Басшы жасаған бассыздық

d29bd18bd0bbd0bcd18bd181d0bad0b5d1801Қостанай қаласындағы түзеу мекемесінің басшысы аталмыш мекемедегі жазасын өтеушіні бопсалап, 160 мың теңгені құрайтын тұрмыстық бұйымдарды иемденіп алған. Яғни, тұрмыстық бұйымдарды «сыйға» тартуға мәжбүр еткен. Бұл ісі үшін бүгінгі күні түзеу мекемесінің басшысы қамауға алынды. Сонымен қатар, басшының айтқанын бұлжытпай орындаған орынбасарының да үстінен қылмыстық іс қозғалды.

          Түзеу мекемесінде орын алған келеңсіз жағдай турасында Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бас бостандығынан айрылған азаматтың туыстары хабар беріпті. Прокуратура қызметкерлері мен қауіпсіздік комитеті өкілдері арызға сәйкес тергеу жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтады.

         Түзеу мекемесінің басшысы  мен орынбасары жазасын өтеуші азаматқа жайлы жағдай жасағаны үшін одан өздеріне тұрмыстық бұйымдар мен ақшалай сый жасауды талап етіпті. Мұнымен қоймай айтылған талаптарды дер кезінде орындамасаң, карцерге отырғызамыз деп қорқытады. Жазасын өтеуші азамат болса, басшылардың айтқандарын түгелімен туыстары арқылы жеткізіп береді. Басқа емес, тағдырдың жазғанына көндігіп, қапаста отырған қылмыскерден қомақты «сый» талап еткен басышының бұл ісіне не дерсің? Тергеу барысында прокуратура қызметкерлері мекеме басшыларынан үш шетелдік теледидар мен төрт үй кинотеатрын, екі ұялы телефон мен компьютер мониторын заттай тәркілейді. Облыс прокурорының аға көмекшісі оңай олжаға кенелгісі келген түзету мекемесінің басшысы мен орынбасарын он жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін айтты.

            Не десек те, басшылар жасайтын қайсібір бассыздық болса да, қатаң жаза қолданғанымыз жөн. Әйтпесе бұл үрдіс жалғасын таба беретіні анық.