Қаршыға Ахмедияров: "Дәстүр мұражайда тұрмайды"

Кезінде белгілі бір себептермен басылмай қалғансұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз. КаршыгаТап-таза күйіндегі дәстүр еш жерде, жер бетіндегі ешбір халықта жоқ. Дәстүр – мұражайға қойып, үстінен шыбын ұшырмай күзететін зат емес. Тарихтың низамын, заманның лебін мойындамайтын дәстүр өледі. Дамудың заңы қатыгез нәрсе. Болашақты көздеп жұмыс істемесең, заманға ілеспесең – беліңнен басып, жолдың шетіне теуіп түсіріп кете береді. – Бір мыңжылдық дәуірінің аяқталуы мен келесі мыңжылдықтың басталуы шегінде тұрмыз. Бұндайда, әдетте, ұлттың, нәсілдің өткені мен кеткені, озған тарихтың ұлағаты еске оралады ғой. Қалай десеңіз де, бүгінгі күн – есепті кезең... – Бір мыңжылдық дәуірінің аяқталуы мен келесі мыңжылдықтың басталуы шегінде тұрмыз. Бұндайда, әдетте, ұлттың, нәсілдің өткені мен кеткені, озған тарихтың ұлағаты еске оралады ғой. Қалай десеңіз де, бүгінгі күн – есепті кезең... – Дұрыс айтасың. Мыңжылдық дәуірдің аяқталуы – бұл жай ғана хронологиялық меже емес, ұлттық мәдениеттің тарихындағы биік белес... Сол себепті заман шегін сезіну, тебірену, қорыта сөз айту – табиғи нәрсе. – Осы заман шегіне келгенде музыкалық мәдениеттің басты сауалы – орындаушылық өнер мен оның проблемалары жаңа сапаға көтеріліп, күрделене түскен сияқты. – Иә, орындаушылық өнер барлық уақытта ең қиын проблема болған. Оның үстіне біздің орындаушылардың проблемаларын қиындатып отырған нәрсе – теориямен екі арадағы қайшылық. Қысқаша түсіндіріп беруге тырысайын. Бір сәт Батыс Еуропаның, Ресейдің, Американың – ұлы музыкалық мәдениет тудырған елдердің мысалына жүгінейікші. Шопен, Лист, Бетховен, Моцарт, Глинка, Чайковский сияқты заңғар тұлғалар туралы ең жақсы пікірді, ең тұшымды сөзді айтқан кім?.. Орындаушылар! Осы алып тұлғалармен теңесе алмаса да, бой таластыра алатын, соларға жедеғабыл адамдар. Тағы да шегелеп айтайын, орындаушылар! Тіпті, өнерін сахнаға емес, өнердің сынына, зерттеушілікке жұмсаған теоретиктердің өздері, орындаушылық өнердің жайын аңыз бен ертегіден, қаңқу мен ұзынқұлақтан естіген адамдар емес, өздері де тәп-тәуір орындаушы болған адамдар еді. Ал бізде таза орындаушылық пен теорияның арасында елеулі алшақтық бар. – Ол қандай алшақтық? Түсіндіре кетсеңіз. – Оны әңгіме барысында айтамын. Әуелі қазіргі орындаушылықтың басты белгілерін сипаттап кетейін. Бүгінгі орындаушылық – ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінің заңды мұрагері, төл перзенті. Бүгінгі орындаушылық – ешқашан үзілмеген, сабақтаса жалғасқан дәстүрлі орындаушылық, өнердің жаңа өрге шыққан, жаңа сипаттармен молыққан көрінісі. Бұл – ешбір шартсыз қабылдануға тиіс ақиқат. Яғни, кейбір кертартпа ғалымдардың айтқанындай қазіргі орындаушылық аспаннан түскен жоқ, керісінше, өзінің ата топырағынан өсіп шықты. – Кейінгі жылдар бедерінде қазақ баспасөзінде дәстүрдің тазалығын жақтаған бірқатар материалдар жарық көрген. Шамасы, осы мақалалардағы уағыздалған идеяларды меңзеп отырсыз ғой. – Бұл кейінгі жылдарда өрбіген ой емес, 60-шы жылдардың ішінде қалыптасқан тенденция. Ең әуелі айтарым, тап-таза күйіндегі дәстүр еш жерде, жер бетіндегі ешбір халықта жоқ. Дәстүр – мұражайға қойып, үстінен шыбын ұшырмай күзететін зат емес. Тарихтың