ҚАЗЫҒҰРТТА ҚҰЛАЖАН БАТЫРҒА КӨКТАС ҚОЙЫЛДЫ
2013 ж. 21 тамыз
5350
2
150 жылдай армандап келген ата-бабалар аманаты орындалды деуге болады. Қазығұртта Құлажан батыр Қошқарбайұлына ас беріліп, басына көктас қойылды.
Еліміз Тәуелсіздік алып, өткен тарихын екшеп, електен өткізу басталғалы талай тарихи іс атқарылып келеді. Соның бірі таяуда Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында болып өтті.
Қазақтың іргелі атасы Қоңыр а т т а Б а й л а р - Ж а н д а р д ы ң Көшігінен шыққан Құлажан батыр туралы аңыз көп айтылады. Батыр бабаның ұрпақтарының бірі Қанжігітов Әбдірахман 1954-1960 жылдары Ленгір қаласында механизатор мамандығы бойынша Ленгір техникумында оқыған болатын. Сол кезде руы Ысты Шаханұлы Өмірзақ деген кісімен бірге оқыпты. Өмірзақтың үйіне барғанда әкесі Шахан Әбдірахманнан руын сұрап, Қоңырат екенін, Көшік екенін білген соң, «Сендердің Құлажан деген батыр бабаларың осында жерленген, қаласаң қабірін көрсетемін» деген екен. Ол кезде Әбдірахман 17-18 дегі бозбала, оған бабаның керегі болмаған. Кейініректе 1980- 2007 жылдары аралығында өсиет- аманат етіп, «Жағдайларың келсе, Құлажан батыр бабаның мазаратын тауып, басына белгі тас қойыңдар» деп бізге аманат етіп кеткен.
Осы мәселе бойынша, Құлажан батырдың басын қарайтуды армандап өткен аймаққа әйгілі ақсақалдардың бірі Жарылқасын Исаұлы атамыздың қырқын берген күні кезінде ел басқарған Жұман көкеміз, Алашқа аты әйгілі ақын Қазыбек Иса ағамыз, Қыдырәлі Жарылқасынұлы, Илияс, Нұрлан Алтайұлы, Өмірзақ және мен бәріміз отырып ақылдастық. Алла бізге, Жұман көкем екеумізге нәсіп еткен екен, 2 ай бойы Құлажан батыр бабаның қабірін іздеп, Көкібелі ауылында екенін білдік. Бұл туралы алғашқы мәлімет Смадияр Смайылұлы мен Қазыбек Жарылқасынұлының 2000 жылы ең алғашқы қазақ шежірелерінің бірі болып, Алматыдағы «ҚазАқпарат» баспасынан «Қазақ шежіресі» сериясымен жарыққа шыққан «Қоңырат. Байлар - Жандардың Көшік атасы» атты кітапта жазылған.
Биылғы маусым-шілде айларында Жұман көкем, мен, Жұман немересі Наурызбай үшеуміз, Жаңа- базар, Көкібелі ауылдарына 3-4 рет барып жүріп, Құлажан бабаның жатқан зиратын шамалап таптық.
Құлажан бабаның жерленген жерін іздеп, Ленгер қаласынан бастап , Ақбастау аулы «Көз ата» әулиесіне бардық. Әулие шырақшысы Тағайхан ағамен ақылдасып отырып, сол ауылда тұратын шежіреші көнекөз қария 90-ды еңсерген Анарқұл ақсақалға бардық. Бізге жеткен дерек бойынша білетініміз, руы Суанның Бағысы – Мыңжасар немесе Көпжасар деген бай әулеті қайын жұрты екен. Анарқұл ақсақал барлық әңгімені тыңдап болып, асықпай отырып, « ол сендердің іздегендерің Суан- Бағыс болса, ол Мыңжасар емес, Жылқыбайұлы Көпжасар» деп айтты.
