Қостанайлықтардың ахуалы мен аманаты
2013 ж. 21 тамыз
1736
1
Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Перуашев Қостанай облысына іс-сапармен келді. Төраға өңірдегі ірі кәсіпорындардың жұмыс жағдайымен танысты. Кездесу барысында астық туралы заңға қажетті өзгерістер мен толықтырулар жайлы сөз қозғалып, бизнестің жаңа бағдарламалары қажет екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, өңірдегі интернет сапасының әлсіздігі сынға алынды.
Азат Тұрлыбекұлы сапарын Қазақстан мен Ресей аумағында ірі агроөндірістік холдинг саналатын «Иволга Холдинг» акционерлік қоғамынан бастады. Кәсіпорынның аумағы өте кең, құрамына көптеген агрокомпаниялар кіреді. Холдинг жоғары сапалы ұн және ұн өнімдерін, қант қызылшасы, көкөніс, сүт және ет өнімдерін өндіреді. Ауылшаруашылық техникасы мен құрал-жабдықтарын, элеваторлық және электр құралдарын шығарады, сонымен қатар, авиациялық қызмет көрсетіп, компьютерлік және басып шығару өндірісімен шұғылданады. Холдингтің бас директоры В.Розинов өзі басшылық етіп отырған компаниясының тасы өрге басып тұрғандығын, соның арқасында 40000 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырғандығын атап өтті.
Автомобиль маркасын құрастырушы «Агромашхолдинг» акционерлік қоғамының қызмет көрсету сапасына "Ақ жол" партиясы төрағасының көңілі толды. Кәсіпорынның қызметі ауылшаруышылық секторы мен өндіріске бағытталған. Аталмыш компания «Ssang Yong» және «Chance» автомобиль маркасы мен ауылшаруашылық техникасын құрастырып шығарады. Кәсіпорынның жұмысы мен шығарылатын өнім түрін кеңейту бағытында акционерлік қоғам ресейлік, корейлік және басқа да ауылшаруашылық техникасы, автомобиль өндірісімен айналысатын кәсіпорындармен серіктестік жасауда.
Одан әрі Азат Перуашев Қазақстандағы кондитерлік өнім бойынша ірі кәсіпорындардың санатына жататын «Баян сұлу» кондитерлік фабрикасына ат басын тіреді. Аталмыш фабрика тәттінің 200-ге жуық түрін тұтынушысына ұсынады екен. Кәсіпорынның барлық қызметі газбен байланысты болғандықтан, басты мәселесі осы болып отыр. Бүгінгі таңда компания «ҚазТранс Аймақ Газ» операторымен жұмыс жасайды. Бұл жердегі газдың бағасы өнімнің өзіндік құнына тәуелді. Сәйкесінше, шығын да аса жоғары. Осының нәтижесінде ТМД елдері кондитерлік фабрикаларымен арадағы бәсекелестік көңіл қуантарлық дәрежеде емес. «Баян сұлу» акционерлік қоғамы керегесінің кеңеюіне кедергісін келтіріп отырған осы мәселені ұжым басшылығы «Ақ жол» ҚДП төрағасының назарына ұсынып, көмек қолын созуын сұрады.
Төрағаның кезекті аялдамасы «Евраз Касписан Сталь» шаруашылық серіктестігі болды. 2012 жылы «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ның директорлар кеңесі Қостанай қаласында болат заводы құрылысы бойынша «Евраз Касписан Сталь» ЖШС инвестициялық жобасын жүзеге асыруды мақұлдаған болатын. Аталмыш жоба қазіргі таңда халықаралық «Evraz Group S.A.» металлургиялық және тау-кен компаниясымен бірігіп жұмыс істеп отыр. Заводтың ұжымы: «Кәсіпорын Ресей мен Украинадан әкелінетін құрылыс жабдықтарына тәуелділікті жоятын болады, яғни, жылына 450 мың тоннаға жуық болат арматурасын өндіру жоспарлап отыр. Алайда, бізді темір жол мәселесі алаңдатуда. Заводқа келетін темір жол жеке шаруашылыққа тиесілі. Ол арқылы 15-тен астам ірі кәсіпорындар жұмыс атқаратындықтан, өнім вагондарын тасымалдау мен тиеу барысында кідірістер мен кемшіліктер көп. Осыған байланысты мәселе көтеріп, жобалық құрылыс-сметасының құжаттарын дайындадық. Қазір Қостанай темір жолы бұл торапты бас магистральмен байланыстыруға уәдесін берді» деп, Мәжіліс депутатын өз жағдайларынан құлағдар етті.
Сапарының соңында партия төрағасы А. Перуашев Қостанай облысының әкімі Н.Сәдуақасовпен кездесіп, облыстағы маңызы басым әрі күрмеуі қыйын мәселелерді талқыға салынды. Әсіресе, көгілдір отынның бағасының қымбаттылығы айрықша назарға ілінді.
Гүлнұр ӨМІРЖАНҚЫЗЫ,
Қостанай облысы