"Ұлт" порталы
Еуразиялық Одақ – Қазақстанның еуразиялық таңдауы
2014 ж. 16 мамыр
4903
1
«Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары. Интеграцияға қатысушы үш ел экономикасының жиынтық көлемі 2,2 триллион долларды құрайды. Үш мемлекет шығарған өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 1,5 триллион АҚШ долларына жуықтады. Жиынтық ішкі жалпы өнімнің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің келешегі 2030 жылға қарай шамамен 900 миллиард долларды құрай алады»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 28 сәуірде М. Ломоносов атындағы ММУ-інде сөйлеген сөзінде. Елбасы осылайша, еуразиялық интеграцияның бізге үшінші жаһандық индустриялық төңкерістің қарсаңында ортақ стратегиялық басымдықты қамтамасыз ететінін атап көрсетті.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) құрылуынан қандай артықшылықтарға ие болады? Бұл жердегі ең үлкен артықшылық – үш мемлекеттің экономикалық әлеуетін қосқандағы шығатын нәтиже. Мәселен, кедендік «үштік» елдері шығарған өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 2010 жылы – 600 млрд-ты құраса, бұл көрсеткіш қазіргі таңда 1,5 трлн АҚШ долларына дейін көбейді. Үш елдің арасындағы сауда айналымы – 900 млрд долларды құраса, бір ғана мұнайдың жиынтық қоры – 90 млрд баррельді, ауыл шаруашылығының көлемі – 112 млрд долларды немесе бидайдың әлемдік өндірісінің 12 пайызын және осы өнімнің әлемдік экспортының 17 пайызын құрайды екен. Сонымен бірге, біздің елдеріміздің орасан зор транзиттік әлеуетінің қосылуы ұлттық бюджеттің табысын бірнеше есеге өсіруге алып барады. Мұның бәрі Кеден одағы елдерінің экономикасын әлемдегі алдыңғы қатарлы экономикалармен терезесін теңестіруге салмақты дәлел болатыны сөзсіз. Ең бастысы, Қазақстан, Ресей және Беларусь кәсіпкерлері өз өнімдерін халықаралық тұтыну нарықтарына шығаруға қолайлы мүмкіндік алады. Атап айтқанда, мысалға, қазақстандық компанияларға Еуропа нарығына және керісінше, ресейлік және беларустық әріптестерімізге Азияның нарығына шығатын кездегі кедергілер жойылады.
Еуразиялық интеграцияның екінші артықшылығы – инвестициялық тартымдылығымыз арта түсуде. Соның нәтижесінде ресейлік және беларустық кәсіпкерлер Қазақстанда өз бизнесін ашуға қызығушылық танытуда. Өйткені, оларды біздің қолайлы инвестициялық және салықтық заңнамамыз қызықтырады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі халықаралық экономикалық интеграция департаментінің директоры Ернар Бәкеновтың айтуынша, Кеден одағындағы әріптестерімізбен салыстырғанда көбірек либералды салық саясатын жүргізетін Қазақстанның шетелдерден инвестиция тартуға және әріптес-елдермен бірлескен өндірістер ашуға мүмкіндіктері мол. «Мен ресейлік кәсіпкерлермен жиі кездесемін. Олар біздің инвестициялық заңнамамыз, кәсіпкерлерді қолдаудағы тиімді іс-шаралар өз көңілдерінен шығатынын айтады»,- деді Е. Бәкенов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Ол сондай-ақ, Қазақстанның Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы маңызды мақсаттарының бірі тұтыну нарығын кеңейту негізінде қайта өңдейтін өндірісті дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру болып табылатынын атап айтты. Және оған мынадай сандармен дәлел келтірді: Кеден одағы жұмыс істегеннен бері Қазақстан мен кедендік «үштікке» қатысушы-елдер арасындағы сауда айналымы 88 пайызға өсіп, 24 млрд АҚШ долларынан асқан. Біздің Кеден одағы мемлекеттеріне шығаратын тауарларымыздың экспорты 60 пайызға көбейген.
Бұдан шығатын қорытынды, яғни, инвестициялық серпіннің өзі еуразиялық интеграцияның нәтижесінде нақты экономикалық табыстарға жеткенімізді көрсетіп отыр. Ал, экономикалық табыстарымыз еліміздің әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингтеріндегі көрсеткіштерімізді жақсартуда. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша, Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде алғаш рет Қазақстан әлемнің барынша бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кірді. Яғни, еліміз «елулікке» кіру жөніндегі жалпыұлттық міндетті 18 жылға бұрын орындады. Сонымен қоса, әлемдік деңгейдегі «Эрнст энд Янг» консалтингтік компаниясы мамандарының бағалауынша, Қазақстан қазіргі таңда инвестициялық тартымдылығының деңгейі жөнінен Орталық Азиядағы бірінші және ТМД елдері ішіндегі екінші мемлекет болып табылады.