Көкібелі ауылында Көпжасардан Анарбек деген кісіге жіберді. Түс мезгілінде Анарбек ақсақалдың үйін тауып бардық. Бар жағдайды Анарбек ақсақалға айтып бердік. Қария ойлана отырып, бізге бұндай дерек жетпегенін айтты. Анарбек ақсақалды алып, Көкібелі ауылында 3 ғасырдай болған ескі зират басына бардық. Бұл жолы Жұман көкем , мен, Жұман немересі Наурызбай үшеуміз бардық. Зират басындағы шырақшы бізді тыңдап, ата-бабалар рухына бағыштап құран оқып, бізге бата беріп, осында ескерткіш тас қоюға рұқсатын берді. Сол күннен бастап, дайындалып, Қордай қаласында қызмет бабымен жүрген Алтайұлы Нұрланмен хабарласып, ақылдасып отырып, Нұрлан өз қаражатына бір мәрмар тасты Көкібелі ауылына, екінші үлкен тасты Ұзын-Ата зиратына қоятын болдық. Тастарды 10-шы тамызға дейін істеп беруге уәде берді. Ол інімізге Алланың нұры жаусын. 11 тамыз күні Шымкент қаласынан, Қордай қаласына таңғы сағат 10.00 шамасында Жұман көкем, мен, Еркінұлы Азамат үшеуміз шықтық. Бір тәулік ішінде Қордайға барып, екі тасты алып, Шымкент қаласына келдік. Сондағы «Алаш», «Акпар», «Бекжан» базарларынан бар керек-жарақты алып, Көкі- белі ауылына, Анарбек ақсақалдың үйіне бардық. Бұл істе бізге көп көмек көрсеткен «Жаңа базарлық» Ыбырайым көкеге рахмет, бар жұмысын қалдырып, бізбен екі күн атсалысып қызмет етті. Ол кісіге Алланың нұры жаусын. Анарбек ақсақалдың ұлдары Сейфулла, Нұрдаулет, немересі Айқынбай т.б. көп көмек көрсетті. 12 тамызда кешкі сағат 18.00-де Көкібеліге бардық. Жаңбыр шелектеп жауып тұрған болса да, тас қоятын іргетас құйдық. 13 тамыз күні сағат 9.00-де тасты қоюға дайын болдық. Тасқа Құлажан батыр бабасын іздеп, бұдан 20 жылдай бұрын дастан жазған ұрпағы, ақын Қазыбек Исаның «Керімсал» кітабына кірген, кезінде республикалық басылымдарда жарық көріп, әдебиетшілерден жоғары баға алған «Құлажан батыр» жырынан бір шумақ:
Ерлердің елі жолында
Қайда бір басы қалмаған.
Қылышың қапты соңында
Қабірің қайда, нар бабам? –
деген жолдарды ұрпақтары атынан жаздық.
Сол үшін түскі сағат 13.00-терде Көкібелі ауылында «Оңтүстік әулие» зиратының басында 100 адамға тамақ, шапан-орамалдарын таратып ас бердік. Оған ел ағалары, алматыдан бастап, қаламгер-қайраткерлер арнайы келіп қатысты.
Бізге көмек көрсеткен барлық Көкібелі ауылының азаматтарына үлкен рахметімізді айтамыз. Ол елдің кісілеріне Алланың нұры жаусын!
Жұман Шақайұлы ,
Жұмаділ Әбдірахманұлы,
2013 жыл, 13-14 тамыз
ҚЫЗЫЛҚҰМ – ҚАЗЫҒҰРТ – КӨКІБЕЛІ.
ҚОРДАЙ – ШЫМКЕНТ - ҚЫЗЫЛҚҰМ
Дұғадан дарыған үш ұл
Қ о ң ы р а т т а Б а й л а р -Жандардың іші нде г і Көшік Түгелбайдың баласы Қошқарбай қырыққа келгенше перзент көрмей жүріпті. Бір күні үйінде отырса, сырттан “Сөйлес” деген дауыс естіледі. Атып шықса, ақ сақалы кеудесіне түскен, сәлделі қария екен. Аттың шылауына жабысып, қолтықтап түсіріп алып, қошеметтеп қонақ етеді. Қойдың басын мүжіп, асықты жілікті қолына алған қария:
– Жілік ұстар жігіттерің қайда?-дейді.
