Атбасарда үйлерді су басты
2014 ж. 14 сәуір
1990
0
Атбасар қаласында еріген қар суы 330 үйді басып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаладағы су басқан үйлерден 256 адам қауіпсіз жерге көшірілген, олар мектептерге жайғастырылды. Су басқан аудандарға бес бақылау тұрағы орнатылды.
Дегенмен қала аумағынан су сорылып жатқандықтан, оның деңгейі бәсеңдеп жатыр. "Судың тұрғын үй секторының қалған бөліктерін басуына жол бермеу мақсатында жол төсемін ашу жөнінде жұмыстар жүргізілді, соның нәтижесінде су деңгейі төмендеді, еріген қар суы құбырлар арқылы арыққа құйылып жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Ақмола облысының Астрахан ауданында еріген қар суы екі үйді басқан. Бұл үйлерден тоғыз адам көшірілді. Ал Целиноград ауданында 46 үй су ортасында қалды, 95 адам көшірілді. Шортанды ауданында жергілікті плотинадағы су өткізетін айналма құбырдың жарылып кету қаупі байқалған. "Қазіргі уақытта бөгет қалпына келтірілді, плотинада су деңгейі 40 сантиметрге төмендеді. 59 адам көшірілді", - делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында. Бұланды ауданында 30-дан астам тұрғын үйді, Сандықтау ауданында ауылдарға апаратын жолды су басқан.
12 сәуір күні қалаға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев пен Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бастаған делегация келді. Олар қаланың су басқан аумағын қарап шығып, халықпен кездесті, жедел штабта кеңес өткізді. Онда төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-шараларға үкімет резервінен қаражат бөлу туралы мәселе қаралды, мемлекеттік органдардың басшылары мен Ақмола облысының әкіміне нақты тапсырмалар берілді.
10 топ 247 үйге комиссиялық тексеру жүргізді. 12 сәуір күнгі мәлімет бойынша, жедел штабқа су сорғызу, мүлікті алып шығару, азық-түлікті жеткізу, зардап шеккендерге медициналық-психологиялық көмек көрсету жөнінде 25 өтініш келіп түсті. "Қауырт желіге" 26 адам хабарласқан.
Суда құтқару қызметтері, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері су басқан аймақтағы 215 үйді аралады, құрылыс және тұрмыстық қоқысты тазалау жұмыстарын жүргізді. 625 шаршы метр алаң жолға құм төселді. №28237 әскери бөлімінің инженерлік техникасы жолдарға құм төсеп жатыр.
Оңтүстік Қазақстаннан келген жедел-құтқару жасағының құтқарушылары екі үйдің төбе арқалығын шпалмен бекіткен, үйдің ішінен мүліктерді шығарып, үй иелеріне тапсырған. Құтқарушылар Ново-Александровка ауылының су басқан аумағынан бір адамды Мойнақ ауылына көшірді. Өрт-сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтері Заречное кентіне азық-түлік пен 10 бас малды жеткізді. 5 896 текше метр су тартып шығарылды.
"Оқиға орнында медициналық-психологиялық бригада жұмыс жүргізуде, олар 486 ауланы аралады, 95 адам медициналық көмекке жүгінді, 34 адамға екі күндік дәрі-дәрмек қоры берілді. Зардап шеккен 91 адамға, соның ішінде, сегіз балаға шұғыл медициналық көмек көрсетілді, 501 адамға ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді, психологтер 456 адаммен әңгімелесті.
Қазір №3 орта мектептегі эвкуациялау пунктінде 16 ересек адам мен үш бала бар. Авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 517 адам, 119 бірлік техника, 12 жүзу құралы, 17 мотопомпа мен бір өрт-сорғы станциясы жұмылдырылды", - делінген министрліктің хабарламасында.
Еске салайық, өткен аптада күннің күрт жылынуынан Ақмола облысындағы Атбасар қаласын еріген қар суы басқан болатын. Соңғы мәлімет бойынша, 300-ден астам үй су ортасында қалған.
tengrinews.kz