Әуе билеттері қымбаттайды
2014 ж. 12 ақпан
1569
0
Елімізде доллардың өсуіне байланысты авиабилеттер қымбаттайды. Бұл туралыTengrinews.kz тілшісі "Эйр Астана" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Мәліметке қарағанда ұлттық әуетасымалдаушы компания халықаралық бағыттардағы авиабилеттердің құнын өзгерту туралы шешімді 2014 жылдың 12 ақпанында қабылдайды. "Халықаралық рейстерге авиабилеттердің құны доллардың жаңа бағамы бойынша қайта есептеу барысында қаралатын болады. Ал ішкі рейстерге бекітілген билеттердің құны өзгеріссіз қалады", деген компанияның баспасөз қызметінің хабарында. Сондай-ақ Luk Aero әуекомпаниясының жетекшісі Океан Ким де халықаралық рейстерге байланысты билеттердің құны 2014 жылдың 12 ақпанында қайта қаралатынын хабарлады. Өйткені фирма шетел әуежайлары көрсететін барлық қызмет түрлеріне және жанармайға есеп-қисапты доллармен жасауда. Сонымен қатар компания несилерін шетел валютасымен алған. Еске сала кетейік, бүгін, 11 ақпанда доллар бағамы көтерілді. Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамын алғашқы деңгейде ұстап тұрудан бас тарту туралы өз шешімін жариялады. Елімізде доллар курсының жаңа бағамы орташа есеппен 185 теңге төңірегінде болады.
Tengrinews.kz