Заң жобасын қайта қарау қажет!
2014 ж. 13 наурыз
1658
0
Елiмiздiң Қылмыстық кодексiне енгiзiлмек өзгертулерге қатысты кеше Алматыда баспасөз жиыны өттi. Жиынға үкiметтiк емес ұйымдардың басшысы Зәуреш Батталова, Қазақстандағы еңбек конфедерациясының төрағасы Мұрат Машкенов, құқық қорғаушылар Юрий Гусаков және Айна Шорманбаева қатысты. Жиын спикерлерi парламент қабырғасында талқыланып жатқан Қылмыстық кодекстегi өзгертулердiң кемшiн тұстарын айтып, азаматтардың құқығын шектейтiн мұндай заң жобасы қайта қаралу керек деп мәлiмедi.
Соңғы жылдары елiмiзде болған еңбек дауына қатысты барлық ереуiл заңсыз өттi. Алайда жұмысшылардың заңды түрде наразылық танытуына жергiлiктi билiк ешқашан рұқсат бермейдi. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Мәселен, жалақысын ала алмай айлар бойы сандалған мұнайшылар жұмыс берушiге өз талаптарын сан мәрте қояды. Әйткенмен олардың талаптары ескерусiз қала берсе, ереуiлдеп, наразылық танытпаудан басқа жол бар ма? Соған қарамастан, мәжiлiсшiлер бiрiншi оқылымда-ақ Қылмыстық кодекстiң бiрнеше баптарына ұсынылған өзгерiстерге қолдау бiлдiрiп, мақұлдап жiбердi. Мәселен, қоғамдық ұйымдарға қатысты 401-бапта “мемлекеттiк қызмет органдарының қызметiне араласса” делiнген жолдар бар. Қоғамдық ұйымдар мемлекеттiк қызмет органдарының iсiне заңсыз араласпайды. Алайда өзi қоғамдық ұйым болса, қоғамдағы мәселенi көтеру мақсатында мемлекеттiк органдарға талап қоятыны сөзсiз. Бiрақ осы жерде қоғамдық ұйымдар мен олардың басшысы жауапқа тартылуы мүмкiн. Себебi, құзырлы мекемелердiң еш әрекетсiз отырғанын айтып, талап қояды.
Ата заңымыздағы осындай қарама-қайшылықтарды мысалға келтiрген құқық қорғаушылар: “Жаңа заң жобасындағы қоғамдық ұйым басшыларының жазасын қатайту – құқық теңдiгiне нұқсан келтiредi. Сондай-ақ, мемлекеттiк орган тарапынан жасалған әлеуметтiк-құқықтық жағдайға байланысты ой-пiкiрiн бiлдiрiп, келiспейтiнiн мәлiмдеген топты да, оның бастаушысын да жазаға тарту жалпы азаматтардың құқығын шектеу болып шықпай ма?”– дейдi. Осыған байланысты А.Шорманбаева: “Қоғамдық ұйым өзiнiң жарғысында жоқ жұмыспен айналысса, ұйымға айыппұл салынады. Содан да болса керек, қазiргi кезде елiмiздегi қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкiлдерiнiң билiкке қатысты ешқандай наразылық танытуға мүмкiндiгi қалмады”, – дедi.
"Жас Алаш"