ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДЕГІ «СПОРТСМЕНДЕР»
2014 ж. 27 сәуір
1807
0
Алматы... Ару қала... Мұнда байды да, кедейді де, жақсыны да, жаманды да кездестіреміз. Шудан шаршаған адамдар, «пробкадан» «майы» таусылып сабылысқан көліктер...
Жақында құрбым үйіне қонаққа шақырды, қаланың сырт жағында тұратын еді. Сабақтан шыққан біздер «Саяхаттағы» автобус бекетіне бардық. 5 минуттай күткен едік маңдайшасында 351 деген таңбасы бар автобус та келіп тоқтады. Белгісіз жаққа асыққан адамдар бірін-бірі итеріп, кейде ұрсысып жатты, арасында ғайбат сөздер де естіліп қалады. Бірінші болып кіріп, жайлы орын алуға тырысып жатыр-ақ, әйтеуір... Жасы 70-терге таяп қалған ақсақал да ішке кірмекке ұмтылуда, бірақ оны елеп жатқан ешкім жоқ. Таяғын әрең тіреп, көлік баспалдағынан көтеріліп жатқан қарияға артынан «тез болсаңызшы, сізден де басқа адамдар бар», «туф, басқалар орынды алып алатын болды ғой», «дірілдемей тез көтерілмей ме?» деген «мылқау» үндер шығып жатты. Қария барлығын естіп кеудесі езіліп жатса да, естімеген кейіп танытып шет жақтағы орынға барып жайғасты. Әлдебір жерден шаршаңқы күймен шыққан жандар автобусқа отырған соң әлгіндегі шапшаңдық, жаңағы сөзшеңдіктен арылып тыныштық күйге ауысты. Арасында әлсін-әлсін есінеген дауыстар естіледі. Біз баратын «Алексеевка» деген жерге дейін жол жүру құны 100 тенге, ал одан ары қарай Есікке баратын болсаңыз үстіне тағы 50 теңге қосып береді екенсіз. «Бағасы аса қымбат емес екен ғой» деп ойладым ішімнен. Құрбым екеуіміз ұялы телефонға телміріп отырғанда әлгіндегі қария орнынан ақырын қозғалып есікке қарай жылжыды. Басымызды бір көтеріп қана қойып, қайтадан телефонға «кіріп» кеттік. Қария кондуктарға бірнәрсе деп сыбырлағаны сол-ақ екен, кондуктор ашуланып кетті. «Сенде ұят бар ма, өзі? Неге басқалар 150 теңге төлейді да, сіз 100 төлейсіз? Олай болмайды, шал басыңызбен ұялмайды да екенсіз! Осы жерден түсесіз»,- деп, қарияны желкеден алды. Өлі тыныштықта болған көлік іші ұйқыдан оянғандай болды. Сөйтсек, атамыз Есікке баратын болып, оған 50 теңгесі жетпей тұрған көрінеді. Ал, кондуктор «жетпесе неге мінесің?» дегендей желкелеп «Алексеевкадан» түсіріп тастамақ болды. Іштегі адамдар шулап кетті. Кондуктордың тарапына түрлі қарғыс сөздер де «ағылып» жатты. Кейбіреулер атаның орнына ақшасын төлемек болып еді, әлгі кондукторды ұят қысты ма, әлде халықтың қаһарынан қорқып кетті ма, әйтеуір ақшаны алмады. Ашуы басылмаған үнмен «отыра беріңіз» деді. Бірақ, қария кісі намыстанып кеткен болуы керек, «мен жай сұраған едім» деді де, келесі аялдамадан түсіп қалды... Иә, дәл солай! Қақаған аязда кеудесінде медальдар жылтыраған қария, қалтасында көк тиынсыз далада қалды. Көлік іші тағы да тыныштық күйге көшті, бірақ бұл жолы тынығуды ойлап емес. Бұл жағдайдан әркім әртүрлі ой түйгені анық... Олар біздің болашағымыз үшін жандарын қиюға барды, ал біз пақыр тиынға бола ақсақалдарды осынша қорлағанымыз ба? «Қариялар-біздің басты қазынамыз» дейміз. Сонда «қазынаға» көрсеткен құрметіміз осы ма? Заң заңымен, ал адамшылықты қайда қоямыз?
