АҚШ түрмесінде отырған қазақ қызының азабы...
2014 ж. 11 ақпан
2377
2
АҚШ-та өмір бойы түрмеде отыруға жазаға кесілген Әсел Әбдіғаппарова тағы да сот алдына барды. Егер жағдай сәтті аяқталса, отандасымыздың түрмеде отыру мерзімі қысқаруы мүмкін, деп хабарлады "Экспресс-К" газеті.
"Бірде ол өзінің сүйіктісімен және оның досымен округте машинамен қыдырып жүрді. Кенеттен Рамон автобус аялдамасынан жалғыз тұрған әйелді - 37 жастағы Роза Росадоны көріп қалды. Бұдан әрі оқиға қатігез триллердегідей өрбіді. Жігіттер әйелді салонға күштеп отырғызып, скотчпен байлады, қонақүйге апарып тонады және зорлады, одан кейін өлгенше сабады. Жаңағы әйелдің екі баласы үшін аяушылық ету жөніндегі өтінішіне де құлақ аспады. Өлген әйелдің мүрдесін қаскүнемдер көміп тастады", - деп егжей-тегжейлі баяндайды басылым.Еске сала кетейік, бұл қайғылы оқиға 2001 жылы басталды. Әсел АҚШ-қа жақсы білім алуға үміттеніп, ұшып келген болатын. Штаттарда ол тәртіпті студент болып өмір кешіп жатты - Сан-Антонио университетінің магистратурасында оқумен қатар, официант болып қызмет жасап, қосымша нәпақа тауып жүрді. Бірақ оның Рамон Эрнандеспен көңіл жарастыруы өмірінің астаң-кестеңін шығарды.
Осы қанды оқиғаның еріксіз қатысушысы болған Әсел шыдай алмай, бірнеше күннен кейін барлығын полицияға хабарлады. Бұл шешімге келу оған да оңайға соққан жоқ, өйткені ол Рамоннан сәбиге аяғы ауыр еді. Әсел құқық сақшыларына Роза Росадо көмілген жерді көрсетті, сол жерде оның қолына кісен салынды.
Рамон Эрнандес пен оның сыбайласы Сантос Минхарес те тұтқындалды. Оның алғашқысы 2012 жылы өлтірілді. Екіншісі өлім жазасына дейін жете алмайц ажал құшты. Ал Әсел түрмеде ұл бала босанды, бірақ та ол осы кезге дейін ұлын көре алған жоқ.
Өткен аптада қазақстандық тағы да сот залында болды. Американдық баспасөздің хабарлауынша, бұл аты-шулы іс қайта қаралмақ және осы жолы оған қатысты айыптаулар жұмсартылмақ. Ол көп дегенде 28 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұдан бұрын апелляциялық сот істі алғаш қараған судья Әселдің өзін қорғауы үшін мүмкіндік бермегенін, сондай-ақ тергеуге көмектескені ескерілмегендігін атап көрсеткен болатын.
Қазақпарат