20 жасар қазақ қызы Қытайда абақтыға қамалды
2014 ж. 03 сәуір
2506
0
Қазақ қыздар педагогикалық университетінің 3-курс студенті Ақжарқын Тұрлыбай Қытай полицейлерінің қолына түсті, деп хабарлайды«Жетінші арна».20 жастағы бойжеткен наурыздың 10-ы күні Қытай мен Малайзия шекарасында «есірткі тасымалдады» деген күдікпен ұсталған. Осыны естігеннен бері Ақжарқынның анасы күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Ол ауыр қылмысты қызының мойнына іліп отыр деп Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды.
Анасының айтуынша, қызы Ақжарқын Тұрлыбай Алена есімді келіншектің өтініші бойынша көрші елге аттанып, наурыздың 11-де Қытайдан Малайзияға брендті тауар жеткізу керек болған. Тауар иесі бойжеткеннің қызметіне қомақты ақша төлеуге уәде беріпті. Бірақ Ақжарқын Қытайдан оралған жоқ.
Әзірге Ақжарқынның бөтен елдің темір торына қамалғанынан басқа дерек жоқ. Қызына араша сұраған ана Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына да шағымданған. Себебі, бойжеткенді Қытайға жол қаржысын төлеп, аттандырған Алена есімді келіншек, құрбысы Дина, Джони есімді Нигерия азаматы да сапары туралы ақпарат беруден ат тондарын алып қашуда.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хатшысы құқықтық көмек көрсетуге, адвокат тауып беруге дайынбыз деп мәлімдеді.
Түсініксізі, Ақжарқын Тұрлыбайға дүниежүзіне танымал брендті киім-кешекті тасымалдауға тапсырыс берген топ әлі күнге тауарын іздеп бас қатырып жатқан жоқ. Ал «есірткі тасымалдады» деген күдікпен ұсталған қыздың тағдыры әзірге қыл үстінде тұр деуге болады. Өйткені есірткі заттарын тасымалдаушыларға Қытайда жаза тым қатал. Сондықтан өзі оқыған оқу орнының басшылары бұл даулы мәселені шешуге Біріккен Ұлттар ұйымы көмектеседі деп үміттеніп отыр, дейді арна тілшісі Ж. Бегалы.
7 арна