтып, бүкіл елді бір шулатқан еді. Кейін бұл сұрақты тілшілер Сәрінжіповтің өзіне қойған болатын.
Бірақ ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев артынан баспасөз мәжілісінде 2014 жылғы ҰБТ-да сыра зауыты туралы сұрақ болған жоқ деп мәлімдеді. Тіпті Айнұрдың Қазақстан тарихынан тапсырған тест сұрақтарын әкеліп, журналистерге көрсетті. Расымен де бұл сұрақ жоқ екен.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2014 жылғы ҰБТ-ға 92 мыңнан аса мектеп түлектері қатысты. Олардың төртеуі ең жоғары 125 балл жинады.