Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Түркістан облысында үшем дүниеге келді

Түркістан облысының № 1 облыстық перинаталдық орталығында қуанышты оқиға орын алды. Шардара ауданының тұрғыны, 43 жастағы Орынкүл Нұрабаева үшем дүниеге әкеліп, 11 баланың анасы атанды. Бұл – отбасы ғана емес, бүкіл өңір үшін шаттықты жаңалық болды.

Үш ұлдың салмағы — 2265, 2455 және 2405 грамм. Сәбилер мерзімінен бұрын өмірге келгендіктен, дәрігерлер оларды бірден қатаң бақылауға алды. Перинаталдық орталықтың тәжірибелі дәрігерлері мен мейірімді мейірбикелерінің қамқорлығының арқасында бүгінде ана мен нәрестелердің жағдайы жақсы. Бүгін оларды перзентханадан туған-туыстары мен жақындары қуанышпен қарсы алып, үйлеріне шығарып салды.

Өңірдегі демографиялық серпін

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы алты айында өңірде 22 638 бала өмірге келген. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазір облыста 22 перзентхана қызмет көрсетіп, онда 319 акушер-гинеколог, 89 неонатолог, 101 анестезиолог-реаниматолог еңбек етуде. Сондай-ақ 165 акушер-гинеколог ота жасау дағдыларын меңгерген.

Тек биылдың өзінде ғана № 1 облыстық перинаталдық орталығында 4050 нәресте дүние есігін ашты. Олардың 72-сі егіз болса, үшемдер қатарына енді Шардарадан келген сәбилер қосылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 271 балаға көп, бұл өңірдегі халықтың өсімінің тұрақты екенін дәлелдейді.

Ана мен балаға ерекше қамқорлық

Мамандардың айтуынша, Түркістан облысындағы перзентханалар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Ерте туған нәрестелерге күтім жасауға арналған арнайы бөлімшелер жұмыс істейді. Бұл ана мен баланың денсаулығын қорғауға, өмірге жаңа қадам басқан сәбилердің қауіпсіз өсуіне мүмкіндік береді.

Орынкүл Нұрабаева үшін бұл – өміріндегі ең қуанышты сәттердің бірі. «Балалар – Алланың аманаты, өмірдің сәні. Үлкен отбасы – біздің байлығымыз», – дейді көпбалалы ана.

Түркістан облысында осындай қуанышты сәттердің жиі болуы – елдің болашағы мен ұрпақтың амандығына бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

qazaquni.kz