низамын, заманның лебін мойындамайтын дәстүр өледі. Дамудың заңы қатыгез нәрсе. Болашақты көздеп жұмыс істемесең, заманға ілеспесең – беліңнен басып, жолдың шетіне теуіп түсіріп кете береді. – Дәстүрді не деп сипаттар едіңіз? – Бірауыз сөзбен айтсақ, дәстүр – сол мәдениеттің өзі. Дәстүр бір орында тұрмайды, үнемі даму үстінде болады. Дәстүр жаңалыққа сергек болады, маңайындағы құбылыстардың ішінен өзінің қолайына жаққанын жатсынбай алып, үздіксіз жетілу, өркен жаюдың үстінде болады. Міне, дәстүр дегеніңіз осы. Аталмыш ғалымдардың өздері қазақтың күйлерінен иран-тәжік мақамдарын, моңғол мен үндінің аспаптық музыкасының элементтерін тауып жатады. Ал енді «қазақтың дәстүрлі музыкасы басқа халықтардың күй сарындарымен лайланыпты, мұның қай жері дәстүр?» деп дау шығаруға болар еді ғой. – Бұған дау айту қиын, әрине. Қа­зіргі орындаушылықтың қалып­тасуы – аса күрделі құбылыс. Сол 30-40 жыл бұрын жа­зылған мақалаларды оқы­саңыз, әрине, бүгінгі сана тұрғы­сынан оқысаңыз, көптеген жайт­тарға қайран қалар едіңіз... – Әлбетте. Алайда ол өнер тарихшысы үшін ғана тарих. Ал біз, өнердің ортасында жүрген, айтар едім, өнер еңбеккерлері үшін өткен мен кеткен деген болмайды. Бәрі де сенің замандасың, бәрі де сенің игілігің. Қазақтың ұлттық музыка мәдениетін ұстап тұрған бірнеше алтын тірек бар. Соның бірі – Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі. Оркестрдің негізін қалаған адам – Ахмет Жұбанов. Қазақ ауылында туып-өскен орда күйшілерін Алматыға алып келу, түрлі темперамент, түрлі жігер мен қайратты бір арнаға тоғыстыру оңай шаруа емес. Ол бүгінгі адамға бәрі өзінен-өзі туа салғандай көрінеді. Бүгінгі мәдениет бірнеше ұрпақтың қажыры мен ерлік ісінің нәтижесі десем артық болмас. Оркестр қалыптасты, ұлттық консерватория, ұлттық академия бой көтерді. Міне, ұлттық өнер осылайша орталықтанды. Кей-кейде ғылыми конференцияларға қатысуға тура келеді. Сонда ғылымға қатысы бары, қатысы жоғы бәрі бірдей кеу-кеулеп «олай ету керек еді», «былай ету керек еді» деп жатады. Ал енді сол көне мұраны жинаған кім? Сол академия мен консерваторияның жанынан ашылған фольклор кабинеттері емес пе?! Нота жазу жүйесін сынап жатады. Тыңдап отырып күлкім келеді. Бұның бәрі таза теориядан келген адамның, орындаушылықтың не екенін білмейтін, тарихи санадан жұрдай мәңгүрттердің шатты-бұтты әңгімесі. Өзіңіз қараңыз. Қазақ тарихы – ауыр тарих. Тіршілік үшін, жер үшін, ұрпақтың бақыты үшін тынымсыз күрес үстінде өткен тарих. Ел басына түскен кеп өнерлінің де басына келеді. Кешегі Құрманғазының бүкіл өмірі ат үстінде өткен. Біздің ұлттық мәдениеттің тағдырын жер бетінде ұқсасы жоқ тағдыр дер едім. Бізде, мысалы, күйшінің артында мұрагері қалмаса, өнері өзімен бірге көрге кіреді. Артық болар, кем болар ақиқаты - осы. Қолсозым жерде тұрған XIX ғасырды ғана білеміз. Ар жағы ше? Егер қазақ халқы отырық­шылықты ертерек игерсе, әнді, күйді, жырды хатқа түсірудің озық жүйесін меңгерген болса, кейінгі ұрпақ осындай қасіретке ұрынар ма едік? Кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда қазақ халқы рухани мәдениетінің жарымынан айрылыпты. Ал жер емшегін емген, жазба мәдениетті өрбіткен халықтардың бүкіл мұрасы мұрты бұзылмай қоймаларында сақтаулы жатыр. Осыдан кейін нота жазуына қарсы шыққандарға не дер