ОФФШОРҒА КЕТКЕН ЛАС АҚШАЛАР шетелдік инвестициялар болып қайта келеді
2014 ж. 19 наурыз
2239
0
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияның аясында ірі компаниялардың қаржысын заңды айналымға шығару жұмысына негізгі басымдық беріледі, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) ақпараттық-сараптама департаментінің бастығы Олжас Бектеновке сілтеме жасап.
Оның хабарлауынша, қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны әзірлеу жұмысы басталды.
"Аталған құжатты даярлау барысында біз отандық кәсіпорындардың оффшорларды (қаржы орталықтары - авт.) жаппай қолдану тәжірибесіне ерекше көңіл бөлдік. Себебі капиталды тұрақты түрде шетелге шығару мәселесімен қатар Қазақстан үшін стратегиялық компаниялардың құрылымында ашықтық қағидатының болмауы бізді қатты алаңдатады. Қазіргі кезде компанияның соңғы бенефициарын (ақша алушы - авт.) анықтау мүмкін болмай отыр. Осының арқасында заңсыз капиталды рәсімдеп жатады. Ал оның ішінде сыбайлас жемқорлық жолымен келген ақша да бар. Әдеттегідей, ол лас ақшаның барлығы Қазақстанға шетелдік инвестициялар болып қайта келеді", - дейді О.Бектенов.
Департамент басшысы атап көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясы қаржы айналымы бойынша мемлекетаралық ақпарат алмасуды да көздейді.
tengrinews.kz