Путин Қырым туралы пікірін айтты
2014 ж. 05 наурыз
1944
0
Владимир Путин Қырымды Украинадан ешкім де тартып алғысы келіп жатпағанын, Украинамен соғысу ойы жоқ екенін, оқу-жаттығу аяқталған соң, әскердің бәрін кері қайтаратынын мәлімдеді.
Путиннің сөзінше, ол украин әйелдері мен балаларын қорғағысы келген. Дегенмен, Украинаның Парламентін заңды деп санаған Путин оның жаңа билігін әлі ресми танымайтындығын білдірді.
Бірақ, Мәскеудің өзінен бастап, әлем елдерінің көптеген қалаларында Ресейдің Қырым ісіне араласуын сынап, бейбітшілікті тілеген шерулер жалғасып жатыр.
"Біз Украинаны көрші ел ғана емес, өзімізге туыс ел ретінде санаймыз, әрі бұл ұстанымға сенеміз", - деді Ресей президенті өз сөзінде.
Дүйім елді дүрліктіріп, әскерін апыл-ғұпыл Қырымнан бірақ шығарған Ресей президенті бүгін осылай деп, жасағын апарған елге жақындығын арнайы білдірді. Путин қарулы әскерді көріп, қорқынышты қауесет қаптатқандарды сабырға шақырғысы келді ме, украин мен ресей әскері қажет болса, қарама-қарсы емес, бір шепте жүреді деді.
Бірақ заңсыздық тағы болса, Владимир Путин қол қусырып қарап отырмайтынын да айтты.
Ресей президенті Украинамен алты алас, бес бересінің жоқтығын айтып, қырқысатын да қабақ танытпады. Керісінше, оқу-жаттығу жұмыстары аяқталған соң, әскерді кері қайтаратынын айтты. Бірақ аяқ астынан оқу-жаттығу жұмысын жүргізсе де, айқайы адуынды болып жатқан Украинада өзге ел әскерінің жүруіне басқа елдер де алаңдаулы.
"Біз бейбітшілікті қалаймыз! Әскери әрекеттерді, елдің бөлінуін қаламаймыз! Украина - жалғыз. Оның бөлінгенін құптамаймыз! Оның үстіне оның саясатына басқа елдердің араласқанын мүлде қаламаймыз", - деді Украина азаматшасы Виктория Максименко.
Виктория мен Лилия қазір Түркияның Стамбул қаласында жүр.Олар мұндағы Ресей елшілігінің алдында басқа замандастарымен бірге бейбіт шеру өткізді. Және елшілікке әр сенбі сайын осындай талаптарын айта алатын шерулер өткізуге рұқсат сұрап, үндеу хат қалдырды.
Украинаға орыс әскерін түріктер теңіз арқылы өткізіпті. Бірақ үкіметінің бұл шешімі жергілікті халықты ашындырып отыр. Олар, бұл шешімді қырым татарларын қолдау емес, орыс әскерін қолдау деп түсінеді.
Дегенмен, АҚШ, Еуропа, Ресей, Украина тарапынан жасалған ресми мәлімдемелер шиеленістің бейбіт түрде шешілетінін аңғартқандай.
nur.kz