Доллар тағы қымбаттауы мүмкін
2014 ж. 12 ақпан
3607
0
Доллар қымбаттамай тұрып, дәлірек айтсақ, ақпанның 3 күні ҚР Ұлттық Банктің Баспасөз қызметі еліміздің екінші деңгейлі банктерінің жалпы депозиттік қорының 2012 жылмен салыстырғанда өткен жылы 25,4 пайызды көрсетіп, 25,5 трлн теңгеге артқандығын мәлімдеген болатын. Енді кеше доллар аяқасты көтеріліп, жұрт алған несиесін, салған депозитін түгендеп, неден ұтылып, неден ұтылғандарын есептей бастады. Депозитке ақша аудармай тұрып, салымшы әлбетте әбден ойланады. "Кім не дейді?" деп, бажайлап жан-жағына бір қарайды. Девальвациядан сақтану үшін депозитке ақша салуда, әрине, қателеспеген абзал. Негізі "девальвация болады" деп даурыққанымыз өткен жылдың жаз айлары болатын. Сол кездегі "ел құлағы – елу" демекші, "валюта девальвациясы болуы мүмкін" деген сыбыс жұртшылық арасында тез тарап, көпшілікті әбігерге салған еді. Салдарынан 2013 жылдың тамыз айында банк салымшылары арасында шетелдік валюта түрінде ақша салғандардың қаражаттары 32 миллиард теңгеге дейін көтеріліп, ал теңге түріндегі салымдар 27 миллиардқа дейін төмендеп кеткені есімізде. Жалпы айтсақ, шетелдік валюта түрінде ақша салғандар ұтты. Өйткені, тек тамыз айында ғана емес, жыл бойғы көрсеткішті алға тартсақ, 2013 жылы көпшілік долларды таңдаған екен. Ұлттық банктің ресми өкілдері "өткен жылы теңге түріндегі депозит күрт төмендеп, 38,3 пайызға кеміп кетті де, 3,2 трлн. теңгені құрады, ал ақшасын банкке доллармен сақтағанды жөн көргендердің салымдары 138,3 млрд. долларды құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 48 пайызға ұлғайған", - дейді. Айта кетейік, евро түріндегі депозит те өткен жылы мандымапты. 2012 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 58,3 пайызға аз. Есесіне, рубль бәрінен басып озып, 83,2 пайызға бірақ көтерілген (2012-2013 жылдар айырмасы). Қазір көпшілік сарапшылар банк салымшыларының, нақтырақ айтсақ, теңгемен қор жинағандардың қаншалықты ұтылғандарына өздерінше болжам жасап жүр. Әркім әр түрлі соманы айтады. Біз бұл мәселеге кейінірек кеңірек тоқталуды жөн санадық. Кешегі аласапыран бүгін байқалмайды. Мұны біз "халық нарыққа бейімделе бастаған екен" деп ұқтық. Доллардың осылай құбылып тұруының заңдылық екендігін түсінгенімізді айтамыз. Десек те, девальвацияға қатысты сан алуан сауалдар мазаламай қоймайды. Осы тұрғыда біз қаржыгер-сарапшы, экономика ғылымының кандидаты Ілияс Исаевты әңгімеге тартқан едік. Сарапшы девальвацияға себеп болған фактор деп "сыртқы және ішкі экономикалық ахуал мен ұлттық валюталық нарығымызға дүниежүзілік жағдайдың әсер еткендігін" айтады. Жақында АҚШ-тың федералдық резервтік жүйесінің басшысы ауысып, тізгінді қазір хас маман Джанет Йеллен алды. Ол таққа отырған күннен бастап-ақ қаржы саясатының беталысын мүлде өзгертіп жібереді. Сөйтіп, ол доллардың іргесін қатайтуды мықтап қолға алды. Нәтижесінде АҚШ-тың экономикасы біршама жақсарды. Ішкі экономикалық жағдай тұрақтанды. Джанет Йеллен доллардың іргесін бекітуге әлі де бар күшін салатын сыңайлы. Ондағы басты мақсаты – өздерінің экспорттаушыларын қорғау. "Бұл – бірінші фактор" дейді Исаев. Маман "екінші" деп