Вундеркинд бала қоғамның бағы ма, соры ма?
2014 ж. 25 сәуір
5030
1
Алдыңғы жылдары Қарағанды қаласындағы 2 жасар вундеркинд бала жайлы хабар таратты. Қатарынан асып туған Артем Морозов ағылшын алфавитінің 26 харіпін жатқа біліп, компьютерде жаза алады екен. Әлі ойын баласы саналатын Артем ойыншық атаулыдан бас тартып, компьютермен көбірек әуестенетін көрінеді. Таң қаларлығы балдырған 7 айында сөйлеп кетіпті. Бір жарым жасында кириллицаның күллі қарпін танып, 100-ге дейін санай білген. Айналасындағыларын таң қалдырған таңғажайып баланың аяғына тұсау болып отырған кедергілер де жоқ емес екен.
Вундеркиндтің анасы Татьяна Морозова: «Біз дарынды балаларды оқытатын орындарға барып көрдік. Бірақ, біздің қалада мұндай жасы кіші баланы ешкім қабылдамайды. Негізінен, ағылшын тілі мен шет тілін балаларға 4-5 жастан бастап қана оқытады екен» деп отыр. Ия, елімізде мұндай заманынан асып туған вундеркиндтер көп емес. Бірақ, баршылық. Ерте оянып, қатарластарын артта қалдырған мұндай кермет балаларды ең бірінші кезекте мектепке қабылдау мәселесі шешілмеген. Қайда барса да, олар үшін білім ошақтарының есігі жабық. Оған мысал... Шымкенттік Айдын есімді қыз бала 4 жасында-ақ оқу, жазуды, есептеуді шемішкеше шағып, мұғалімдерді таң қалдырған болатын. Көбейту кестесін көзін жұмып зуылдататын Айдынды мектепке қабылдаудан бас тартқан. Қалада бірінші сыныптан бастап қабылдайтын дарынды балаларға арналған мектеп жоқ болып шықты. Ал, бүкіл бірінші сыныптың бағдарламасын меңгеріп алған керемет баланы екінші сыныпқа қабылдай қоюы да екіталай екен. Мұның себебін білім басқармасындағылар білім туралы заңмен түсіндіреді. Орта білім ошақтарына 6 жастан бастап қабылдау керектігін алға тартады. Болды, бітті. Қатарластарынан озып туса да өз деңгейіндегі «қатарластарынан» қалып қойғанына қоғам кінәлі ме?
Бұл мәселе жуық арада шешімін табатынға ұқсамайды. Еліміз вундеркиндтер тасқынының астында қалып отырған жоқ. Дегенмен өз қатарынан бір бас озық туғандардың тағдыры тасада қалып кете береді... Ал, еліміздегі «Дарын» мектептеріндегі оқушылардың барлығын да вундеркинд дей алмайсыз. Бірақ, олардың қатардағы қарапайым мектептердегі оқушыларға қарағанда білім сапасы да, қабілеттерінің жоғары екені рас. Вундеркиндтерді 2-4 жасынан бастап оқыту мәселесін осы бастан қолға алу қажет сияқты. Білім басқармасындағылар мұндай балаларды лицейге, гимназияға беруге болады дейді. Тағы да бір бірағы бар. Сол баяғы стандарт бойынша 6 жастан бастап қабылдау деген алдыңыздан шығады. Интеллектуалды мектептің өзіне де алты жас деген асу бар. Бұдан бөлек мектепті аттап бітірген балалардың жоғарғы оқу орнына түсуі де қиямет қайым. Мәселен, осыдан 22 жыл бұрын 14 жасында студент атанған Арыстанбек Нұрмахановтың аты әлемге әйгілі болған-тұғын. Жиырма жасында ғылым кандидаты атанған «Алтын баланы» институтқа қабылдау жағы да оңайға түспепті. Әзер дегенде түскен ғой. Сол сияқты бүгінгі вундеркиндтерге барынша жағдай жасау жағы қарастырылса игі еді…
