«Абу Даби Плаза» - Қазақстан-БАӘ ынтымақтастығының көпірі
2009 ж. 22 маусым
1952
0
Жақында Қазақстан Үкіметі мен БАӘ Үкіметі арасында «Абу Даби Плаза» құрылыс кешеніне қатысты арнайы келісімге қол қойылды. Астананың төрінен бой көтеретін бұл ғажайып нысанды БАӘ-нің инвестициялық әлеуеті зор құрылыс саласындағы алдыңғы қатарлы компанияларының бірі – «Aldar Properties» салмақ. Сәл шегініс жасасақ, 2006 жылы ақпанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне барған жұмыс сапары барысында сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Кәрім Мәсімов пен Абу Дабидың мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл-Нахаян «Қазақстан-БАӘ: ынтымақтастық іс-әрекеттер жоспарына» қол қойған еді. Сол жоспардың тармақтарының бірі - Астанада «Абу Даби» атты беделді биік үй тұрғызу болып табылады. «Абу Даби Плаза» - «Aldar Properties»-тің БАӘ-нен тыс жерде жүзеге асыратын жалғыз девелоперлік жобаларының бірі. Компания жобалаушыларының айтуынша, аталған нысан Орталық Азиядағы ең еңселі және әлемдегі биіктігі жөнінен 14-ші тұрғын үй кешені болмақшы. «Абу Даби Плаза» - бұл ұзындығы 382 метрді құрайтын (88 қабат) басты ғимараттың айналасына бірікккен бірнеше мұнаралардың жиынтығы. Теңдесі жоқ тұрғын үй кешені орта және жоғары кластағы 450 пәтерден, сондай-ақ 2 қонақ үйден тұрады. «Люкс» класындағы қонақ үй 12 мың шаршы метрге жуық жерді алады. Сонымен қатар, жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрайтын жерге әлемдік стандарттарға сай жұмыс кеңселерін салу қарастырылуда. Кешенді сондай-ақ, Астананың халықаралық әуежайымен тікелей монорельстік жолмен байланыстыру, айналасына 5300 автокөлік қоятын арнайы тұрақтар салу да жоспарда бар. Аталған жобаның бағаланған құны – 1 млрд-тан астам АҚШ долларын құрайды. Ғаламат нысанды 2012 жылы толық салып бітіру жоспарлануда. Атап айтарлығы, бұл жобаға да елордада Бейбітшілік және келісім сарайын тұрғызған әйгілі ағылшын сәулетшісі Норман Фостердің қолтаңбасы салынады. Қазіргі кезде «Алдар ЕуроАзия» компаниясының басшылығы «Абу Даби Плазаның» құрылысын ағымдағы жылдың 1 шілдесінде бастап, 2013 жылдың қыркүйегінде бірінші кезеңін аяқтауды ұйғарып отыр. Биылғы жылдың наурыз айынан бері аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі екі жақты келіссөздерге нүкте қойылды. Ал Астана әкімдігі «Абу Даби Плаза» көпқызметтік тұрғын үй кешені салынатын жер учаскесін босатып беру жұмыстарын жүргізуде. Яғни, арабтармен ынтымақтастық қарым-қатынасымызды нығайтатын бұл жоба да ғаламдық дағдарыстың ұзаққа созылғанына қарамастан, Қазақстан экономикасына сырттан инвестиция тартудың ерекше қарқын алғанының дәлелі. Таңатар Табынұлы.