Түркістанда электронды қызметке деген сұраныс жоғары
2025 ж. 12 тамыз
852
0

Жыл басынан бері Түркістан қаласында «E-Otinish» жүйесі арқылы 3 мыңға жуық өтінім қабылданып, оның басым бөлігі орындалды. Цифрлық шешімдер тұрғындардың уақытын үнемдеп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Түркістан қаласында мемлекеттік қызметтерді электронды форматта көрсету қарқыны жыл сайын артып келеді. Жыл басынан бері облыс орталығында «E-Otinish» жүйесі арқылы 2 971 өтінім қабылданып, оның 2 512-сі толық орындалды. Қатыстылығына қарай 385 өтінім тиісті мекемелерге жолданса, 74 өтініштің орындалу мерзімі жалғасуда. Жүйенің басты артықшылығы – әрбір азаматтың өтініші онлайн тіркеліп, оның орындалу барысын қадағалау мүмкіндігіне ие болуы. Осынау ауқымды істердің атқарылуы Түркістан облыстық әкімдігінің іскерлігімен тікелей байланысты екендігін айта ләзім.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында цифрлық технологиялардың ел өміріндегі маңызын ерекше атап өтіп, «Цифрландыру – жай сәнді үрдіс емес, бұл – мемлекет пен қоғамды жаңғыртудың басты тетігі. Әрбір азамат мемлекеттік қызметті жылдам, ашық және әділ алуы тиіс» деген болатын. Түркістанда бұл тапсырма жүйелі түрде жүзеге асуда.
Қала тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді қолжетімді, ашық әрі сапалы ұсыну бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Цифрлық шешімдерді енгізу халықтың уақытын және қаражатын үнемдеуге, артық құжат айналымын қысқартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беруде.
Азаматтарды қабылдау орталығы биылғы жылдың басынан бері 25 401 қызмет көрсетсе, халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметкерлері арқылы 955 қызмет ұсынылған. Бұл орталықтарда құжат рәсімдеу, анықтама алу, әлеуметтік төлемдерді тағайындау сияқты түрлі қызметтер «бір терезе» қағидасымен жүзеге асырылады.
Қала әкімдігіне қарасты бөлімдер тарапынан осы кезеңде жалпы 30 435 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде «Egov» порталы арқылы – 11 304 қызмет, электронды форматта – 14 799 қызмет, тікелей қабылдау арқылы – 54 қызмет, ХҚКО арқылы – 4 261 қызмет, сондай-ақ баламалы түрде көрсету мүмкіндігі бола тұра, тікелей форматта – 9 қызмет ұсынылды. Бұл деректер өңір тұрғындарының электронды қызметке деген сұранысының тұрақты өсіп отырғанын көрсетеді.
Цифрландыру үдерісінің тиімділігін арттыру үшін бірқатар жаңа жобалар қолға алынған. Мемлекеттік мекемелерде қызмет көрсету сапасын бағалау жүйесі енгізіліп, әр азамат өз пікірін онлайн қалдыра алады. Бұл тәсіл мекемелердің жұмысын тәуелсіз бақылауға және халықтың сенімін нығайтуға жол ашады.
Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру – тек уақыт үнемдеудің ғана емес, мемлекеттік аппарат тиімділігін арттырудың да маңызды тетігі. Президент Жолдауында бұл бағыттағы негізгі міндеттер айқын көрсетілген: цифрлық трансформацияны жалғастыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу, деректерді қорғау жүйесін жетілдіру.
Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан жұмыстар осы стратегиялық мақсаттармен толық үндеседі. Қызмет көрсету сапасын арттыру, тұрғындармен кері байланысты нығайту және әрбір өтініштің орындалуын қатаң бақылау – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі болып отыр.
Алдағы уақытта мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа кезең-кезеңімен көшіріліп, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатта мектептерде, кітапханаларда және ХҚКО-ларда арнайы курстар мен кеңес беру алаңдары ұйымдастырылуда.
Цифрландыру қарқынының артуы Түркістанды заманауи, ашық әрі тиімді басқару үлгісіне ие қалаға айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл тек әкімдік үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды қадам, себебі әрбір тұрғын мемлекеттік қызметті ыңғайлы, жылдам және әділ түрде алу құқығына ие, ал осы құқықтың толық жүзеге асуы – цифрландырудың басты нәтижесі болып табылады.