Полицей өз бастығының қолынан қаза тапты
2014 ж. 05 наурыз
2387
0
Қызылорда облысында тәртіп сақшылары бір-біріне жау атанды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор өз басшысының қолынан қаза тапқан.
Полицейге былтыр мерекелік сыйақы тағайындалыпты. Алайда сол қаражатқа бастығы ортақтаспақ болған. Қатардағы қызметкер оның заңсыздығын жоғары шенділерге жеткізгенде осылай дау туған. Ал соңы өліммен аяқталып отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Атпалдай азаматтың қызметтесімен жүздесуге кетіп, табытпен оралғаны жиылған жұрттың жүрегін шайлықтырды. Нұрбек Шөменовтың абыройы "көптен бері көптің көкейін тесті",- дейді туыстары.
Былтыр Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Қызылорда облыстық Ішкі істер департаменті үздік 10 қызметкеріне 100 мың теңгеден сыйақы тағайындаған екен. Сол үздіктердің бірі Нұрбек Шөменов болған. Марқұмның басшысы одан сыйақының 40 пайызын талап етіпті. Бас тартқанында "көзіңе көк шыбын үймелетемін" деп қорқытқан.
Мұны инспектор шені жоғары басшыларға жеткізген. Артынша қызметінен аластатылған бастық тісін қайрап, ақыры арызданған Нұрбекті өлтіріпті.
"Адамымызды жоғалтып, өлгеннен кейін барып тауып алып отырмыз. Ол ертең сатып алады да шығып кетеді. Мен ертең жоғары сотқа арыз жазуым мүмкін. Жоғары соттан талап етем мен әділдікті", - дейді марқұмның жары Гүлмира Сансызбаева.
Қара шаңырақты қан қақсатқан марқұмның бұрынғы бастығы Берік Шиманов алғашында құқық орындарының құрығынан босап шыққан. Марқұм Нұрбекті өлтіргенде де, арнайы жоспары болса керек. Өйткені денесін көміп, көлігін өртеп жіберген. Мәйіт тек апта өткесін табылып отыр. Айыпты да дереу құрықталды.
Дегенмен туыстары атпалдай азаматты өлтірген бір емес, бірнеше адам дейді.
"Тұрсекеев Ғани деген ІІБ-нің , ІІБ бастығы Тұрсекеев Ғани деген мырзадан күдіктенем. Өйткені, ол неге Шиманов ұсталып кеткеннен кейін "сен неге арыз жазасың? Сен неге маған келмейсің?" неге жеке істерін көтерткізеді? "дұрыс қызметкер болсаң 9 сөгісті не үшін алдың" деп неге айтады?", - деп шамданды Гүлмира Сансызбаева.
Қазіргі қамауға алынған басты күдікті Шимановқа қатысты қасақана адам өлтірді деген баппен іс қозғалған. Айыбы дәлелденсе арқалар жазасы да айтарлықтай.
Қызылорда облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Мұрат Мұхтаровтың мәлімдеуінше, бұл жерде адам ертең сотқа барғанда 63 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Қылмыстық істен бөлек енді облыстық ІІД-де қызметтік тергеу басталуы мүмкін. Тексеретіндер өзара қырық пышақ болған қызылордалық полицейлер емес, орталықтан алдырылмақ.
КТК арнасы