Алматылық зейнеткер қоқыс арасынан нәресте тауып алды
2014 ж. 01 сәуір
2716
0
Алматылық зейнеткер қоқыстан қорапқа салынған сәбиді тауып алды деп хабарлайды КТК. Нәресте өлім аузында болған.
Жаңа туған сәби қоқыстың арасынан картон қорапқа салынған күйде табылды. Зейнеткер Кәмила Мұсабекова баланы асырап алуға бел буып отыр. Ол баланың жылаған дауысын кездейсоқ естіп қалған. "Жақындап келсек - қорап жатыр, баланың жылаған дауысы енді анық естілді, қорапты ашсақ, жаңа туған сәби қан-қан болып жатыр", - дейді Мұсабекова.
Әйел тауып алған сәбиін үйге әкеліп, жуындырып-жылытқан. Дәрігерлер ұл баланың сол күні туылғанын анықтаған.
"Суық тию белгілерімен 19-ы күні сағат 13.30-дарда түсті. Ауырлық жағдайына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Салмақ қосып жатыр", - дейді Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлназ Жайлыбаева.
Зейнеткер Кәмила апай өзінің ұлы мен келінін жаңа туған баланы асырап алуға көндірген. Егер тастанды сәбиді туған әйел табылмаса, бала асырап алу мәселесін шешуге үш айдай уақыт кетеді.
КТК арнасы