Назарбаев неге Мәсімовты қайта таңдады?!
2014 ж. 03 сәуір
2401
1
Сәуірдің 2-сі күні Астанада Премьердің жаңа кандидатурасын "бірауыздан қолдаған" соң Кәрім Мәсімов 2007 жылы осы қызметке алғаш тағайындалғанда айтқан сөздерін тағы қайталады.
"Бірінші жолы да айтқам, қазір тағы қайталаймын – сіздің көмекшіңіз болғам, қазір де көмекшіңізбін, болашақта да әркез көмекшіңіз болып қала беремін", - деді Мәсімов.
"Осылай тұрақты болғаны жақсы", - деді оған президент Назарбаев.
Конституциясы бойынша президенттік басқару жүйесі орнаған деп сипатталатын, халықаралық және жергілікті құқық қорғау ұйымдары автократиялық режим деп сынайтын бұл саяси ортада мұндай диалогтар кәнігі көрініске айналған.
Қазақстан үкіметін 2012 жылдың қыркүйек айынан бері басқарып келген Серік Ахметовтің нақты не үшін қызметінен алынғаны да әдеттегідей түсініксіз болып қалды.
Оның "орнынан түсетіндігі" туралы болжамдардың шығуына былтырғы қазан айында президент Назарбаевтың үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізіп, премьер-министрді сынауы себеп болған.
Мәсімовтің кандидатурасын ұсынған кезде президент Назарбаев "жаңа үкіметтің инвесторларды тартуға күш салуы керек екенін, экономиканы күшейту үшін ұлттық қордан бір триллион теңге бөлдіру туралы шешім шығарғанын, ал Ахметовтің тұсындағы үкіметтің бұған қатысты нақты жоспар ұсына алмағанын" айтты.
Азаттық радиосы саясаттанушы Досым Сәтпаевпен сұхбаттасып, үкімет басындағы өзгерістердің себептері туралы пікірін сұрады.
"Былтыр күзде Серік Ахметов пен оның үкіметіне қарата мемлекет басшысы тарапынан қатаң сын айтылған болатын. Сол кезде-ақ Серік Ахметов қызметінде ұзақ отыра алмайды деген болжамдар жасалды. Сондықтан оның биыл көктемге дейін қызметінде отыруының өзі таңданарлық жайт", - дейді Сәтпаев.
Ең қызығы, президенттің сынын сол кезде Қазақстан тарихында алғаш рет мемлекеттік ақпарат құралдары әрі қарай жаппай іліп әкетіп, баспасөз бетінде ашық сынауға көшті. Оған тіпті парламент депутаттары да белсенді түрде қосыла кетті.
Сұлу сөзбен суреттелген бағдарламалар жасаудан өзге Серік Ахметовтің үкіметі айта қаларлықтай экономикалық табыстарымен мақтана алмайды.
Тек ол ғана емес оған дейінгі үкіметтер де әдемі бағдарламалар жасағанымен оны шын мәнінде жүзеге асыра алған жоқ.
Бұл ретте үкімет пен премьер-министрден өзге мемлекеттік аппарат және әкімдер де бар екенін ескеру керек. Экономикалық реформалардың жүзеге аспауында олардың да "үлесі" бар. Сондықтан мемлекеттік аппаратқа реформа жасалмайынша қандай ақылды премьер-министр болса да, толымды жетістік болады деп айта алмаймын.
Саясаттанушының пікірінше, Кәрім Мәсімовтың қайта оралуы да Қазақстан үшін біршама тосын оқиға деуге болады.
Менің ойымша, қандай да бір себеппен президент ойында "Мәсімов - дағдарысқа қарсы табысты жұмыс істей алатын бірден-бір менеджер" деген образ қалыптасқанға ұқсайды.
Кезінде премьер-министрліктен босатқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың Кәрім Мәсімовті "елдегі ең қиын қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде жағдайды бақылауда ұстай алды", - деп баға бергені есімізде. Бірақ оның дәл президент айтқандай емес екенін көпшілік түсінді.
Өйткені Серік Ахметов үкіметі Кәрім Мәсімов кезінен қалған көптеген проблеманы мойнына іліп алды. Мәселен индустриалдық-инновациялық бағдарламаның дұрыс жүзеге аспағаны үшін Серік Ахметовті сынағандар ол бағдарлама Кәрім Мәсімовтің кезінде басталып, сол кезде-ақ шашырап кеткенін біледі. Яғни бұл бағдарламаның сәтсіздіктерінің көпшілігі Кәрім Мәсімовтің мойнында.
49 жастағы Кәрім Мәсімов Пекин тілдер институтын, Ухань университетінің заң институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Ресми мәліметке сәйкес экономика ғылымдарының докторы, ағылшын, қытай және араб тілдерін меңгерген.
Қазақстанда кланаралық тартыс тоқтаған емес. Бірақ ондағы ойыншылардың құрамы айтарлықтай өзгермейді. Қазір президенттің айналасында жоғары лауазымды иеленіп отырғандардың барлығы дерлік солар.
Оларға президент әкімшілігінің жетекшісі, ҰҚК төрағасы, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры секілді ықпалды қызметтер мен құрылымдар жатады. Әрқайсысы өз адамын көтермелегісі келеді. Бұл бір жағынан Қазақстанда қандай да бір ресурстарға ықпал ете алатын аса жоғары лауазымды қызметтердің көп еместігінен де шығар.
Кәрім Мәсімовтің "дербес ойыншы" ретінде көрінгісі келетіні көптен бері айтылып жүр. Оның өте мықты тұсы – премьер-министр болып тұрғанда да, президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінде де барлық ықпалды "ойыншылармен" бірқалыпты қатынас орнатқандығында. Сол себепті оны барлық тараптың қарсылығын туғызбайтын "компромис тұлға" деуге болады.
Оны әлгі ойыншылар да, президент те "өз адамы" деп санайды, бірақ Қазақстан қоғамы "өз адамы" ретінде қабылдай ма, жоқ па, ол басқа мәселе.
Саясаттанушылар үшін премьер-министрдің орнынан түсуі ешқандай да сенсация болудан қалған.
Ең қызығы соңғы кезде билік жиі қолданатын терминдердің бірі – меритократия. Мемлекеттік қызметті сатыға бөліп, "А", "Б" корпустарын жасады. Бірақ соған қарамастан бәз-баяғы кадрлық колода айналып жүр.
Кадрлық мәселелерді шешуге қатысушы ықпалды ойыншылар сырттан келетін "бөтен" адамдарды жібергісі келмейді. Сондықтан көпшілігі өз кандидатарын өткізе алмаса, тым құрығанда бүгінгі мысалдағыдай "үйреншікті" адамды көргісі келеді.
"Азаттық" радиосы