Алматы кәсіпкерлері риза
2014 ж. 13 наурыз
2245
0
Осы жылдың ақпан айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялады. Мораторий 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін жалғасады.
Мораторий – мемлекет тарапынан уақытылы жасалған тиімді шара. Президенттің аталмыш Жарлығын бизнес-қауымдастық өкілдері қуанышпен қабылдады. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Шағын бизнесті дамыту федерациясы кеңесінің төрағасы Владислав Цой мораторий турасында өз пікірін білдірді:
«Тексерістерге байланысты үрдістер жұмысқа бөгет жасайды, бизнеске одан әрі дамуға мүмкіндік бермейді. Біз – кәсіпкерлер, енді босаған уақытымызды бизнесті одан әрі дамытуға жұмсайтын боламыз. Себебі бизнесте барлық табылған ақша айналымға кетеді», - деді В.Цой.
Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізуіне үшінші мәрте мораторий жарияланып отыр. Кәсіпкерлер кезекті мораторий мемлекеттік органдардың жұмысын және олардың кәсіпкерлерге қоятын талаптарын қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазақстан кәсіпкерлері форумы» қауымдастығының атқарушы директоры Мунавара Палташева Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында айтты.
Оның сөзіне қарағанда, қазір мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге көмекші болып, қолдау көрсетер кез жетті. Бақылаушы органдардың жұмысы тексерулер санымен және айыптар көлемімен емес, бизнестің даму деңгейі бойынша анықталуы керек деп санайды ол. «Алдыңғы мораторийлердің арасында біршама уақыт өтті. Көптеген мәселелер шешімін тапты деуге болады. Тексеру шаралары реттеліп, олар тіркеуге алынатын болды, кәсіпкерлерге жоспарлы тексеру жүргізілетіні хабарланады, тәуекелдерді бағалау жүйесі жасалды», - деді ол.Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі