Мақпал Жүнісова жеке концертінде күтпеген мәлімдеме жасады
2014 ж. 15 сәуір
14075
36
Жуырда Алматыда ҚР Халық әртісі Мақпал Жүнісованың жеке концерті өткен болатын. Мақпал концерт барысында өмірінің соңына аз қалғанын, "бір-екі жыл болса да жақсы өмір сүргісі келетінін" айтып қалды.
Бұндай ауыр сөздерді айтуға оның өмір жолындағы, өнер жолындағы соңғы 10 жылы себеп болса керек. Басқа себебін Мақпалымыз ашып айтпады деп жазады Қазақстан заман басылымы.
Ерке қыздың концерті Алматы халқын екі күн қатарынан зор қуанышқа бөледі. Несін айтасыз, ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы кертiлген Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ жазираны жайлаған қазақ елiнің түкпір-түкпірінен Мақпалдың тыңдармандары ән кешіне жиналды.
Бірде Мақпалға гүл беріп жатқан егде жастағы әйел өзінің сонау Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келгенін айтып қалса, енді бірінің концерт барысында Атыраудан, бірінің Павлодардан келгенінен хабардар болдық.
Иә, бұл концертті алты Алаштың асыға күткені жасырын емес. Соңғы кездері Мақпалдың теледидар бетінен көріне алмай кеткені, теледидардан бұрын Республика сарайына кіруге тыйым салынғаны аян. Кейбір жартылай тәуелсіз арналардың араласуымен жарыққа шығып жүргені де белгілі. Сол себепті де Мақпал концертін рақмет айтудан бастады.
Иә, қазақтың мақпал үнді Мақпал қызының сахнадағы сол сәтін түсінген, сезе білген адам орнында тыпыршып отыра алмасы анық. "Ерке қыз" халқына алғысын айтып, ағынан жарылғаны риясыз еді. Мақпалды халық сүйеді. Бұл Мақпалдың өзге әншілерде жоқ артықшылығы десе болады.
Тіпті концерт барысында Мақпалды көтермелеп келген әншілер ән айтқанда халық оларды тыңдағысы келмей: "Мақпал шықсын, Мақпал шықсын!" деп отыруы соны дәлелдейді.
Мақпал қиын-қыстау кезде өзіне араша түсіп, кейде өмірден торыққан сәтте бір "жарқыратып" алатын, жұлдыздарға байланысты қандай да бір бағдарлама болмасын, Мақпалды сөйлететін, соңғы жылдардағы Мақпалдың тыныс-тіршілігінен халыққа ақпар беріп келген, "тойланбай қалған елуді" арналарына шақырып, арнайы кеш ұйымдастырған "31 арнаға" және үшінші бір адамға рақметін айтты.
Оның есімі бұл кеште бірнеше мәрте айтылды. Ол Болат Әбішұлы Назарбаев екен. Республика сарайында концерт беруіне бірден-бір себепкер Болат Әбішұлы болып шықты. Тіпті әнші бүгінге дейін екі адамның берген бағалы асыл тастарын сақтап жүргенге ұқсайды. Біріншісі — Заманбек, екіншісі — Болат.
Әнші бұл кеште ашық мәлімдемелер жасап: "Болары болды, өтті. Зәкеңнің менің жарым болғаны рас… Мен де бейбітшілікті қалаймын. Қызым өсіп келе жатыр. Мен Зәкеңді айтқан кезде халықты соғысқа шақырмаймын ғой. "Шаш ал десе бас алатындар" солай ойлайды екен. Зәкең менің жүрегімде мәңгілік қалады, әрине, оны әрдайым айтып өтемін", — деді.
Кеште Мұқағалидің сөзіне жазылған әндерді көп орындап, үш жарым сағат концерт берді. Гитарамен, домбырамен, ансамбльмен жанды дауыста құлақтың құрышын бір қандырды. Халықтың сұрауымен "Фаризаны" айтқан кезде Мақпал көз жасын тоқтата алмады.
Кеше ғана бақилық болған поэзия падишасы Фаризамен қатар Мақпалдың да өмірі көз алдымызда өтіп жатты.
Тыңдарманның бриллиант тағу сәті Жалпы бұл кеште Мақпалға алтын мен бриллиант сыйлағандар көп болды |
Б.Назарбаевтың әншіге сыйлаған гүлі |
"Қазақстан-Заман" газеті