Төмен қараған Қошқарбай:
– Құдайдан үміттіміз ғой, ақсақал, – депті
– Солай ма еді, қап, әттеген-ай, -деген қария, ойланып барып, үй иесіне:
– Қане, қолыңды жай, – депті.
Алақанын жайған Қошқарбай мен әйеліне кезек қарап тұрып:
– Құдай елін аузына қаратқан үш ұл берсін: Құлажан, Әлжан, Дәржан, -деп дауыстапты, -Құлажан – елін қорғаған батыр, Әлжан – әулие, Дәржан – қолы ашық сақы болсын, -деп, бата беріп, аттанып кеткен екен.
Қырықтың бірі – Қыдыр болып, айтқандай-ақ, дүниеге кезегімен үш ұл келеді. Құлажан -13 жасында – ақ жауға шауып, атағы алысқа кеткен, ақсауыт киіп, наркескен асынып, найза ұстаған батыр болады. Әлжан-айтқаны айдай келетін көріпкел әулие, Дәржан – қолы ашық, жомарт, өткен-кеткенді үйіне түсірмей жібермейтін, қайырымды кісі болады.
Сондықтан ел Қошқарбайдың үш ұлы дуадан дарыған деп дәріптейді.
Жолбарыспен айқас
Қошқарбайдың тұңғышы – Құлажан батыр есімі елге белгілі баһадүр еді. Қоқаңдаған Қоқаны бар, қапталдан шығатын Қарақалпағы бар, қара жерді қанға бояған талай қырғында әруағы үстем боп, айбыны асып жүрді. Құлажан батыр туралы Көктің ұлының ішінде көп аңыз айтылады. Бала кезімізде Сәді Марқабайұлы деген атамыз көнеден көп әнгіме қозғайтын шежіре кісі еді. Бертінде, 90-нан асып барып, қайтыс болды. Құлажан батыр туралы айтқанда: “Ерлігі Көрұғлыдай еді” дейтін. Атамыз Саттар Мірәліұлы, Көшіктің Таубұзарынан шежіреші Мәдіхан Бимұрзаұлы ақсақалдар да батыр жайлы әңгімелегенде тарихтын талай тереңіне бойлайтын.
Құлажан батыр бірде Құлақасымен Сыр жағалап келе жатып, серігіне атын ұстатып, намазын оқуға кіріседі. Енді бетін сипап, орнынан тұра бергенде, қарсы алдындағы қалың жынысты қақ жарып, тарғыл жолбарыс шыға келеді... Шерінің айбат шеккенде атылатын жебедей тікірейген мұртының әр талына шейін зәр шашып, от шашқан шоқтай көзі мен атан жығар айқасқан азуларынан шейін ажал сеуіп,ырылдап тұрып қапты. Беліндегі қайқы қылышын толық суырып үлгермей, сабын сығымдап ұстаған күйі Құлажан да кірпік қақпай, қалттұра қалыпты. Адамның шерісі мен аңның шерісі аңдысып тұрған осы берер сәт қаншама уақыттың салмағын арқалап кетті екен... Артық қимыл – ажалға қадам екенін түсінген айбатты батыр да аруаққа сыйынып, қыран қабақты өткір көзін жолбарыстың жасыл шашқан от жанарынан тайдырмай, тайсалмай тұра беріпті. Батырдың мысы басқан болу керек, ерлігін бағалағандай текті жыртқыш, теріс бұрылып, ақырын басып қалыңға кіріп жоқ болыпты. Қарысып қалған қолын зорға икемге келтіріп, жартылай суырылған қылышын қынабына қайта салып, артына бұрылса, серігінің қолынан жұлқынып шығып, жырақ кеткен Құлақасқасы ойқастап жүр екен.Өңі қалмай қуарып, қорқып кеткен серігі есін енді жинап, Құлақасқаны ұстап алып келіп, алдына тосып, абдырап:
– Амансыз ба, батыр? Не істедіңіз? Қайда кетті жолбарыс? – дей беріпті.
