Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2014 ж. 19 мамыр
1561
0
Өткен апта ішінде ҚР Мәдениет министрінің орынбасарлары тағайындалды. Сонымен қатар Қарағанды мен Маңғыстау облыстарында, Алматы қаласында судьялық корпуста кадрлық өзгерістер орнын алды.
ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық тағайындауларға шолу жасайды. Сонымен ҚР Үкіметінің қаулысымен Жанай Сейітжанұлы Омаров пен Асқар Ысмайылұлы Бөрібаев бұрынғы қызметтерінен босатылып, Қазақстан Республикасының мәдениет вице-министрлері болып тағайындалды. Жанай Омаров әр кездері мәдениет министрлігінің ақпарат және қоғамдық келісім департаментінің директоры, Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы, "ҚазАқпарат" агенттігінің басшысы, "Караван" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2011 жылдың шілдесінен "Казахстанская правда" РГ" АҚ басқарма төрағасы болған. А.Бөрібаев Қазақстанда виолончельші және дирижер ретінде танымал. Ол Алматыда Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның аға оқытушысы, доценті, "Солисты Патры" оркестрінің орындаушысы - Афины консервториясының профессоры болған. 2007 жылдан 2008 жылдың наурызына дейін ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі болды, ал 2010 жылдың наурызынан ҚР мәдениет вице-министрі болды. Маңғыстау облысының соттарында кадрлық өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық сот алқасының төрағасы болып Хайруллин Рахметолла Сайфоллаұлы тағайындалды.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметіне осыған дейін қылмыстық істер бойынша Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы қызметіндегі Шаров Гафур Хамзеұлы, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы қызметіне Жаңаөзен қалалық сотының судьясы қызметінен босатылған Нұрышева Жанар Болатқызы тағайындалды. Ал Алматы қалалық сотына судья болып Айман Әбілмәжінова, Жанна Алтаева, Әсия Құсайынова, Гүлбарам Есжанова, Ержан Кенебаев тағайындалды. "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне Әнуар Сәйденов тағайындалды. Бұған дейін Әнуар Сәйденов "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ тәуелсіз директоры лауазымына тағайындалған болатын. Әнуар Сайденов 2000-2002 жылдары Қазақстан Халық банкін, ал 2004-2009 жылдары Қазақстанның Ұлттық банкін басқарған.
2009 жылдың ақпанынан бері "БТА Банк" АҚ Басқармасының төрағасы болды. 2001-2013 жылдар аралығында - "БТА Банк" АҚ директорлар Кеңесінің төрағасы. Ал 2012 жылдың 4 желтоқсанында "Bank RBK" АҚ тәуелсіз директоры болып сайланды. Осы қаңтар айынан бері "SB Capital" ЖШС бақылаушы кеңесін басқарып келеді.