Зейнетақы мен жәрдемақы артады
2014 ж. 19 наурыз
8369
6
Бүгін Парламент Мәжілісі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Құжат халықты әлеуметтік қамсыздандыру мақсатында, соның ішінде сәуір айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақылар мөлшерін арттыруды көздейді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Заң жобасында базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін, зейнетақысы ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған адамдардың зейнетақысын, сондай-ақ, осы жылдың басынан бастап зейнетақы мөлшері арттырылғанын қоса есептегенде, 12 пайызға, еңбек өтіліне қатысты зейнетақы мөлшерін 14 пайызға дейін көбейтіледі. Бұл ретте зейнетке ағымдағы жылдың 1 сәуірінен кейін шығатын адамдардың зейнетақысын да зейнетке бұған дейін шыққан адамдардың зейнетақы төлемімен теңестіруге мүмкіндік болады. Ал қабылданатын шаралар базалық зейнетақы төлемінің мөлшерін 10 450 теңгеге немесе 12 пайызға дейін, еңбек өтілі бойынша алынатын зейнетақы мөлшерін (базалық зейнетақы төлемін қоса алғанда) 46661 теңгеге дейін көбейтуді қамтамасыз етеді", - деді Мәжілістің жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 1,9 млн. адамды құрайды. Олардың зейнетақысын арттыруға қосымша 40,6 млрд. теңгені құрайтын қаражат қарастырылады. Бұдан бөлек, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру ұсынылып отыр.
"2014 жылғы 1 сәуірінен бұл жәрдемақы 12 пайызға, ал 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға дейін көтерілетін болады. Егер бірінші топтағы мүгедек өткен жылы 25 378 теңге алған болса, 2015 жылғы 1 шілдеден бастап - оның жәрдемақысы 38 028 теңгені құрайды және бұл өсім шамамен 50 пайызды құрап отыр", - деді министр. Бұдан бөлек, заң жобасында сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылардың мөлшері мен азаматтардың жекелеген санаттарына арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 12 пайызға дейін өседі.
Сондай-ақ, сәуірден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің лауазымдық қызметақысына ерекше еңбек жағдайлары үшін 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстемеақы енгізу есебінен олардың еңбекақысын арттыру көзделеді. Бұл 1,5 миллионға жуық адамды қамтиды, ал олардың ішінде - 1,1, млн. адам азаматтық қызметшілер болса, 236,8 мың адам біліктілігі жоқ жұмысшылар, 88,5 мың адам штаттан тыс қызметкерлер. Осы бастаманы іске асыруға 63,5 млрд. теңге бөлінбекші.
"Ал бала асырап алушыларға берілетін жәрдемақы төлемін арттыру мақсатында "Отбасы институтын нығайту мақсатымен "Неке және отбасы туралы" Кодексіне өзгерістер енгізіледі. Ол бойынша бала асырап алушы - Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығын ұлғайту қарастырылады. Яғни, Үкіметке ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды асырап алушыларға біржолғы ақшалай төлемнің мөлшерін тағайындау және қайтару тәртібін бекіту құзіреті беріледі", - дейді Тамара Дүйсенова. Бұл ретте, бала асырап алуына байланысты берілетін біржолғы ақшалай төлемді жүзеге асыруға 2015 жылы - 386,2 млн. теңге, 2016 жылы - 423,8 млн. теңге бағытталатын болады.
Заң жобасы Сенатқа жолданды.
tengrinews.kz