Түркістанға жаңа тыныс берген «Ескек есу» каналы

Түркістанға жаңа тыныс берген «Ескек есу» каналы

Түркістан қаласында халықаралық стандартқа сай «Ескек есу» арнасы пайдалануға берілді. Бірегей спорт нысаны Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес салынды. Қазіргі таңда өңірде 112 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба емес, жастардың болашағына салынған инвестиция әрі тұрғындарды салауатты өмір салтына баулуға жасалған нақты қадам.

Ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Мырзабосынов, «Қайық» федерациясының президенті Асланбек Мерғалиев, Байдарка мен каноэ есу халықаралық федерациясының президенті Томас Кониецко және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Жиында қонақтар жаңа арнаның маңыздылығына тоқталып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде:

– Бұл еліміз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Түркістан тағы бір заманауи нысанмен толықты. «Ескек есу» каналы халықаралық жарыстар өткізуге және жыл бойы спортшылардың жаттығуына мүмкіндік береді. Бұл тек өңір спортының дамуына ғана емес, қала экожүйесіне де оң ықпал етеді. Жаңа нысан Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға да серпін береді, – деді.

Салтанатты іс-шара аясында халықаралық меморандумға қол қойылып, Орталық Азиядағы алғашқы өңірлік спорт хабы құрылатыны белгілі болды. Арнада 500-ге жуық спортшы байдарка, каноэ, академиялық есу, триатлон, параканоэ және ашық суда жүзу секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде жаттыға алады.

Түркістандық ескек есушілер бұған дейін ел чемпионаттары мен кубоктарында 1800-ден астам, әлемдік және құрлықтық жарыстарда 184 медаль жеңіп алған. Сонымен қатар 9 спортшы Олимпиада ойындарына жолдама иеленген.

Кешке орай «Turkistan Water Fest & Sky Lights» мәдени-спорттық фестивалі өтті. Онда отандық әншілер, этно топтар, би ансамбльдері өнер көрсетіп, цирк өнерпаздары мен аниматорлар мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Taiqazan» гастрофестивалі, қолөнершілер көрмесі, су үстіндегі спорттық қойылымдар, әуе шарлары шоуы, лазерлі және фонтанды көріністер жұртшылықты тәнті етті.

Айта кетейік, биыл облыста 102 спорт нысаны іске қосылды. Келесі жылы тағы 10 спорт ғимаратын пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде өңірде «Түркістан Арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, «Мұз сарайы» сияқты заманауи нысандар тұрғындарға қызмет көрсетуде.