– Тіл табыстық-ау, деймін, екеуміз де тірі қалдық қой. Аңның тектісі емес пе, адам танитын. Ата-бабаның аруағы қорғап қалған болуы керек, – депті Құлажан батыр сыр білдірмей, қабарып кеткен өңіне қан жүгіріп.
Шеріні шегіндірген осы оқиғадан кейін Құлажан батырдың есіміне “Шері”атағы да қосылып айтылатын болыпты.
Оба тоғайындағы оқиға
Өліара кезінде өңдері өрт сөндіргендей екі салт атты суыт келіп,Құлажан батырға жағдайын айтады. Олардың түсіндіруінше, Түркістан маңындағы көтеншілер е к е н . Ж а у қ у ы п к е т к е н жылқысының ізімен келе жатқан беті көрінеді. ”Зекет салықты төлемедіндер” деп, салмақ салған қоқандықтар жайлауда жүрген жылқыны түріп айдап кетіпті. Жылқышының екеуі де адасып қалмау үшін жасырынып , арттарынын ізімен еріп отырып, осында келіпті. Қалған жылқышылар елге хабарлап, қол жинау үшін ауылға шауып кетіпті . Мұнда келген соң, Құлажан батырдың атақ- даңқына қанық екеуінің арыз айтып келіп отырған беті екен.
Құлажан батыр қымызға бас қойған, жүдеп-жадаған жылқышыларға барлай қарап отырып:
– Өздері қанша екен? Қарулары қандай? – деп сұрады.
– Мыңға жуық болу керек. Бес қаруы түгел бәрінің, - деді мұртты жылқышы бұрқ еткен терін сүртіп жатып.
Құлажан батыр ең жақын жаужүрек серіктерін шақырып, шұғыл кеңес өткізіп, алдағы айқастың жоспарын жасады. Уақыт тығыз. Бүгінгі түнде қимылдамаса, ертең кеш болады. Ал бұлардың саны тым аз – бар- жоғы 12 адам. Оның ішінде сан шайқаста шыңдалған Шоңай мерген, Атықай, Ахметтер талайға татығынмен, көптің аты – көп. Ол үшін алдымен барлау жасап, олардың түнейтін жерін білу керек болды. Суыт жүріп кеткен барлаушылар айтып келген жағдай бұлардың көңіліндегі үміт отын үрлей түсті. Жау екі бөлініп, жартысы тоқтаусыз жүріп кетіпті де, қалғаны қалың жылқыны айдап, ілесіп баратын болыпты. Соның өзінде де аз емес. Бұлардан кемінде 40-50 есе көп көрінеді. Мұндайда айла болмаса, арандап қалу оп-оңай. Құлажан батыр қоңыр күздің бұлт шала бастаған аспанын көзбенен бір шолып шығып, тездетіп түйе жинауды тапсырды. Құлажан батырдың жалаңқат пен көбе сауытқа көз салмай, торғауыт киюінен алдағы айқастың ауырлығын аңдаған батырлар тас-түйін бекініп, бес қаруын асынып шықты. Екі жылқышыға да қылыш, найза беріліп, жараулы ат мінгізілді. Қол көзге түртсе көргісіз тас қараңғы орнаған шағықта аттанып кетті...
