Дос КӨШІМ, саясаттанушы: «ФАШИСТЕРГЕ «АҢЫЗ АДАМ» ТАПТЫРМАС ҚҰРАЛ БОЛДЫ»

03-Koshim – Дос аға, қазір немен айналысып жүрсіз? – «Самұрық-қазынаның» жанынан әлеуметті зерттеу тобы ашылғаны өздеріңізге белгілі. Халықтың өмірінде кездесетін қарама-қай­шылықтар, болуы мүмкін қақтығыстардың алдын алу мақсатында зерттеу жүргіземіз. Ірі компания­лардың жұмысшы­ларына не жетпей жатыр, қандай өзгерістер бар, талаптары орындалып жатыр ма деген сұрақтарға жауап іздейміз. – Сіздің ойыңызша, жұмысшылардың арасында ушығып тұрған ең негізгі мәселе не? – Қазіргі таңда екі мәселені шешу керек деп ойлаймын. Ол–жалақының тұрақты түрде, өз уақытында берілмеуі, екіншісі, жалақыны көтеру мәселесі. Мысалы үшін, басшылар өз қоластындағы жұмысшыларға келісімшартты дұрыс таныстырмайтын сияқты. Егер белгілі бір мекеменің бюджетін, жеткен жетістігін ақпарат ретінде жаңа келген жұмысшыға басшылық таныстырып өтсе, келіспеушіліктің алдын алуға болатын секілді. Бәлкім осындай жағдайдан соң, жұмысшылар басшылыққа талап та қоймайтын шығар. Егер мекеменің өнімі төмендеп кетсе, жұмысшылар өздеріне басқаша сұрақ қоюы да мүмкін. Сондықтан ақпарат нақты болуы керек деп ойлаймын. – Жуырда Ресей Сырт­қы Істер министрі Лавров, Жириновский секіл­ді шенеуніктердің Қазақ­станның тұтастығына қарата айтқан сөздеріне байланысты мәлімдеде жасағаны белгілі. Ол Қазақстанға қарата айтылған осындай сөздерге ұялатынын жеткізген еді... – Менің ойымша, кез келген саясаткер өзінің пікірін айтуға құқылы. Кейде олар «бұл менің жеке пікірім» деп айтады немесе «бұл ресми пікір» деп мәлімдейді. Менің ойымша, Жириновскийдің айтып жүрген сөздері ол оның жеке пікірлері ғана. Сондықтан да Лавров «Сыртқы саясатты біз жүргіземіз, біздің сөзіміздің ғана жаны бар» деп отыр. Бұл дұрыс айтылған пікір. Мысалы үшін кешегі «Аңыз адам» журналы жөнінде дау шыққан кезде, қазақ қоғамы дүр сілкінді. Ресейдің Қырымды аннексиялауы ол мойындалған дүние. Сондықтан да Ресейден белгілі бір қауіп күту ол – объективті пікір деп ойлаймын. Менің ойымша, Қазақстанға қарата айтылатын кез келген пікір бізді қамшылайтын сияқты. Менің қолымда болса, мен әр апта Жириновскийге ақша төлеп, қоғамды қамшылатушы едім. Өйткені, біздің қоғам көп жағдайда ұйықтап қала беретін секілді. Мысалы үшін Ресейдің соңғы жылдағы идеологиялық жұмысы ол бұрынғы тоталитарлық кезеңге қатты ұқсап кетті. Сондықтан да бізде Ресейге қатысты көзқарас осындай болып отыр, сенімсіздік міндетті түрде пайда болары сөзсіз. – Сіз қазақ халқы ұйықтап қала беретін секілді деп айтып қалдыңыз. Бізді міндетті түрде біреу осындай тәсілмен ұйқыдан оятып тұру керек пе әлде, бізде осындай ауру бар ма? – Бізде белгілі бір нәрсеге сенімділік бар сияқты. Қарап отырсаңыз, қаншама ғасырлар өтсе де, біз сол бесігімізді, домбырамызды жоғалтпаппыз. Біз осындай өзекті нәрселерді ұстап тұрған соң, біз бәрібір осылардың маңына топтасамыз, түбі бәрін жеңеміз деген сияқты сенімділік бар. Осындай үлкен бір рухани күшімізге сенетін сияқтымыз. Бірақ бұл он