Желіккен қыздар ата-аналарын жерге қаратты
2014 ж. 09 мамыр
3029
2
Алматы облыстық ішкі істер департаментінің хабарлағанындай, 15 жасар Нарқыз Жолдасбаева мен Айдана Көжебаева Алматыға келу үшін ұялы телефондарын сатып жіберген. Ал ата-анасына хабар беру қыздардың ойына да кіріп-шықпапты. Естеріңізге сала кетелік, Нарқыз бен Айдана 29 сәуір күні үйлерінен шығып кетіп, сол кеткеннен мол кеткен еді. Хабар-ошарсыз жоғалған қыздарды іздеуге тұтас Талдырқорған жұрты жұмылған-тұғын.
Полицияның мәліметіне қарағанда, оқушы қыздың бірінің үйінде үлкен жанжал болған. Бұдан кейін ол Алматыға кетуді ұйғарады. Сөйтіп, өзімен бірге мектепте оқитын құрбысын да ерте кетеді. Бірақ қалталарында көк тиын болмағасын, алысқа ұзай алмайды. Ақыры Алматыға ұялы телефонын сатып жетпек болады. Облыстық ішкі істер департаментінің нақтылағанындай, олар телефонның бірін – 1500 теңгеге, екіншісін – 500 теңгеге сатады. Артынша, Алматыға жүретін автобусқа билет сатып алып, қалаға тартып кетеді. Туған-туыс, тамыр-танысы жоқ, бөтен қаладағы алғашқы түнде қыздар «Сайран» автовокзалының қуыс-қалтарыстарын паналайды. Келесі күні вокзалға жақын мешіттің жанына түнеп шығады. Онымен қоймай, екеуі қаладағы базардың бірінде даяшы болып жұмысқа тұрып үлгереді.
Ал үшінші күні қыздар «Шаңырақ» ықшамауданында түнеген. Құқық қорғаушылар олардың қайда қонғанын, қайда түнегенін әлі нақтылаған жоқ. Белгілісі қыздардың біреуінде тағы бір ұялы телефон болған және оны арагідік іске қосып тұрған екен. Осы ұялы телефонның арқасында полиция оқушыларды оңай тапты.
«Біз оларды «Шаңырақтан» тауып, ата-анасының қолына тапсырдық. Бұл қыздардың отбасы әжептәуір ауқатты, туыстары қыздарын аман-есен тауып бергені үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтып жатыр. Жоғалған балаларды іздеу кезінде іздеу шараларының бірнеше нұсқасы қарастырылды», – дейді бұл ретте облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Көбейхан Нұрахмет.
Қыздарды іздеуге 148 әскери, 200 полицей, соның ішінде, патрульдік полицияның 80 қызметкері жұмылды. Криминалистер, жедел іздестіру қызметкерлері мен оқушылардың туған-туыс, достары да атсалысты. Әр-әр жерде жоғалған қыздар туралы хабарламалар ілінді. Алайда аталған іс мұнымен аяқталмайтын сияқты. Алдағы уақытта полиция оқушы қыздармен профилактикалық әңгіме жүргізеді және олар үйлерінен қашып кетуге бейім балалар ретінде есепке алынуы да мүмкін.