Қоқыс өңдеу зауытының тағдыры қыл үстінде

   Алматыдағы қоқыс өңдеу зауытының қызметкерлері үш айдан бері жалақы алмапты. Сол себепті де олар нарызылық шарасына шықты. Қаладан шығатын тұрмыстық қалдықтардың 80 пайызын өңдейтін кәсіпорынның жұмысын тоқтатқанына 4 күн болды. Зауыт басшылары болса, мемлекет тарапынан көмек көрсетілмесе, 3 жыл бұрын бой көтерген мекеменің жабылып қалуы мүмкін екендігін айтады. Қалалық әкімдік болса әзірге қаржы бөлетін сыңай танытпайды.

          ТМД елдерінде жоқ бұл зауыт Алматы қаласынан ашылған кезде жергілікті билік өкілдері қатты қуанған кейіп танытыпты. Күніне мың жарым тонна қоқысты қайта өңдеп шығаратын зауыттың бүгінде жұмысшыларға берешегі 5 млн. доллардан асып кетіпті. Қазіргі таңда әрбір алматылық ай сайын қоқыс үшін 160 теңге төлейді. Зауыт басшылары егер әкімдік тарапынан қолдау көрсетілмесе, тарифтің бағасын 250 теңгеге дейін көтеретіндіктерін айтуда. Егер бұл ұсыныс жүзеге аспайтын болса, қазынаның 36 млн. еуродай қаржысы желге ұшпақшы. Өйткені зауыт өз жұмысын тоқтатуы мүмкін. Ал, зауыт жұмысшылары зауыт жабылатын болса  далада қалатындықтарын айтып зар қағуда.