Азат Перуашев құтқарушылармен кездесті

Азат Перуашев құтқарушылармен кездесті

Мәжіліс депутаты, "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінде болып қайтты. 

Бұл туралы депутат өзінің telegram арнасында хабарлады.

- Ситуациялық орталықтың жұмысымен танысып, соның ішінде, Бурабай маңындағы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін бақылау қалай жүзеге асырылатынын көрдік. Кейбір ұсақ өрт жағдайлары тіркелгенімен, жедел сөндірілген.

Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесін талқыладық. Өкінішке қарай, жазғы маусым басталғалы суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде қайғылы оқиғалар тіркелген. Осыған байланысты ТЖД құтқарушылардың жарақтандырылуы мен дайындығына, соның ішінде, жекеменшік жағажайлардағы қауіпсіздікке бақылауды күшейтуде, - деп жазды депутат.

Азат Перуашев мәселелерді талқылау барысында, цифрландыру жөніндегі тапсырмаларға қарамастан, төтенше жағдайлар кезіндегі ескерту жүйесінің әлі күнге дейін қолмен іске қосылатынына назар аударғанын айтты. Яғни, сигнал пультке түскен кезде ТЖД қызметкерлері жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, электр желілері мен газ қызметтеріне жеке-жеке телефон шалып, хабардар етуі қажет.

Оның айтуынша, «Ақ жол» фракциясы көктемгі сессия барысында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арасындағы өзара ықпалдастықтың жоқтығы жайында үш мәрте депутаттық сауал жолдады. - Мұндай синхрондау болмаса, цифрландыру бюджет қаражатын игеруге ғана бағытталып, нақты процестерді жеңілдету мен жеделдетуге ықпал етпейді деп санаймыз.

- Сонымен қатар, облыстың шалғай жол учаскелерінде жол-көлік оқиғалары болған жағдайда көмек көрсету мәселесі көтерілді. Сел қауіпсіздігі мен өткен жылғы жағдайлардан алынған сабақтарға ерекше назар аударылды.

Өкінішке қарай, биыл да кейбір елді мекендерді су басу оқиғалары тіркелді. Алайда, өткен жылғы тәжірибе мен алдын-ала жүргізілген дайындықтың арқасында ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды. 

Көктемде мен ТЖД басшылығымен бірге Макинск пен Бұланды аудандарына тасқын бллардан бұрын барып қайттым. Сол кезде жергілікті жеке құрам құм салынған қаптарды алдын ала дайындап, қорғаныс дамбаларын тұрғызуға кірісіп жатқанын байқадым. Бір аптадан соң бұл дайындықтар қажетке жарады, - деді А. Тұрлыбекұлы.

Ол, сондай-ақ, Ақмола облысы ТЖД қызметкерлері өз аумағындағы табиғи апатқа қарсы тұрып қана қоймай, көршілес Солтүстік Қазақстан облысына баратын тасқынның жолын бөгеуге де өз үлестерін қосқанын атап өтті. 

"Ақ жол" лидері ТЖД-ның техникалық жабдықталуымен, бөлімшелер мен жеке құрамның орналасу орындарын қайта жаңарту барысымен танысып, су тасқыны кезінде көрсеткен ерлігі үшін құтқарушыларға алғыс білдірді.