Қалың жылқыны иіріп қойып, Оба тоғайында түнеуге бел буған қоқандықтар олжаларына қуанып, көкнәр ішіп, мас болып, көңіл көтерген күйі тегіс ұйқыға кіріседі. Жол соққан олар лезде ұйқыға кеткенде, екі күзетшіні жайратқан Құлажандар қаптаған түйені алға салып, дабылдатып, лап қояды. Құлажан батырдың қараңғыны қақ жарған әйгілі жау қашырар айқайы мен аттандаған дауыстар дабыл қаққан дауылпаздар үнімен, түйелердің бақырғаны қосылып, түнгі далада жаңғырып, бірнеше еселеніп, азан-қазан болады. Шырт ұйқыда қаннен-қаперсіз жатқан жаудың үрейі ұшып, есін жинаи алмай, түйелерге тапталып, қараңғыда бірін-бірі жау көріп, өзді-өзі соғысқан қоқандықтарды Құлажан батырдың қолы жайпап өтеді. Аман қалғаны ұстаған атына міне қашып бет-бетімен тоз-тоз болып бытырай жөнеледі. Әудем жерге барып, бұлардың аз екенін әзер байқаған олар бас құрап, қарымта қайтаруға қайта шабуға беттегенде, көтеншілердің қуа шыққан қолы да жетеді. Қалың қол келіп қосылғанын көріп, басқыншылар бас сауғалап қайта қаша жөнеледі. Жылқыны қолға түсірген бұлар жаудан қалған мол олжамен бірге ауылға келіп ентігін басады. Көтеншілер қайтқан малдың берекесіне көңілденіп, аз ғана қолдың қалың әскерді қашырғаныны таңдана разы болады. Құлажан б а т ы р д ы ң қ а р с ы л ы ғ ы н а қ а р а м а с т а н с ы й - с и я п а т көрсетіп, шайқасқа қатысқан 12 батырдың әрқайсысына қалың жылқыдан таңдатып, қос аттан тастап кетіпті. Қазақтың Құлажан батырының айбаты мен айлалы ерлігін олар еліне аңыз ғып айтып барыпты.
Аналық ананың қайрауы
Көп шайқастардың бірінде Құлажан батырдың қолтығының астына найза қадалады. Қолымен қағып қалғанда найза шорт сынып, сауытты жыртып кірген денесінде қалып кеткен екен. Осыдан кейін,батыр үйінде біраз қиналып жатып қалған болса керек. Қошқарбайдың әйелі Құлажан батырдың шешесі Аналық – дала бәйбішесі атанған, даналығы мен айбары бар ақылды кісі екен. “Алып-анадан” дегендей, беліне ораған белбеуі бес құлаш болатын көрінеді. Баласына:
– Қарныма шыбық кірді деп, - қабақ шытып жатысың қалай? Шамаң келмесе, әкел бері, мен суырып алайын, табаныңнан тікен алғандай, - депті.
Намыстанған Құлажан батыр қыларқан алғызып, шалқалай жатқан күйі шаңырақтан асырып бір шетін найза сынығына байлап, бір шетін өзі алып, тартып қалғанда, сынық найза суырылып шығып, орнынан қан шапшып кетіпті. Аналық ана дұға оқып, жыр айтып отырып, інілері Әлжан мен Дәржан қанды сорып алып тоқтатқан екен дейді.
Аналық бәйбішенің осындай ақындығы мен ірі мінездері туралы көп әңгіме айтылады. Сырдың бойындағы тоғай мен нарқамыста жолбарыстар көп жортқан. Малға да, жанға да тыныштық бермеген сондай бір жолбарысты Құлажан батыр сайланып шығып,соғып алған екен. Жолбарыс алу, әрине, оңай емес, жыртқыштың улы тырнағы тиген батыр біраз жараланып келіп,жатып қалса керек. Сонда да Аналық бәйбіше батыр ұлын қайрап:
– Бір мысық тырнап алды деп,
Қашанға дейін жатасың?-
Адамның аңы малды жеп,
Танымай кетті атасын, - деп, елдің жылқысына жау тиіп жатқанын ескерткен екен. Сонда Құлажан батыр атып тұрып, атқа мініп, жаудан жылқыны қайтарып әкеп беріпті.