едіңіз? Олай болса жазу атаулыдан бас тартайық. Жазушылар кітап жазбайтын болсын. Мектептер жабылсын, өйткені онда да жазуды үйретеді ғой. Әлі есімде, теоретиктермен болған, адамның зықысын шығаратын бір диспуттың кезінде марқұм Кенжебек Күмісбеков: «Айналайындар, олай болса, елге барып, кең даланың төсіне киіз үйді тігіп тастап жатпайсыңдар ма?» - дегені бар еді. Ұлтты тоздыратын кертартпалықты ұлы Абайдың өзі сынаған. Нота жазуын сынағыштар сол Абай атамыздан данышпан емес шығар. Айтарым, нота жазуы бүгінгі қазақты осы дәрежеге жеткізген, әлем мәдениетінің қайнар көзінен сусындатқан кириллица әліпбиіне пара-пар нәрсе. Сондықтан ешкімнің де кері кетуге, мәдениеттен бас тартуға хақысы жоқ. – Қазақтың музыка мәдениеті көптеген тарихи өткелдерден өтіп шыңдалған, өз ішіндегі мектептердің астасуынан нәр алған және іргелес жұрттардың өнерінен де сусындаған өте күрделі мәдениет. Алайда зерттеушілер арасында қазақ мәдениетінің құрамы мен түрлері жайында бір ауыздан мақұлданған пікір жоқ... – Тағы да айтайын, оның барлығы таза теория­лық мәселелер. Ал орындаушылардың бұл жайында өз пікірі бар. Бүкіл өмірін күймен өткізген адам ретінде айтайын, қазақтың музыкалық мәдениеті қазақтың тілі сияқты біртұтас құбылыс. Тек айту мәнері ғана әртүрлі: рухы ортақ, құяр арнасы бір. Мысалы, Батыстың музыкасын алыңыз. Мен бұл жерде Еуропа, Американы айтып отырмын. Қайсысын алсаңыз да, әйтеуір батыс екенін сезіп отырасыз. Неге? Өйткені рух ортақ. Қазақтың күйі де сондай. Ал рух ортақ болған соң, ол жерден жік іздеу де қиын нәрсе. Алтай мен Моңғолия, Қытай қазақтарының кейбір күйлері Құрманғазының күйлерін елестетеді. Дәулеткерей мен Динаның күйлерінде Арқа күйінің элементтері кездеседі. – Ал осы құбылыстың орындау­шылыққа әсері бар ма? – Шын домбырашы, музы­калық талғамы дұрыс қалып­тасқан домбырашы ешбір дәстүрді жатсынбайды. Өз басым «Пәленнің күйлерін ұнатпаймын, түгеннің күйлерін ғана тарта аламын» деген адамға сенбеймін. Өйткені пәленнің күйін ұнатпаған адам түгеннің күйін де тартып жарытпайды. Ондай адамды мен күйші деп есептемеймін. – Кейінгі кезде мектеп тазалығы деген проблема көтеріліп жүр ғой... – Мен бұны айта-айта жалыққанмын. Бірақ тағы да айтайын. Мектептің тазалығы деген ойдан шығарылған нәрсе. Мысалы, Рүстембек Омаровты алыңыз. Ол қазақта бар мектептің барлығын да меңгеруге тырысты. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Мәмен мен Сейтек – бәрін шебер тартатын. Бірақ «Рүстембек Тәттімбет күйлерін нашар тартады» деп ешкім де айта алмас еді. Өйткені ол Арқа күйлерін де бабына келтіріп орындайтын. Мен Рүстембек ақсақалдың осы қасиетін алдым. Менің репертуарым қазақтың күй мектептерінің көбін қамтиды. – Сіз жаңа орындаушылық мәнердің, тұтас мектептің басында тұрған адамсыз. Артық айтқаным емес, қазақтың күй өнерін әлемнің әйгілі сахналарында паш еткен адамсыз. Жат жұрттың, бейтаныс тыңдаушының алдына шыққанда нендей күй кешуші едіңіз? – Мен шетелдікті «шетелдік еді ғой» деп биіктетпеймін, қазақты «күнде көріп жүрген қазағым ғой» деп аласартпаймын. Тыңдаушы қай жерде болса да тыңдаушы. Әрине, жат жұрт сахнасының өз ерекшеліктері болады. Әуелі өнеріңнің оларға бейтаныс екенін ойлайсың. Артыңда тұрған еліңнің абыройын ойлайсың. Бірақ бұл сахнадағы микрофонның