Лос-Анджелесте Алматы әкімдігі Виктор Храпуновпен соттасып жатыр
2014 ж. 14 мамыр
1851
0
Алматы әкімдігі қаланың бұрынғы басшысы Виктор Храпунов мемлекет меншігінен 300 млн теңгені қолды қылды деген айыппен Лос-Анджелестегі федералдық сотқа шағым түсірді.
Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. Шағымданушы тараптың айтуынша, жымқырылған қаржы АҚШ пен Швейцариядағы есепшотқа аударылған.
Экс-әкімнің әйелі мен балалары ұрланған қаржыға Лос-Анджелестен жылжымайтын мүлік, атап айтқанда, Беверли Хиллзден құны 6,2 млн доллар болатын вилла, Студио-Ситиден құны 5,7 млн доллар тұратын тұрғын жай сатып алып, лизинг арқылы Rolls Royce, Bentley көліктерін иемденген.
"Храпунов аталған шағымға бірден жауап бере қоймады. Оның сайтында көрсетілген мәліметтерге сәйкес, ол Қазақстаннан 2007 жылы емделу мақсатында кеткен. Ол Қазақстанның ірі қаласы Алматыны 1997 жылдан 2004 жылға дейін басқарған", - делінген хабарламада.
Қазір аталған іс Лос-Анджелестегі федералды соттың қарауында жатыр.
Қазақпарат