Қоғамдық көліктердегі келеңсіз оқиғалар мұнымен бітпейді. Бірде сабаққа асығып бара жатып, 118 нөмірлі автобусқа міндім, жасы 50-лерге таяп қалған көлік жүргізушісі ішіне адам емес, дүние салып алғандай айдады келіп. Адамдар әрең түсіп үлгеріп жатыр...Сол күні кондукторы болмаған соң артқы есікті ашпай, тек алдынан мінгізіп, түсіріп жатыр. Мен мінгенде іші лық толы сияқты еді, адам қарасы азайып келе жатыр. Жасы 60-тарға таяп қалған, бір-біріне ұқсайтын 4-5 әжей мен сол шамада жастар отыр. Төле би мен Достық көшелерінің қиылысынан түспекші болған мен есікке қарай адымдадым. Мені ақша төлейді деп ойлаған болуы керек, жүргізуші оң қолын созды. Мен қалтамнан түспейтін студенттік билет пен жол жүру билетін көрсетіп едім, әлгі аға «Осы студенттер бәле болды» деп бастап, аузына келгенді айтты. «Алла нәсібіңізден айырмасын» деген сөзіме одан да бетер ашуланып, «нәсібеден айырып жүрген мына сендей студенттер» деп, мен түсетін аялдамадан тоқтамай, келесіден бірақ тоқтады. Көлік іші үнсіз қалды... Тек бір әжейдің ғана «өзіңіз студент болып көрмедіңіз бе?» деген сөзі әлсін шықты. Қазақтың ағам дейтін азаматтарынан осындай әрекетті күтпеген мен түскен соң еріксіз жылап жібердім... Расымен, кондукторлардың студенттерге қырын қарайтынын бәріміз білеміз... Намыстарына тиетін сөз айтып, бірнәрсе дей қалса «жұлып жеуге» әзір тұрады. Әрине, кешке дейін түрлі адамдар болады, жолда түрлі жағдайлар болады. Жүйкеге әсер ететіні рас, бірақ сол арқылы нанын тауып жеп отырғаннан соң міндетін дұрыстап атқаруға тиісті емес пе? 65 нөмірлі автобуста жасы 40-тарға таяп қалған кондуктор ағай бар. Кірген қыздардың бәріне дерлік тисіп, бастан аяқ көзімен шолып шығады. Өзің ұялып кетесің... Мүмкіндігінше арт жаққа «тығылып» қалуға тырысасың. Өзінің қарындасы жоқ па екен? Қызы болмай ма екен? «Әр елдің бір тентегі болады» деуші еді... Ақтап алайын десең, мұны тентектікке де жатқыза алмайды екенсің... Неге осындай ұятсыздарды ортамызда тайраңдатып қоямыз? Сонда бұларға қой дейтін «қожасының» болмағаны ма? Әрине, жалпыға күл шашқаным емес. Дәл сол 65 нөмірлі автобуста өте бір мейірімді ару бар. Қателеспесем жасы 25-ке жетер-жетпес шамада болса керек. Қарияларды қолтықтап кіргізіп, жастарға жылы жүзбен қарайды. Сол жанның автобусына асығамыз да тұрамыз. Бәріміз...
Шешенстан республикасындағы мына көлік жүргізушісінің әрекеті баршамызды таңдандырғаны рас. Мұса Даваев атты көлік жүргізушісі өзінің автобусына мынадай жазуы бар қағаз іліп қойған екен: «Бұл Аллах разылығы үшін жасалды. Қарттарға, балаларға және мүгедектерге сонымен қатар ақшасын ұмытып кеткендер мен ақшасы жоқтарға ЖОЛ ЖҮРУ ТЕГІН. Сонымен қатар жерлеуге, зиярат басына ,рузманға (бес уақыт намаз), ауруханаға бара жатқандарға, және қажылық жасағандардың барлығына, ЖОЛ ЖҮРУ ТЕГІН. Және ешкімге ешнәрсені түсіндірудің қажеті жоқ, шыға беріңіз».
Ал, ендеше салыстырып көріңіз... Қазір лажы болса кондукторға емес, валидаторға ақша төлейтін көліктерге мінуге тырысатын болдым. Мен ғана емес... Уақыты болса бәрі күтіп тұрады. Аялдамада тұрғанда қоғамдық көлік келіп қалса, «қойшы, кете берсін, уақыт бар ғой, «электричкаға» мінемін» дегендерді көп еститін болдым. Сонда кондукторлардың қадірі қалмаған ба деп қаламын... Жолаушыларды жұлқып мінгізіп, итеріп түсіретін «спортсмен» кондукторлардың бұл әрекеттеріне кім, қашан тосқауыл қояр екен?.. Не де болса, адамшылық кейпімізден арылмасақ екен...
"Жас қазақ" газеті, Балнұр Қожагелді