Насыбай бала өліміне себеп болды...
2014 ж. 29 мамыр
11929
0
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
«Жақсыны көрмекке» әзір тұратын қазақ баласы жаман әдетке де үйір екені жасырын емес. Арақ, темекі, есірткіге қатысты айтып ауыз ауырып, жазып қол жауыр болғалы қашан. Бұл үш кеселдің денсаулықты құртып, болашақты бұлдыр халге түсіретінін біле тұра қайта одан сайын соның «құшағына құлауға» үйір. Енді «мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» керімен насыбай деген құмарлықтың құны арзан түрі күн өткен сайын күш алып барады. (Бұл туралы «Алаш айнасы» бұрын да жазған. (29.01.2013)
Жаманаттың қауіпті екенін біле тұра, соған саналы түрде баратын жас толқынның насыбай атуға ден қоя бастауының бірнеше себептері бар. Үкімет арақ пен темекінің бағасын қымбаттатты. Қазір 500-600 теңгеге «тәуір» арақ табыла қоймайды. Темекі шегейін десе, оның өзінің «сырт көз сыншыға» дұрыс көрінгенін жөн санайды. Сонда бір қорап «Парламент» темекісінің өзі 300 теңге шамасында. Оның өзі көп болса екі-үш күннің ар-жақ бер жағында түбі көрініп, тағы да қалтаға салмақ салады. Бір жеті ішінде 1000 теңгенің өзі (күнделікті жүріп тұру, тамақтану шығыны өз алдына) жай ғана темекіге кетеді. Темекіні арнайы орынға барып тартпасаң, қазір бұрынғыдай құныға сорып, көшеде алшаңдай басып бара жататын дәурен өткені тағы бар.
Осындай тентекті тезге салатын тегеурінді тәртіпті күшіне енгізген билік неге екені белгісіз насыбайды елеусіз қалдырды. Қазір тіл астына салатын түйіршік мектеп жасындағы баланың да ермегіне айналды. «Әләулайым біткенде хәлаулайым тағы бар» дегеннің кері осы: темекі ала алмасаң да темекі жапырағының ұнтақталған түрін көшеде жайып салып жабайы сауда жасап отырғандардан ала салу оп-оңай.
Соның салдарынан жақында жаға ұстатар бір жаңалық жұртты дір сілкіндірді. Небары 13 жастағы баласының киімінің қалтасынан бір қалташа насыбайды тауып алған анасы бірден оны тергеуге алады. Баласының ондай әдеті барына көз жеткен соң, қатал түрде жазалап тыймақ оймен, насыбайды оның аузына салып жіберсе керек. Кәмелет жасына да толмаған бала екі-үш атым насыбайды бірақ жұтып тіл тартпай кеткен.
Жай иіскеп соның өзіне түшкіртіп «рахатқа» батыратын насыбайдың жеткен жері осы. Қазір кез-келген бұрышта ашық сатыла беретін «жасыл тауарға» тосқауыл қоймағанның салдары бұл. Оны саудалаудың құны қандай төмен болса, дайындалуының өзі де оп-оңай нәрсеге айналды. Зерттеулер нәтижесінде анықталған шындықтан жаның түршігеді: кейбіреулер насыбайға тауықтың саңғырығын, әктің суын, қара ағаштың смоласын қосып әзірлейді.
Мұндай құрамдағы элементтің әрқайсының өзі қатерлі. Бір түйір тауықтың саңғырығын жеп қойған қой бір сағат ішінде өліп қалады екен. Ал осындай қоспасы бар насыбайды қазір кез-келген мектептің баласы атып жүр... Бала жастан насыбай атқан адамның кемеліне келгенде ауыз қуысынан пайда болатын қатерлі дерттің қақпанына ұшырайтыны бүгінде медицинада дәлелденіп отыр. Бұдан да арыға апаратын сұмдықтары сығалап тұрған насыбай қазір Астана қаласындағы ірілі-ұсақты базарлардан да табылады. Еліміздің кез-келген қаласына жөнелтіліп жатқан оның негізігі қайнар көзі Оңтүстік өңірде әзірленетіндігі құпия болудан қалғалы қашан.
Ернұр МҰСАБЕКОВ, Астана қаласының тұрғыны, құрылысшы:
–Насыбайды бала кезімнен атам. Темекі алуға ақша табыла бермейтін. Ал насыбай атады деп ойлмайтын ата-анамыз көшеде қарның ашса деп беретін тиын-тебенге көбірек насыбай сатып алатынмын. Мұның зиян екенін кейіннен білдім. Бірақ, қазір темекі алар ақша түскенше осыны атып жүремін. Әйтпесе, басым ауырып, «жынды» болып ештеңеге зауқым соқпай қалады. Ал атсам болды, алаң еткен жайлар ұмытылып, жүйкем де тынышталғандай жеңілдеп қаламын.
Ұрпақ амандығы үшін төрт қауіптің барын ескертпеске болмайды: тіл, ерін, көмей обырының 80 пайызы насыбайдан болады екен. Насыбай ататын адамның иммунитеті вирусты гепатиттің алдында әлсіз екені өз алдына, әртүрлі ішек ауруларын тез жұқтырады. Тістің эмалы бұзылып, асқазанға жара түсіреді екен. Адамның никотинге, есірткіге тәуелділігі артып, есте сақтау қабілеті нашарлайды.
Сорақысы сол насыбайға лицензия алу міндеттелмейді, оның сапасына жауап бере алатын сертификат та талап етілмейді. Тағы бір таңғалдырарлығы сол – тауарлық сипаты болмаса да, ол еркін сауда айналымында. Қауіптілігі темекі мен арақтан күшті бола тұра, құнының одан арзандығы да шошытпасқа қоймайды.
Шұға ТӨКЕНҚЫЗЫ, нарколог дәрігері:
– Рас, бұрын, бала кезімізде үлкендердің насыбай ататынын оқта-текте болса да көріп жүретінбіз. Бірақ ол кездегі насыбай құрамы мүлде басқа болыпты. Ал қазір оның кең етек жайып бара жатқаны алаңдатпай қоймайды. Себебі оған балалар үйірсектене бастады. Әрі оны әркім әзірлей беретіндіктен, оның құрамында химиялық әсері бар (мәселен, әк) қоспалар енетіні де мәлім болып отыр. Ал ондай қоспалардың кері әсері көп.. Мәселен, насыбай атқанда темекі, араққа құмар адамдар секілді үнемі ақша іздеп тұрғыш болып келеді Себебі, ол психактивті зат болып табылады және адамды әртүрлі ауруларға шалдықтырады. Насыбай сатуға бірқатар елдер тосқауыл қойып, арнайы заң қабылдаған. Ал бізде қолданысқа қашан енері белгісіз.
Автор: Сәтжан Қасымжанұлы, Семей қаласы
alashainasy.kz