жанына барып, орындыққа отырғанға дейін ғана кешетін күйіңіз. Арықарай музыканттың күнделікті жұмысы басталады. Қазіргі орындаушылықтың ең басты шарты – орындаушы мен көрерменнің арасындағы байланыс. Байланыс алғашқы дыбыстан басталады. Яғни көрерменнің ықыласын алдамау керек немесе қарабайырлап айтатын болсақ, орындаушы сахналық сүйкімге ие болу керек. Бұл – бұлжымайтын заң. Себебі қазір көрермен мен тыңдаушының билік құрған заманы. Орындаушылықтың келесі шарты – көрерменді жалықтырып алмау. Ал бұл репертуардың жан-жақты бай болуына байланысты. Байқайсыз ба, осы жерде көрерменнің ықыласы мен өзіміз жоғарыда айтқан, домбырашының күй үлгілерін, күй дәстүрлерін көп білу жайы екеуі түйісіп тұр. Яғни бір түрлі ғана репертуар көрерменді жа­лық­тырып жібереді екен немесе басқа тараптан келіп айтатын болсақ, репертуардың бай болуы сах­налық мүддеден келіп шығады екен. – Ұстаздық қызметіңіз орындаушылық өнеріңізге кедергі келтірмей ме? – Жоқ. Сахнадағы артист көп нәрсені сол сәттегі көңіл-күйіне еріп, интуитивті түрде жасайды. Ал шәкірттерге көп нәрсені түсіндіру керек. Түсіндіріп отырып, өзің де үйренесің. Жоғарыда репертуар жайын айттық қой. Консерваторияның оқу бағдарламасы осы мүддеге бағындырылған. Төрт-бес жылдың ішінде домбырашы Қазақстан шегіндегі дәстүрлі аспаптық музыканың барлық мектептерін меңгеріп шығу керек. Оның сыртында шетел, Еуропа музыкасын, Қазақстанның кәсіби композиторларының музыкасын меңгеру керек. Осының арқасында болашақ домбырашы аса күрделі партитураларды оқып-үйренеді. Өрісі кеңейеді. – Қазіргі музыкалық педагогиканың басты мақсаты неде деп ойлайсыз? – Саналы, білімді орындаушыны тәрбиелеп шығаруда. Мен саналы деп бостан-босқа айтып отырған жоқпын, Бір нотаны қалдырмай ойнап шығатын музыканттар болады. Бірақ жүрегіңізге жетпейді. Неге? Өйткені ол жаттап алып ойнаған. Жанның жылуы жоқ. Ал саналы адам орындау кезінде қателесіп кетуі де мүмкін. Орындауы қайшылықты болуы мүмкін. Бірақ тебірентеді. Өйткені ар жағында күйді байыптай зерделеген сана жатыр. – Осы орайда орындаушылық талдау, интерпретация жайында айта кетсеңіз. – Интерпретация – бұзу деген сөз емес. Әрине, әрбір орындаушының интерпретацияға хақысы бар. Бұрынғы-соңғы белгілі домбырашылардың орындауын салыстырып көріңіз – бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірақ осылардың барлығын біріктіріп тұрған не? Күйдің мәтініне деген жауапкершілік. Жаңа буын домбырашылар аға буынның осы қасиетін алу керек деп, күй мәтінін құрметтеп үйрену керек деп ойлаймын. Міне, күйдің болмысын, мән-мағынасын толықтай түйсініп болғаннан кейін оны тыңдаушыға барынша терең етіп жеткізу бағытында жұмыс істей бастайсыз. Интерпретация дегеніңіз осы. Ырысбай ағамыз Құрман­ға­зы мен Дәулеткерей, Дина мен Жантөре күйлерінің қажырын ашып көрсету мақсатында темпті жылдамдатты. Тыңдап отырып осылай болу керек екеніне нанасыз. Дина әжеміздің үзіп, акцент қойып тартуының өзі бір жаңалық. Құрманғазының «Қайран шешем» күйінде қолды қақпаққа тигізбей сілтеме қағыспен қағады. Құлағыңызға боранның сарыны келеді. Осылайша мыңдаған мысал келтіруге болады. Шәкірт тәрбиелеу қиын да ізгі жұмыс. Өйткені біз бүгін тәрбиелеп жатқан ұрпақ ертеңгі қазақ мәдениетінің тұтқасын ұстайтын ұрпақ қой. Сіздің мәдениетіңіз ешкімнен