Англиядағы Итон және Хэрроу мектептеріне баланы 6 жастан беру кешігу деп есептелінеді. Бұл мектептерге бала туыла салысымен кезекке тұру керек. Осындай Элиталы мектеп-пансиондарға шетелдіктер үшін квота бөлінеді. Қабылдана қалған күннің өзінде балаға өте қиынға соғады. Британдық жабық мектептерде тек вундеркиндтер ғана оқи алады. Озық ойлы балалардың мемлекеттің байлығы екеніне жапондықтар әлдеқашан-ақ көз жеткізген. Ол үшін қыруар қаржыны да аямайды. Ал, Израильде вундеркиндтерді оқытатын арнайы жабық мектептер бар. Әрі ол мемлекеттік құпияға жатады. Сондықтан да ондағы оқу бағдарламасы туралы, оқытушылар туралы мәлімет алу мүмкін емес. АҚШ-та «алтын балаларға» арналған арнайы жүйе жұмыс істейді. Ондағы «brain drain» («утечка мозгов») «милар ағысы» деген сөз негізі АҚШ та пайда болған. Англияда «Ұлттық биография сөздігі» жыл сайын жарияланып тұрады. Онда вундеркиндтердің арасынан жарып шыққан жарық жұлдыздардың есімі жарияланады. Онда 1030 аты аталған ұлы адамдардың 292-сі вундеркиндтердің арасынан шыққан. Ал, Францияда 287 ұлы адамдардың 231-і 20 жасқа жетпей-ақ ірі жетістіктерге қол жеткізген. АҚШ-та 282 дарынды балалардың өміріне зерттеу жүргізгенде белгілі болғаны олардың 105-і таңғажайып нәтижелерімен таң қалдырған. 1989 жылдан бері Мәскеудегі Ресей білім Академиясының Психология инститиутында вундеркинд балалармен жұмыс істейтін арнайы зертхана ашылған болатын. Соның арқасында дарынды балаларға арналған мектептер ашылды. Онда балаларды 5 жасынан, кейбірінде тіпті 4 жасынан бастап қабылдайды. Башқұртстанда вундеркиндтер банкі құрылған. Мұнда бүгінде бес жарым мыңнан астам фамилия тіркелген. Шетелдіктер вундеркиндтерге барынша жағдай жасауда. Расында оның нәтижесін де көріп отыр. Ал, бізде бұл жағына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Білім және ғылым минстрлігі жыл сайын реформалаудан көз ашпай келеді. Бірақ онда осы вундеркиндтерге арналған бірде-бір пункт жоқ. Әрдайым назардан тыс қалып кете береді. Қоғамның қоры болып саналатын «алтын балаларға» қашан жағдай жасаймыз? Қолда бар алтынның қадірін кеш түсініп жүрмейік...
Жанар ӘУЕЛБЕКОВА, психолог:
– Қабілеті жоғары балабақша жасындағы вундеркиндтердің оқу бағдарламасын меңгеріп кететіндей күш-жігері бар ма соны тексеру керек алдымен. Аса дарынды болса да жасы кіші баланың 45 минут бойы сабақта тапжылмай отыруы физикалық жағынан қиынға соғып жатады. Тіпті 1-сыныптың бағдарламасын толық меңгерген күннің өзінде сол сыныпқа апарып отырғызса ол тез жерініп, оқуға деген, білсем деген құштарлығын жоғалтады. Сондықтан да олардың бір жақты дамып, екінші жағынан кембағал болып қалмауын қадағалау қажет. Оның физикалық, физиологиялық даму процестерін уақытынан бұрын асықтыруға болмайды. Құштарлығымен қатар қоршаған ортамен үйлесімін жоғалтпай жетілуіне күш салу қажет.
Вундеркинд-анықтама
Вундеркинд сөзін неміс тілінен аударғанда «керемет бала» болып шығады. Қосымша синонимдермен әспеттегенде «жарақатты бала», я болмаса «жарақаттанған балалық шақ» деп атауға да болады. Шын мәнінде ол балалар өздерінің ерте оянған қабілеттері үшін қоғамнан, ересектерден көп «таяқ жейді» екен.
Вундеркинд-тарих
Өзінің теңдесі жоқ таңғажайып қабілетімен тарихта қалған вундеркинд-бала 1921 жылы Германияда туылған. Кристиан Фредерик Гейнекен 8 айлығында ересектермен тең дәрежеде сөйлесетін болған. Екі жасында Інжілдің тармақтарымен танысып шығып, үш жасында жатқа айтқан. Құртақандай 3 жасында тарих пен географиямен айналысып, латынды меңгеріп, французша оқитын болған. 4 жасында бала өзінің о дүниелік болатынын болжаған. Өкінішке орай, рас болып шықты. Ал, 1963 жылы кореялық Кимді дүние жүзі тамсанып айтатын болды. Таңғажайып бала 4 жасында интегралды есептеулерді қиналмай шешкен. 6 жасқа дейін 4 тілді еркін меңгерген. Оның интеллектуалды көрсеткіші ІQ 210-ға жеткен. Ол дүниеге келгенге дейін мұндай көрсеткіш 200-ден жоғары болуы мүмкін емес деп есептелінген екен.