мына факторды келтірді: Кедендік Одаққа мүше елдер арасындағы мемлекетаралық валюталық нарық тағы бар. Біз, яғни Кеден Одағына енетін елдер - дамушы мемлекеттер қатарындамыз. Алайда 2013 жылдың қорытындысы бойынша, Кеден Одағы елдері - Қазақстан, Ресей, Белоруссияның экономикалық даму деңгейі басқа дамыған елдермен салыстырғанда бәсең тартты. Мәселен, Ресейдің экономикасы тым төмен болды, екі пайыз ғана жақсарды. Бізде сарапшылар "алты пайыз" деп жатыр. "Инвесторлардың қаржы активтері доллармен өлшенеді, ол анық. Осы мәселені ескерсек және басқа дамыған елдердің экономикасының жандана бастағанын қоса айтсақ, әрине Кеден Одағына енген мемлекеттердегі инвесторларға капиталын сыртқа алып шығуларына тура келеді, яғни капиталдың сыртқа жылыстауы дейді мұны. Дәл осы үдеріс Ресейде белең ала бастап еді, олар бірден рубльін құнсыздандырды. Сөйтіп, көршіміз шетке кетіп жатқан ақшасына тосқауыл қойғысы келді және отандық өндірісті сыртқы импорттан қорғамақ болды. Демек, Ресей отандық өндірісін қорғап, оған қолдау көрсету үшін осындай қадамға барды. Ондай болса, Қазақстан неге тыс қалуы керек? Егер біз долларды еркіне жібермесек, біздің нарығымызды, мәселен, ресейлік импорт басып қалуы әбден мүмкін", - деп, өз уәжін алға тартты Ілияс Исаев. – Несие алғандарға қатысты айтсам, – дейді, экономист, – теңгемен қарыз алғандар еш ұтылмайды. Ал доллармен алғандар, сөз жоқ, сан соғып қалды. Сол сияқты сырттан қарыз алған коммерциялық банктерге де оңай соқпайды. Әрине ЕДБ-тердің сыртқы қарызы анау айтқандай көп емес, қазір. Десек те, коммерциялық банктер алдағы уақытта пайыздық ставкаларын жоғарылатуы ғажап емес. Былайша айтқанда, девальвация қарапайым халыққа да, несие нарығына да жанама түрде әсер етпей қоймасы белгілі, - дейді сөзін әрмен қарай жалғастырған сарапшы. "Құнсыздану жалғаса ма, жоқ па? Қалай ойлайсыз? " деп сұрадық маманнан. – Ол жағын кесіп айту қиын, әрине. Алайда мынандай болжам бар: мұнайдың бағасы төмендейді-мыс. Ал мұнай бағасы арзандаса, әлбетте доллар қымбаттайды. Ол заңдылық. "Мұнай бағасы неге төмендейді?" деген сауал туындайды. Біріншіден - дүниежүзілік өндірісте мұнай артық шығарылып қойса керек. Қор жеткілікті. Екіншіден, мұнайды тұтынушы елдің негізгісі – Қытай. Ал Қытайдың экономикасы құлдырауы мүмкін келешекте. Егер осы болжамдар шындыққа айналып, мұнай бағасы төмендесе, доллар міндетті түрде күш алатын болады. Сөз арасында айта кетейін, көпшілік ҚР Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетовтің атына түрлі сын айтып, банкирді жерден алып, жерге салады. Әлемдік нарықпен салыстырғанда біздің ұлттық қорымыз теңіздің тамшысындай ғана. ЖІӨ бар болғаны 230 миллиард долларды құрайды. Америкадағы бір адамның байлығының мөлшері осындай. Сондықтан да, біз долларға тәуелдіміз. "Көшбасшы елдердің ықпалынан шығу мүмкін емес" дер едім, өйткені уақыт өткен сайын әлемдік экономика интеграцияланып барады. Бәлкім болашақта Кеден Одағы Евразиялық экономикалық кеңістікке ұласып, оған енген елдер қатары көбейіп, олар өздеріне ортақ бір валюта шығарып жатса ғана, доллар үстемдік құрудан қалатын шығар, – деп, жауап берді ол.
"Алаш айнасы"