Алматының ең көкейкесті мәселесі
2014 ж. 23 сәуір
2435
0
Әрине, бұл заңды құбылыс. Қоғамның дамуы, өркениеттің көшіне ілескен халқымыз жақсы өмірді қаладан іздейтіні аян. Осы тұрғыдан алғанда, әу бастан-ақ арман болған Алматы урбанизация үдерісінің тап ортасында тұр. Әлеуметтік даму барысын зерттеушілердің болжамы бойынша, 20-30 жылдан кейін Қазақстандағы ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағы 65-35 пайызды құрайтын көрінеді. Қазір бұл көрсеткіш Ресейде –72, Беларусь, Украина, Арменияда – 70, Америкада 90 пайызға тең екен.
Әсіресе, соңғы 15 жылда ауыл тұрғындарының қалаларға қарай ағылуы, миграция мәселесі, көрші елдерден жұмыс іздеп келген жандар «жалған урбанизация» мәселесі бар екендігін де көрсетіп берді. Мәселен, Алматыда көптеген жылдардан бері күн кешіп жатқан адамдардың көпшілігінің ауылда тұрмысы бар.
Сол сияқты урбанизация мәселесі өзімен бірге түрлі келеңсіздіктерді де ілестіріп келеді. Тұрақты мекенжайы белгісіз, тұрақты жұмысы жоқ адамдардың қылмыстық істерге, ұрлық-қарлыққа қатысы барлығын да жоққа шығаруға болмайды.
Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе сияқты маңызды қалаларға көшіп келіп, қоныстанып жатқандарда қисап жоқ. Және бұл халық санын есептеу мен қала тұрғындарының дәл статистикасын жасауға көп кедергі болып тұр.
Сол сияқты Алматыда урбанизациямен қатар субурбанизация үрдісі қатар жүріп жатқаны айтылуда. Яғни ауқаттылар, тұрмысы орташа азаматтар қаланың сыртына қарай жаппай қоныстанып, Алматыда тоқымдай жердің құны адам айтқысыз шарықтағанына да куә болдық. Сондықтан дәл қазіргі таңда елімізде, оның ішінде Астана мен Алматыда урбанизациямен бірге субурбанизация үрдісі қатар жүріп жатыр. Ал Алматының сыртқы аумағына ауылдан қалаға ағылған адамдар өз бетінше тұрақтап, одан шыққан шуды ел ұмыта қойған жоқ. Субурбанизацияны әлемдегі мегаполис қалалардың бәрі де бастан кешірген. Сондықтан бұл қазір Алматының ең көкейкесті мәселесіне айналып тұр.
Алматы дәл қазір шекарасын ұлғайтуға ықыласты емес, бұл тұрғыда консервативтік көзқарас ұстанып келеді. Екіншіден, Алматы жанындағы елді мекендердің есебінен үлкейгісі келмейді.1990 жылдан басталған бұл үрдіс қалаға кезек-кезек үлкен қиындық тудырып келеді.
Жоғарыда атап өткендей, көптеген зерттеулер келешекте, 2025 жылға қарай жер беті тұрғындарының 60 пайызы, қалаларда өмір сүреді деп болжам жасауда. Осы аралықта 5 миллион халқы бар 90-ға жуық супермегаполис пайда болады деп жобалануда.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тоқсаныншы жылдардан бүгінге дейін ауылдан қалаға 2,5 миллион халық көшіп келген. Оның 1 миллионы тек Алматы қаласына көшіп келіпті. Ресми деректер бойынша, былтыр 40 мың отбасы тұрғын үйге қолдары жетсе, 2011 жылғы көрсеткіш бұдан 10 пайызға жоғары көрінеді. Ал мемлекет тарапынан тұрғын үй бағдарламасы 2005 жылдан бері қолға алынып келе жатқаны белгілі. Содан бері сұранысқа ие барлық азаматтар баспанамен қамтылуы керек еді ғой деген сауал туындайды көкейімізде. 2020 жылға дейін бір ғана «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 75 мыңдай отбасы пәтерлі болады екен.
Халықтың келешегіне қатысты осынау көкейкесті мәселеге орай таяу күндері Алматыда үлкен жиын болып өтті. Қала әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен өткен басқосуда әлемдік деңгейдегі креативті қала мен жоғары сапалы тұрмыс жағдайы бар ортаны қалыптастыратын ұзақ мерзімге негізделген алматылық агломерацияның мәселелері талқыланды.
Қала әкімі агломерацияға қатысты қала маңындағы аймаққа кіретін өңірлердің мегаполисті одан әрі дамытуға ықпалы және оның Алматыға әсеріне қатысты мәселелерді анықтау қажеттігін ерекше атап, біз бұл мәселені жан-жақты зерттеп, қалаға енетін аумақтарды жоспарлау мен басқару үшін алматылық агломерацияға енетін қала құрылысы аумағының кешенді жүйесін жасап, оны Үкіметке ұсынуымыз қажет. Бекітілген жоспарды жүзеге асыруға жұмсалатын қаржы көздері мен оның көлемі Өңірлік даму министрлігінде мақұлданып, бекітілгені маңызды, деді.
Жиында қала әкімі алматылық агломерацияның полимагистральді желілер негізінде көлік жүйесін дамытуды жете зерттеу қажеттігін атап өтті. Ахметжан Есімов қаланың инфрақұрылымын, оны айнала қоршаған табиғатты дамыту және инженерлік коммуникациялар мен нысандар туралы нақтылы ұсыныс беруді тапсырып отыр. Алматы шаһарының басшысы агломерация мәселесін контр-магниттер құру арқылы реттеуге болады деп ойлайды.
– Алматы айналасында бірнеше контр-магниттер құру қажет. Бұлар қуатты өнеркәсібі мен әлеуметтік инфрақұрылымы бар, тұруға қолайлы орталықтар болуы тиіс. Олардың мақсаты – қаладан кері миграция, – дейді қала әкімі.
Қала басшысы қала әкімдігі мен Алматы облыстық әкімдігінің бірігіп жұмыс істеуі үшін ведомствоаралық комиссия құру қажеттігін айтты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».