Есенғали Раушанов. Бiз сiздермен бiргемiз!
2014 ж. 13 наурыз
8802
4
Киев қаласы,
Банков көшесi,12. Либерман үйi.
Украина Жазушылар одағы басқармасына
Құрметтi бауырлар! Зұлмат күндердiң бұғауына түскен бауырлас украин елiне және менiң халқымның түбi бiр туысы боп саналатын қадырдан Қырым татар халқына ыстық сәлемiмдi жолдаймын.
Өз басым ұлт азаттығы жолындағы күрестiң қай түрi де қасиеттi деп санаймын. Сiздер өз жолдарыңызды таңдадыңыздар. Өз жолын өз еркiмен таңдай бiлген халықтың бақытына тек қана қызығумен және тiлектестiкпен қараудан басқа не деуге болады?!
Ақиқат алға шығары хақ. Қара күш, зұлым пиғыл, арам ниет уақытша бел алуы мүмкiн, бiрақ ақиқаттың, азаткерлiктiң алдына мәңгi тосқауыл болуы мүмкiн емес. Заманында жазықсыз жапа шеккен қырымдық бауырлардың осы күндерде украин халқымен тiзе қосып, үзеңгi қағысып бiрге жүруi бiздi бек қуантады. Бiз сiздермен бiргемiз. Қазақстанның Жазушылар одағы, халықаралық ПЕН - клубының қазақ бөлiмшесi үн шығармай тым-тырыс отырса, бұл қазақ ұлты ұстанған позиция демеңiздер. Олар көпшiлiктiң емес, азшылықтың пиғылын бiлдiредi деп ойлаймын. Мен жаңа бiр сөзiмде “мен ”деудiң орнына “бiз”деген есiмдiктi саналы түрде пайдаландым. Оның жөн айтылған сөз екенiне анық көз жеткiзетiн күн де алыс емес деп сенемiн. Қазақ зиялыларының ұлт азаттығы деп ұрандаған туыстарға ықылас ниетi өзгеше екенiне күмән болмасын.
Басқа әңгiме жоқ. Осыны айтуды борыш санадым. Жақсы күндерде, азат күндерде жолығуды жазғай.
Сiздiң елiңiзге, украин халқына деген шексiз құрметпен
Есенғали Раушанов, ақын.
Abai kz