Құлажан батырдың қайын жұрты Қазығұртта болса керек. Қайын жұртынан Мыңжасар, немесе, Көпжасар болу керек, бір кісінің аты аталып қалады. Нақтысы белгісіз. Қайыңдап барғанда,кенеттен қайтыс болып “Көкінің белі” деген жерге қойылыпты дейді ел аңызы.
Бірақ қабірінің қайда екені қазір белгісіз. Артында қалған қылышы бүгінге дейін сақталған. Інісі Әлжанға тапсырылған қылыш кешеге шейін Сәді атаның қолында болып келді де, бүгінде Мүтәнің Әбдіназарының үйінде сақтаулы. Құлажанның Тасанынан тарайтын Қанжігіттің Әбдіраманы ертеде Қазығұртта жүргізушілік оқуда жүргенде сол елдің ақсақалдарынан «Осы маңда қоңыраттың бір батыры жерленген» - деген сөзді құлағы шалыпты. Бірақ одан әрі қуаламай, сол күйі ұмыт қалған екен. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – Құлажан батыр атаның қабірін тауып , басын қарайтып , ас беру. Құлажан батырдан тараған ел бүгінде бір қауым болып отыр.
Ерлердің елі жолында
Қайда бір басы қалмаған.
Қылышың қапты соңында
Қабірің қайда, нар бабам? –
деп жырлаған қазіргі танымал талантты ақын, «Қазақ үні» газеті нің бас директоры, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» ордені иегері Қазыбек Иса Жарылқасынұлы осы Құлажан батырдың тікелей ұрпағы.
Құлажан батыр
Көнекөздер сөз етсе,
Көрұғлыдай ерлігің.
Елден туып ерекше,
Серік еттің ел мұңын.
Адыра қап жайлы күн,
Адырна ұстап күн кештің.
Асып жаудан айбының,
Алдаспанмен тілдестің.
Дұшпан айдап бар малды,
Аспаныңды жапса бұлт.
Сайлап мініп тарланды,
Айлап кидің ақсауыт.
Алладан деп бір ажал,
Айқаста тек тұрмадың.
Құла ат мінген Құлажан,
Құлатпай жауды тынбадың...
Сөз қалады артыңда,
Істелген іс тәрізіді әр.
Құлажандай нар тұлға,
Жайында көп аңыз бар.
Найзасына сүйеніп,
Жастық еткен шоқпарын.
Түре қуса түнеріп,
Тоз-тоз болған топ қалың.
Құты қашып елінің,
Жыртқыш басса қамысын –
Мысы басып шерінің
Басын иген барысың...
Аттың жалын құшқан мың,
Атойласа ер қан кешкен.
Нәмарт шыққан дұшпанның,
Нарқын айтты наркескен.
Қайтқан кезде жыл құсы,
Қайтпай соғыс дүркіні.
Қошқарбайдың тұңғышы,
Қол бастапты бір күні.
Болар басқа жол қандай,
Қайнатса жау қаныңды.
Қара жер тар болғандай,
Қоқандықтар қағынды.
Жағаласқан жау көрсе,
Шоңай мерген* шоқтықты
Әлжан-Дәржан* әл берсе
Әруақтанар көп мықты.
Тарап елге аты көп,
Тайсалатын қас пенде.
Атығай* мен Ахмет*
Айбар еді әскерге.
Аспанға алаң шаңы ұшқан,
Айқай тұнып бар алап.
Айқаста бір алысқан,
Алыпты ішін жаралап.
Саябырлап жанталас,
Қайтыпты ерің еліне.
Қас дұшпанды жерталас,
Жеткізе алмай жеріне.
Еңсесі пәс ерлерді.
Қарсы ап батыр анасы.
Ұлын қайрап дем берді,
Көзге түсіп жарасы:
- Іштен шыққан балам ең,
Ішегіңді шұбалтып,
Жау қайтармай,
Жарамен
Қайтқанша өлген мың артық.
Перзенті емес – елді ойлап,
Айтқаны осы ананың.
