Сәуірде жалақы мен зейнетақы көтеріледі
2014 ж. 14 ақпан
2800
5
Бүгін Ақордадағы Үкіметтің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев сәуірдің бірінен бастап жалақыны 10 пайызға арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"2014 жылғы сәуірдің 1-інен бастап мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтық қызметкерлердің жалақысына 10 пайыздық қосымша ақы қарастырылсын. Бұл мәселе, ең алдымен, білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлеріне байланысты", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы әлеуметтік төлемдерді өсіруді жүктеді. Осылайша, сәуірден бастап әлеуметтік төлемақының көлемі 12 пайызға өссе, зейнетақы - 14 пайызға, ал студенттердің стипендиясы 10 пайызға көтеріледі.
"Самұрық-Қазына" қорының басшылығына сәуірден бастап өндірісте істейтін жұмысшылардың да жалақысын 10 пайызға арттыру міндеті жүктелді. "Мен бұл сөзімді тау-кен, металлургия және мұнай-газ саласының ұлттық компанияларына арнаймын. Өндірісте істейтін жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтеру мәселесін қарастырыңдар", - деді Мемлекет басшысы.
Tengrinews.kz