СІМ: ЕАЭО Қазақстанның ұлттық мүддесіне нұқсан келтірмейді
2014 ж. 26 мамыр
1615
0
Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі Қазақстанның ұлттық мүддесіне нұқсан келтірмейді. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ басшысының орынбасары Самат Ордабаев мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, ЕАЭО туралы келісімнің институционалдық бөлімі мен ондағы Еуразиялық экономикалық комиссия, Одақ соты жарғысы, ЕАЭО-дегі әлеуметтік кепілдер, артықшылықтар мен иммуниттер туралы үш қосымшадан бөлек, тағы екі құжат келісілді.
Бұл - Халықаралық қызметті жүзеге асыру тәртібі мен Үшінші елдермен Одақтың халықаралық келісімдерін даярлау мен бекіту тәртібі. Соңғы екі құжатта Одақтың барша халықаралық қызметі қарастырылған.
Оның Комиссиясы негізгі реттеуші орган ретінде Одақтың жоғарғы органының , яғни Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (Мүше мемлекеттер мемлекет басшылары) қатаң қадағалуына қойылған.
Тек Кеңестің келісімімен және оның мандатымен кез келген халықаралық келісім әзірленіп, бекітілетін болады.
"Мен бұл мәселеге ерекше тоқталып өттім. Себебі, мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен мүддесіне нұқсан келтіретіндей, біздің келісімсіз елімізді қандай да бір жаңа келісімдерге тартылады деген белгілі бір үрей мемлекетімізде бар. Бұған жол берілмейді. Барлық келісім бойынша бізде үш-бес қабат қорғаныс ескерілген. Болашақ Одақтың кез келген іс-қимылы бойынша, яғни шешім қабылдау, сондай-ақ оны жүзеге асыру тұрғысында ел мүддесіне нұқсат келтірілмейді", - деді Ордабаев.
Қазақпарат