Кінәлі бір жандай нақ,
Қысылғаны-ай баланың.
Жарасын ол таңып ап,
Қайта жауға аттанды.
Астындағы ат аңырап,
Жерді оюға шақ қалды.
Намысыңды қамшылап,
Айтса анаң – бұйрық-ты.
Тұрар қалай жан шыдап,
Ағызды енді жүйрікті.
Екпінінен сардардың,
Ебі желі соққандай.
Жанын алған жаулардың,
Жанардағы от қандай!..
Үстемсіген дұшпанның,
Үстінде жай ойнатты.
Қан ішуге құштардың,
Қаншамасын жайратты.
Пиғылын ой жеген мың,
Қимылы мен сөзі асып.
Басып алам дегеннің,
Басы қалды көзі ашық.
Көк сүңгінің күйі осы,
Толғай-толғай салады,
Ауып қалған иесі,
Аттар безіп барады...
Сарғыш тартқан көп белдер,
Күреңденді қан сіңіп...
Қылыш сойып өткендер,
Қырылдайды жан шығып...
Сан жебеден самсаған,
Күннің көзі шаршаған,
Жер басқанды аңсаған,
Жер жастанды қанша адам.
Қалғанынан шашылып,
Қалғанын да қашырды.
Ел шетінен асырып,
Ентіккені басылды.
***
Қариялардан сұраңыз,
Осылай дейді бір аңыз.
Ескірген сөзді сірә біз,
Ескермей онша тұрамыз.
Тарихта көмбе жатыр көп,
Ақиқат бар ғой аңызда.
Жырладым сені ақын боп,
Бас иіп ұлы парызға.
Жаугершілікті көп көрген,
Батыры жетер қазақтың.
Бәрі де күнін өткерген,
Орнату үшін ғажап күн.
Ерлердің елі жолында,
Қайда бір басы қалмаған...
Қылышың қапты соңында, –
Қабірің қайда нар бабам?!.
Қазыбек ИСА
*Шоңай мерген – Құлажанның
немере ағасы
*Әлжан – Дәржан – інілері
*Атығай, Ахмет – батырлар.
Тұла бойы сомдалған өр намыстан...
Адам ата-Хауа анадан жаралған, Жер әлемге түрлі халық таралған. Бір бұтағы қазақ жұрты атанған Бұл заманда қалың елім – қара орман. Қан тазалық – тайпа руға жіктеген, Ата тегін асыл ерлер бүкпеген. Ықылымнан дәстүр салтын сақтай кеп, Мирас етіп ұрпағына жүктеген. Әлімсақтан сырдың бойын жайлаған, Өркен жайып, өмір нұры жайнаған. Байлар-Жандар баласы атты бір ел бар, Тұғыры асқақ бастан бағы таймаған. Бойтұмар ғып бабалардың ақылын, Мақтан еткен ақыны мен батырын. Ақындары кілең сүлей арқалы Батырлары қорғай білген жақынын. Тектілігін тереңінде сақтаған, Ерлік салты дұшпанға сыр ашпаған. Ту ұстаған батырлары байтағын, Қорғап қалған, өлімнен де саспаған. Мекен болған Қызылқұмның даласы, Өткелдері Сырдың әрбір саласы. Құлажандай батыр өткен жоталы Байлар-Жандар елінің бел баласы. Тұла бойы сомдалған өр намыстан, Алысқанды алып ұрған арыстан. Бүгін оны ұрпақтары еске алып, Құлпытасы басына кеп табысқан. Ақындары арнау жазып жыр тасқын, Ақсақалы дұға арнап бұл сәтте Бабасының қабіріне бас иген Ел сүйсінді қызметіне ұрпақтың. Жел өтіне белдеу болып құлаған, Жаушықұмда жатыр көлбеп құба жон. Мен сенемін пейілі дархан бұл елде Өсіп шығар әлі талай Құлажан.Дүйсен
ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Шардара ауданы,
Қызылқұм ауылы.