Британдық сарапшы Қазақстанның инфляцияға ұшырайтынын болжады
2014 ж. 14 ақпан
2639
0
Лондондағы "Economist Intelligence Unit" орталығының сарапшысы Алекс Найс Қазақстанда болған девальвация туралы өз ойымен бөлісті.
Қаңтар айында Ресей рублі долларға шаққанда 10 пайызға арзандаған еді. Ал ақпанның 11-і күні Қазақстан теңгесі долларға қатысты 19 пайызға құнсызданды. Алекс Найстың айтуынша, қаңтардан бері дамушы елдердің валютасының күрт құлдырауы, оның ішінде рубльдің түсуі қазақстандық теңгеге ерекше ықпал еткен. Бірақ валютаның құнсыздануына мұнай бағасының арзандауы, экспорттың азаюы, импорттың жылдам артуы сияқты басқа да факторлар әсер етті. Сарапшы теңгенің рубльге қарайлайтыны рас екенін алға тартты. 2009 жылғы үлкен девальвация кезінде де теңге рубльден кейін құнсызданған еді. Оның себебі – бұл елдердің экономикасы қатты ұқсас, екеуі де мұнай экспорттайтын елдер. Қаңтар айында рубльдің доллармен есептегенде 10 пайызға құнсызданғанын есепке алсақ, теңгенің 20 пайызға құлдырағаны қызық болды. Оның үстіне, Ресей - Қазақстан үшін негізгі сауда әріптестерінің бірі және қазақтардың мұнайдан басқа экспортын тұтынатын негізгі ел. Егер рубль арзандаса, Ресейдегі қазақстандық тауарлар қымбаттайды. Сондықтан теңгенің құнын кемітсе, қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі күшейеді. "Валюта нарығына болжам жасау өте қиын, бірақ теңге тағы сәл арзандауы мүмкін.Теңгені нығайтуға бірнеше фактор әсер етеді. Жыл бойы мұнай бағасы айтарлықтай төмендеп кетсе, теңгенің бағамын осы деңгейде сақтап қалу қиынға түседі", - дейді Алекс Найс. Сарапшы Қазақстан негізгі тұтыну тауарларын шетелден алатынын, олардың бағасы біртіндеп өсетінін, бұл инфляцияға апаратынын жасырмады. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасын әртараптандыруға тырысады, ал әлсіз теңге отандық тауар өндірушілерге пайдалы болуы да мүмкін. Тұтынушылар жергілікті өнімдерді алуға ұмтылуы ықтимал. Бірақ бұл жуық арада болмайтын құбылыс, жақын арада инфляция өршуі ықтимал. Сондықтан шетелдік сарапшы қазақстандық қарапайым тұтынушылардың ашу-ызасын тудыратын жағдай орнайды деп ойлайды.Азатты0 радиосы