Есімов Алматы атауының ешқашан өзгермейтінін айтты
2014 ж. 07 ақпан
2176
4
Осыдан бірер күн бұрын Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің бір топ блогерлермен кездескенін хабарлаған болатынбыз. Кездесу Villa de Fiori мейрамханасында өтті.
Әкіммен әңгімелесуге шақырылған блогерлер #Есімовсәті хэштегімен твиттер әлеуметтік желісі арқылы Есімовтің сауалдарға берген жауаптарын қысқа қайырып жариялап отырды.
Қала әкімі қызметіне тағайындалғаннан бері жұрт арасында сынға ұшырап, күлкіге қалып, қала жұртшылығының түрлі мәселелерге қатысты наразылығынан құтыла алмай келе жатқан Есімов интернет пайдаланушылармен кездесуі бірер күннің басты жаңалығына айналды.
Әкіммен кездесу өтіп жатқан мейрамхана сыртында өздерін "тәуелсіз блогерміз" дейтін бірнеше адам "Жағымпаз блогерлер" деген жазуы бар қағаз ұстап, кездесуге кіргізілмегендеріне наразылық танытқан. Оларды полиция "қоғамдық тәртіпті бұздыңдар" деп, ұстап алып кеткен. Ұсталғандардың ішінде "Азаттық" радиосының тілшісі де болған. Кейінірек полиция журналисті босатып, кешірім сұраған.
Бұл туралы "Азаттық" радиосы хабарлады.
Қала әкімінің кездесуі фейсбук әлеуметтік желісінде да қызу талқыланды. Жиі сыналып, күлдіргі кейіпкеріне айналған Ахметжан Есімовтың блогерлермен кездесуде айтқан сөздерін #Есімовсәті хэштегінен жинақтап Abai kz порталы ұсынды.
А.Есімов: Қазіргі кезде Алатау ауданы ең тыныш аудан болып табылады
А.Есімов: Аз ұйықтаймын, 5-6 сағ. Тұра салып Euronews-ті көремін. Сосын интернетті қараймын. Газеттерден гөрі ғаламтордан аламын
А.Есімов: Маған пиар қажет емес, менің "Әкімге сұрақ сайтым" бар. Күніне 2000-3000 сұрақ келеді. Халықтың жағдайын жақсы білемін
А.Есімов: Табыстың 62% шағын және орта бизнес, 9% қаржы секторы береді
А.Есімов: "Барахолка" мен базарларға, сатушылар мен тұтынушыларға жақсы жағдай қалыптастыру маңызды шаруа.
А.Есімов: Биыл 1600 қоғамдық көліктің 900-і, яғни 50% көбісі муниципалды болатын болады.
А.Есімов: Бензин бағасы қанша ауытқыса да, газдың құны 40% төмен болып қала береді. Бұл экологияға да жақсы.
А.Есімов: Шаңғы тебуге барам, сол кездері алматылықтар келіп сұрақтар қояды. Кейде Көк базарға барамын, футболда боламын.
А.Есімов: Жауабым қысқа: Алматы атауы ешқашан ауыстырылмайды!
Ал Masa.kz сайтында белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы Есімовты құлықсыз деп атады.
"Кеше анау Мәскеуден келген жүгірмек (Илья Варламов - ред.) Алматыны жамандап кетіп еді, Есімов жалма-жан блогерлерді жинап алып, қымбат мейрамханаға ас беріпті. Кездесуде не айтылатыны, не айтылғаны мен үшін маңызды емес. Өйткені блогерлер тарапынан өткір де өзекті сұрақтар қойылмайтыны айқын. Ал журналистерді жинауға Есімов құлықсыз. Өйткені "қытығына" тиетін сұрақтар қойып, жүйкесін жұқартуы мүмкін. Мына үсті-үстіне жауған қардың уақытылы жиналмайтынының өзі бөлек тақырып емес пе?", - дейді ол.