Алматыда тұрғын үй шаруашылығы саласындағы энергия ысырабы 50% дейін жетеді
2014 ж. 12 мамыр
1899
0
Бұл туралы бүгін Алматыда Тұрғын үй шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыру курстарына қатысты өткен семинар барысында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің доценті, техника ғылымдарының кандидаты Джафер Әлиханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл қала үшін өте үлкен шығын және энергия ысырабының көлемі негізінен тұрғын үйдің салыну ерекшелігі мен құрылымына байланысты.
«Сондықтан қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары мен тұрғындар жылу және электр энергиясын үнемдеудің жолдарын білулері үшін энергия үнемдеу бағытында бірқатар заңдар қабылданды. Біздің есептеуіміз бойынша жылу және электр энергиясына кететін шығындарды 30 пайызға дейін үнемдеуге болады! Ол үшін бірінші кезекте тұрғын үйлердің қабырғаларын, терезелерін және төбелерін қымтау керек. Сонымен қатар энергия үнемдейтін жарық көздерін пайдаланған жөн. Оған қоса, жалпыға бірдей қолданылатын жерлердегі, яғни дәліздер мен кіреберістерде, аулаларда жарықты автоматты өшіру жүйелерін қолданған абзал. Шамдардың түні бойы жанып тұруы міндетті емес. Адам өткенде ғана жанып тұрса жеткілікті», - деді өз сөзінде Джафер Әлиханов.
Сондай-ақ Джафер Әлиханов жарық диодтық және люминисценттік, яғни нұршамдарды да жаппай қолдану электр энергиясын үнемдеуге елеулі түрде септігін тигізетіндігін жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 10 күндік семинар 22 мамырға дейін жалғасады. Курстардың мақсаты - кондоминиум объектілерін басқару органдары басшылары мен жұмыскерлерінің (ПИК, басқарушы компаниялар), сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен тұрғын үй испекциялары мамандарының, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тіршілікті қамтамасыз ету және сервис қызметінің аралас бағыттары жұмыскерлерінің кәсіпқой құзыреті мен білім деңгейін арттыру және тұрғындарға жылу және электр энергиясын үнемдеу жолдарын үйрету.
Өйткені бұл курстарға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының өкілдері мен қатар көп қабатты үйлердің тұрғындары да тегін қатыса алады.
Бас-аяғы Алматы қаласында он сегіз үшкүндік курс, тоғыз бескүндік курс, үш онкүндік курс және аймақтық конференция өткізіледі.
Қазақпарат