Елбасы Қазақстанның мәдениет саласында кадрларды даярлауды күшеутуді тапсырды
2014 ж. 07 сәуір
1630
0
Қазақстан президені Нұрсұлтан Назарбаев кадрларды сапалы даярлау, қызметтің бірыңғай тәжірибелерін әзірлеу мәселесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
"Соңғы 10 жылда театрға келушілер саны – 50 пайызға, музейге келушілер –25 пайызға, кітапханаға келушілер – 40 пайызға, концерт залдарына келушілер – 100 пайызға, кинотеатрға келушілер саны 400 пайызға көбейді. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатының артқанын және мәдениетке, білімге деген ынтаның өскенін білдіреді. Соған байланысты осы саладағы кадрларды сапалы даярлау, қызметтің бірыңғай тәжірибелерін әзірлеу мәселесін қарастырған жөн. Әр облыста мемлекет қаржыландыратын 2 театрдан бар. Бүгінде халық арасында олардың қандай жұмыс жүргізетініне, мәдени салмағы мен қызметінің сапасы қаншалықты екендігіне көбірек көңіл аударған жөн", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, азаматтық қоғаммен ынтымақтасу, мемлекеттік тіл үйрететін аккредиттелген орталықтар желісін құруды жалғастыру қажет, деп атап өтті Назарбаев.
Әлеуметтік тапсырыстар аясында барлық шығармашылық одақтармен, Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен, «Болашақ» бағдарламасымен жұмысты жандандыру керек.
Әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерге келсек, халыққа қызықты, мазмұны сапалы шығармаларды шығаруға назар аудару қажет. Біз – жазушыларға шығармаларын басып шығаруы үшін қаражат бөліп отырған жалғыз мемлекетпіз. Шығармалар елдің ішінде де, сыртында да біздің мәдениетіміздің рөлін арттыруға бағытталуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.