Назарбаева шенеуніктерге мүгедектер арбасына отырып көруді ұсынды
2014 ж. 21 сәуір
1632
0
Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында вице-спикер Дариға Назарбаева шенеуніктерге мүгедектер арбасына бір сәт отырып көруді ұсынды.
"Өздеріңізді біреуге мұқтаж адамның кейпінде сезініп көретін едіңіздер, сосын сол арбамен қаланы аралап, театрға барып, дүкен аралап, кинотеатрға, медициналық мекемеге барып көріңіздер. Сосын кешке қарай тыңдайтын едік, оларға жақсы ма, жаман ба, ыңғайлы ма, ыңғайсыз ба? Менің ойымша, бұл дұрыс мәселе, осындай ұсыныспен атқарушы билікке шықсақ қайтеді?" - деді Назарбаева.
Оның пайымынша, бұл шенеуніктерге мүгедектер проблемасын жақынырақ түсінуге, сезінуге септігін тигізер еді.
Еске сала кетейік, Үкімет сағаты барысында депутат Гүлнәр Ықсанова Астананың өзінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін "кедергісіз" орта мәселесі өз шешімін таппай отырғанын айтқан еді.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының сарапшылары елорданың сол жағалауындағы адам ең көп баратын ғимараттарындағы пандустарды сынап көрді. Нәтижесінде "Астана Опера" театрының пандусы ғана арбаға таңылған мүгедектер үшін ыңғайлы екендігі анықталды.
"Біз "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін өткізгелі отырмыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көрмені тамашалаушылардың 3-5 пайызын мүмкіндігі шектеулі туристер құрайды екен", - деді Ықсанова.
nur.kz