тоғызыншы ғасыр, қазір жиырма бірінші ғасыр. Бүгінгі таңда бос белбеулік бізге жараспайтыны анық. «Мың өліп, мың тірілген қазақпыз» ғой, бізге ештеңе бола қоймас деген кең қолтықтық әлі де бар. Бірақ заман өзгерді. Сондықтан да біз «ерте айқайлауымыз» керек. Міржақып Дулатовтар осыдан бір ғасыр бұрын айқайлады ғой, қарасаңыз, түбі жеңіппіз, ұйықтап жатып тәуелсіздік алған екенбіз ғой. – Шетел қазақтарының Қазақстанда азаматтық алуы бір жылға дейін қысқартылғаны белгілі. Биліктің осындай шешімі нені аңғартады? – Билік осы мәселеге байланысты үлкен қателіктерге жол бергендігін мойындаған сияқты. Қазақстанның 1991-1993 жылдары алған қойған мақсаты мен бүгінгі мақсаты бір-біріне сай келмейтіндігін түсінді. Сондықтан осындай өзгеріс енгізді. Менің ойымша, бір жылдың өзі қандастарымыз үшін үлкен мәселе. Егер үш ай ішінде азаматтық алатын болғанда, мен қуанатын едім. Бір жыл дегеніңіз бәрібір ұзақ мерзім. Қандастарымыздың бір жыл құжатсыз жүруі ол – үлкен қасірет дер едім. – «Аңыз адам» журналы төңірегінде үлкен даудың туғандығы жөнінде хабарыңыз бар. Ресейдің ақпараттық саясаты осындайда көрініп қалған сияқты... – Қазақтың ұлтшыл­да­рына фашистік тұрпат беру ол баяғыдан келе жатқан мәселе еді. Алайда, біз ешқандай жерде оларды «агрессор, колонизатор» деп жазған жоқпыз. Ал, оны айтпаған соң, олар ашулана түседі емес пе?! Ал орыстарға «правый сектор» деген жақсы болды. Олар Ресейдің идеологиялық құралына айналып үлгерді. Бізді ондайға айналдыра алмаған соң, тырнақ астынан кір іздеу секілді мәселелер көбейді. Осыдан үш жыл бұрын антифашистік бір ұйым құрылған еді. Ол кімге қарсы деп сұрадық. Қазақтың фашистік ұйымдарына қарсы деп жауап берген еді. Қысқасы, бұл «тыраштанып» жоқ нәрсені қолдан жасауға тырысу болып табылады. Осындай заманда «Аңыз адам» оларға таптырмас құрал болды. Жарылқап Қалыбайдың өткен жылдағы ұшақтағы уақиғасы мен бүгінгі дау-дамайы нені көрсетеді? Олар «міне, бұлар бұзықтар, фашистер» деп көрсету сияқты болып көрінеді маған. Олар тіпті, журналды оқыған да жоқ. Сондықтан бұл дау-дамайды біреу әдейі ұйымдастарған деп ойлаймын. Менің «Абай.кз» сайтына бір пікірімді беріпті. Олар «Жарылқап Қалыбайдың фашизмді жариялаған журналына фашистер қарсы шықты» деп жазыпты. Сондықтан олар Жарылқап Қалыбайдың журналын саяси технология ретінде пайдаланып жатыр деп ойлаймын. «Аңыз адамның» мақсаты тек жақсы адамдарды ғана көрсету емес, ол тарихта болған жақсы тұлға ма, жаман тұлға ма соған байланысты мәселелердің бәрін көрсету болып табылады. Біреулер мұны 9 мамырға байланысты шығарылған мәселе деп қабылдайды. Жоқ, ол Қырымдағы мәселеге байланысты пайда болған дау-дамай деп қабылдаймын. Олардың қытығына тиген ең негізгі мәселе - Путин мен Гитлерді салыстыру болып отыр. Сондықтан Қазақстанның Ресей алдында Жарылқап Қалыбайды ұстап беруі, Кремльге ақталу сияқты көрініп отыр. Бұл жерде ондай деңгейге бармау керек еді, қоғам өзі шешуі қажет еді. Менің ойымша, бұрынғы кеңес өкіметінің құрамында болған мемлекеттер Ресейдің