«Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасының жобасы талқыланды

1Жақында Азат Перуашевтың төрағалық етуімен Алматы қаласында Қазақстан халықтық демократиялық «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Оған облыстық филиалдардың жетекшілері, партияның Орталық кеңесінің мүшелері мен белсенді азаматтар қатысты. Жиында күн тәртібіндегі партияның жаңа негізгі саяси бағытын анықтайтын жоба талқыланып, ұйымдастыру және өзге де мәселелер қаралды. «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бөріхан Нұрмұхамедов өз баяндамасында партияның жаңа жобасы бүгінгі елдегі саяси және экономикалық жағдайларды ескере отырып жасалғанын атап өтті. Партияның саяси бағдарламасы өміріміздің бар қырын қамтыған деп айтуға болады. Алдымен қазіргідей сын-қатерлі, қарама-қайшылықтарға толы кезеңде ұлттық тәуелсіздігіміз біздің басты құндылығымыз ретінде алдыңғы орынға қойылған. Азаматтарымыздың күш-жігерін біріктіріп, жағымсыз жағдайларды жоя отырып, Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңа кезеңге өтуге қол жеткізу – бағдарламаның басты бағыттарының бірі. «Ақ жол» «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары ретінде ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғалардың құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықтық экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы мәселелері жобада маңызды орын алады. Сол сияқты мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін, жергілікті өзін-өзі басқаруды қалыптастырып, азаматтық қоғам мен оның институттарын дамыту, мәслихатттардың рөлін арттыру да көзделген. Адам капиталының сапасын және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру – бүгінгі басты мақсаттардың бірі. Ол үшін еңбек ресурстарын нығайта отырып, халықты әлеуметтік жағынан қорғау қажет. Бұл тарауы көп күрделі сала. Халықтың тұрғын-үй жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, білім және ғылымды жоғары деңгейге көтеру сияқты көптеген мәселені қамтиды. Осының бәрі партия бағдарламасында көрсетілген. Бүгіннің өзінде «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлікті дамыту жолында Үкімет басшысына сауалдар жолдап, осы саланы көтеруге көп ықпал жасап келеді. Жаңа жобада кәсіпкерлікті қолдауға қомақты орын берілген. Партия төрағасының ұсынысы бойынша осы жоба толықтырылып, партия мүшелері арасында референдум өткізілмекші. Көпшіліктің қолдауы бойынша жоба партияның жұмыс жоспарына айналады деген сенім бар. Отырыста партия төра­ғасының орынбасары Қазыбек Иса жобаға отарсыздандыру идеясын енгізу туралы ұсыныс жасады. Партияның Орталық кеңесінің хатшысы Сәбит Байдалы да Алаш идеяларын қорғау, оның тарихына жаңа көзқарас қалыптастыру керектігін айтты. Жиналыста сөз сөйлеген Ақтөбе, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және де өзге облыстық филиал жетекшілері аймақтадағы жағдайларды баяндап, жобаға енгізер өз ұсыныстарын жеткізді. Отырысқа қатысушылар «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасының жобасын бірауыздан мақұлдады. Жиналыс соңында партияға мүше болып өткен азаматтарға партия билеті салтанатты түрде тапсырылды.