ШҚО жылумен қамту: Ерлан Ақкенженов өңірдегі ЖЭО-лардың қысқа дайындығын тексерді

ШҚО жылумен қамту: Ерлан Ақкенженов өңірдегі ЖЭО-лардың қысқа дайындығын тексерді

Алдағы жылыту маусымының Шығыс Қазақстан облысында тұрақты өтуін Энергетика министрлігі жіті бақылауда. Ағымдағы жылдың 19-20 тамыз күндері Энергетика министрі аймаққа жұмыс сапарымен арнайы барды. Өңірдегіжөндеу жұмыстарының барысын және негізгі жылу көздерінің қысқа дайындығын бағамдады.

Басты назар Риддер ЖЭО-на аударылды. Станция жүйелі шаралар қабылданғаннан кейін қауіптің «қызыл» аймағынан шығарылды. Биыл станцияны жаңғыртуғабөлінген 6,4 млрд теңгенің 4,1 млрд теңгесі Үкімет резервінен берілді. Бұл қаражат екі қазанагрегатын күрделі жөндеуден өткізуге, тозығы жеткен 6 шақырым жылу желісін ауыстыруға және отын беру жүйесін жаңартуға бағытталған. Аталған жұмыстар станцияның негізгі жабдықтарының тозуын 2,6%-ға, ал жылу желілерінің тозуын 7,7%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын жылумен қамту сенімділігін арттырады.

Сондай-ақ, Министр Тишин кенішінің қазандығы жұмысын да көзбен көрді. Аталған қазандық 2-ші және 4-ші шағынаудандарды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта екі қазанагрегатына күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Сапар барысында аталған аудандардағы жаз мезгіліндегі ыстық су тапшылығы мәселесі де қаралды. Ерлан Ақкенженов жергілікті әкімдік пен нысанның иелеріне жаз маусымында тұрғындарды ыстық сумен тұрақты қамтамасыз етуді тапсырды.


Өскемен қаласында министр өңір орталығының басты жылу көздері – Согра және Өскемен ЖЭО нысандарын аралады. Қазіргі таңда облыстағы үш негізгі станцияның орташа дайындығы 74,7%-ды құрайды, ал турбиналардың дайындығы – 89%. Барлық нысандарда 365,9 мың тонна көмір қоры жиналып, бұл 21-78 күнге дейінгі автономды жұмыс режимін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өңірде 53,9 шақырым жылу желілерін жаңарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.


«Қыстың қақаған аязында әрбір қазақстандықтың үйі жылы әрі жайлы болуы тиіс. Бүгінгі таңда жұмыс жоспарға сай атқарылып жатыр, бірақ дәл қазір барлық күшті жұмылдыратын сәт. Жұмысты мерзімінен бұрын бітірсек, алдағы жылу маусымына сенімділігіміз де арта түседі. Алайда, жұмысты жеделдету сапаға нұқсан келтірмеуі тиіс. Министрлік пен әкімдік бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Біздің ортақ еңбегіміздің басты бағасы – өңір тұрғындары үшін тыныш әрі апатсыз жылыту маусымы болады», – деді Ерлан Аккенженов.

Сапары барысында жедел шаралармен қатар, Өскемендегі жылу қуатының тапшылығын жоюға бағытталған стратегиялық жобалар да қаралды. Негізгі басымдық – жаңа ЖЭО–3 салу, Өскемен және Согра жылу электр орталықтары арасында жылу магистралін тарту, сондай-ақ қолданыстағы станцияларға жаңа қазанагрегаттар орнату. Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдің ұзақмерзімді энергетикалық қауіпсіздігі мен дамуына берік негіз қалайды.