Қырымды аннексиялауын қатаңырақ көтеруі керек. «Біз сендерге ешқашан бағынбаймыз, сендердің іс-әрекеттеріңді қолдамаймыз, бұл біздің де басымызға келуі мүмкін» деп өз ұстанымдарын айқын көрсетуі керек еді. Солай айтқанда, Путин аяғын тартушы еді. Егер оны қолдайтын болса, ол өзінің мақсатын жеңіл іске асырады. Сондықтан біздің мемлекетіміздің осындайда ұстанған саясатын мен қолдамаймын. Қате саясат деп түсінемін. – Сіздің ойыңызша, бүгін қазақтың басын қандай идея қосуы мүмкін? – Оны Елбасымыздың өзі айтты. Президент «Тәуелсіздік – біздің басты құндылығымыз» деп талай айтқан. Бірақ тәуелсіздікті халық қалай түсінеді, билік қалай түсінеді деген мәселе. Ұлттық мемлекеттің белгілі бір шарттары болады. Біз ұлттық мемлекет құра алмадық. Егер Еуразиялық Одаққа кіріп тілімізден, ақшамыздан айырылатын болсақ, тәуелсізбіз деп айта аламыз ба? Сондықтан биліктің көзқарасы мен халықтың тәуелсіздікке байланысты түсінігі бірдей емес. Мен бұрын «Мызғымас ұлттық мемлекеттің мызғымас шарттары» деген мақала жазған болатынмын. Алаш қайраткерлерінің алдына қойған мақсатына біз жеткен жоқпыз. Соңғы жылдары Н.Назарбаевтың «Қазақ елі» боламыз» - деп ресми түрде бірнеше жерде айтқаны бар. Ал, шындығында бізде ұлттық мемлекеттің ескі шарттары орындалған жоқ. Тек қана 1991-1993 алғашқы жылдары эмоциямен, күшпен «Көші-қон» туралы заңның пайда болғаны, мемлекеттік тіл туралы әңгімелердің күшейе түскен кезеңі еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық мемлекет құрамыз деген идеялардың болғаны рас еді. Алайда, аяғы құрдымға кетті. Осындайда қазақты бір-ақ нәрсе көтереді. Қазақты сөз көтереді. Біз жалпы сөзге тоқтайтын халықпыз ғой. Қазақтың ерекшелігі сол. Бізде әлеуметтік мәселелер бірінші орында емес, бізде ұлттық мәселелер бірінші орында екендігі сөзсіз. Мысалы, теңгенің құнсыздануы бізге онша маңызды болмауы мүмкін, алайда, қазақ тілі, оралмандар жайы негізгі орынға шыққан. – Кейде әлеуметтік же­лілерде «мына жігіт қазақты же­тектеп жүре алатын жігіт екен немесе мынау адам ха­лықты ұйымдастыра алатын адам, қазақ осыған еруі керек» деген сияқты пікірлер жүреді. Сіздің ойыңызша, қазақты міндетті түрде біреу жетектеп жүруі қажет пе, біз өз басымызды алып жүре алмаймыз ба сонда? – Сіздің жетектеп жүру дегеніңіз ұйымдастыру қабілетіне байланысты айтылған шығар. Халыққа жол көрсететін, тығырықтан шығатын шешімдері мен пайдасын тигізетін жігіттер жоқ емес, бар. Әрине, жеке адамдар халыққа ой тастайды, халықты ұйымдастырады, сөз сөйлейді. Қазақ әрқашан бір батырға, әділ ханға басын иген, оған сенген. Бұл қазақтың ерекшелігі ме әлде, Азияның халқы осындай ма... Біз әруақытта ақылды адамның айтқанын мойындаймыз. Женген де, жеңілген де, бір-бірін мойындайды. Ақылды адамдар жетекші болса екен деген сөзді көп айтатындығымыз сондықтан. «Менің ақылым болса, бес адамға жарайды ғой, мың адамға жарайтын ақылы бар адам бар екен мына жерде» деп айтатынымыз бар. – Сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет! Сейілбек Асан