кем болмау керек. Ұрпағыңыз белдесе кеткенде басқа жұрттың өнерпаздарынан кем түспеуі керек. Міне, педагогиканың барлық уақыттағы мақсаты. – Сіз көп жерде әділқазылық еттіңіз. Алдыңыздан өткен жас орындаушылардың шеберлігіне көңіліңіз тола ма? – Не айтуға болады? Бұл сауалыңа бірауыз сөзбен жауап беру қиын. Өзім сарапшы болғаннан бері алдымнан жүздеген орындаушылар өтті. Әрине, Қазақстан шегінде орындаушылықтың көңілге қонымды деңгейі бар. Сондай-ақ шеберліктің биік белесіне шыға бастаған орындаушылар да бар. Мысалы, бүгінде өздері де консерватория ұстаздары болған Айгүл Үлкенбаева, Рүстем Күлшебаев, сондай-ақ консерваторияның түлегі Сәния Ерғалиева, Салтанат Құдайбергеноваларды үлкен домбырашылар қатарында атай аламын. Бір күні бір теоретик: «Қазақтың байырғы музыкалық педагогикасы Құрманғазы мен Тәттімбетті, Дәулеткерей мен Қазанғапты, Сейтек пен Динаны берді. Ал қазіргі педагогика не берді?» - деп сауал қойды. Сонда мен: «Атадан асып туған бала алдымызға келсе, оның болашақ Құрманғазы екенін тануға біліміміз де, кісілігіміз де жетеді, құдайға шүкір. Олар бар және болады да.» - деп жауап берген едім. – Қазіргі үлкен проблеманың бірі музыканттарды аспаппен жарақтандыру екенін білесіз. Осы орайда домбыра және жалпы ұлттық музыка аспаптарын жасайтын шеберлер жайында не айтар едіңіз? – Иә, бұл – проблеманың ең үлкені. Кезінде консер­ва­торияның жанынан ашылған эксперименталдық шеберхана жақсы бағыт алған еді. Э.Романенко домбыра жасайтын, Бақытжан Байқадамовтың ғылыми кеңесшісі болатын. Мен шеберханада иллюстратор, яғни аспапты ойнап, сын айтатын маман болып жұмыс істедім. Мақтанғаным емес, осы күні тартылып жүрген сайдың тасындай аз тамаша аспаптар менен жолдама алып аттанған еді. Қазір ол шеберхананың жұмысы әлсіреді. О баста қазақ аспаптануының (инструментоведение) орталығына айнала ма деген үмітпен ашылған еді ғой. Ал енді шеберлер жайына келейік. Қазақта үлкен шеберлер бар. Шеберлер жасаған аспаптар қай жағынан алса да мінсіз. Мысалы, Оспанов Жақсылық, Мұса Әділов, Жолаушы Тұрдығұловтарды мен осындай шеберлер тобына жатқызамын. Айтар сыным: қазақтың көп шеберлері ағаш таңдай алмайды. Мысалға Батыс Еуропа немесе мына тұрған Ресейдің шеберлері жасаған скрипканы алыңызшы. Ағашы текті. Бояуы текті. Жасалуы текті. Ән салуға сұранып тұр. Көрдіңіз бе, сахнадағы артистің ұнамды бейнесінің дені осы аспаптың сұлулығына тәуелді екен. Біздің шеберлер осыны түйсінуі керек. Ол үшін ең әуелі Эммануил Романенко, Ғинолла Исмағұлов сияқты шеберлердің технологиялық сырын меңгеріп, ары қарай дамыту керек. – Жаңа ғасыр табалдыры­ғын­да ізіңізді басқан інілеріңізге нендей тілек тілер едіңіз? – Баяғыда Дәулеткерей қызыл­құрт руына сұлтан болып тағайындалып келгенінде, ең әуелі абақтыда жатқан дәулескер күйші, бұл кезде қартайып қалған Мүсірәліні іздеп таптырыпты, алдына алдырып, қолындағы кісенін шештіріп, домбыра шерткізіпті. Бұл кезде Дәулеткерей халыққа танылып, Бапас күйші атанған кезі. Сонда да «мен сондай едім ғой» деп дандайсымапты, кемеліне келген күйші болса да, басқадан үйренуге намыстанбапты. Мен жас ұрпаққа сол Дәулеткерей аталарыңдай болыңдар, өнерді, өнерліні сондай құрметтеңдер, үйренуден жалықпаңдар дер едім. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