ҚАЗАҚ ТІЛІ ҒЫЛЫМ ТІЛІ БОЛАДЫ
2025 ж. 16 сәуір
1259
0

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен жыл көктемде «Қазақ тілі – ғылым тілі» деген тақырыпта халықаралық симпозиум өткен еді. Осы жиында қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік айтулы ғалымдар осынау өзекті мәселе аясында өздерін толғандырған проблемалар төңірегінде кеңінен сөз қозғап, өзекті ой-пікірін ортаға салған-ды. Биыл да білім ордасында университет ректоры Жанар Темірбекованың модераторлығымен «қазақ тілі ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» ІІ Халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады.
Аталмыш басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда «Бүгінгі таңда мәдениет және идеология саласы жасанды интеллектінің ықпалымен түбегейлі өзгере бастады. Мен жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға кеңінен енгізу мәселесіне үнемі назар аударамын. Экономиканың барлық саласы және еңбек нарығы жасанды интеллектінің тікелей қатысуымен түбегейлі өзгеріп жатыр. Адамдар тіршілігінің мәні мен қалыбы басқаша сипат алып барады» деп, ел дамуының аса маңызды бағыттарына назар аударды. Осыған сәйкес қазақ тілінің жасанды интеллектегі (АІ) әлеуеттік арттыру мақсатымен өткізілген дәстүрлі ІІ халықаралық симпозиум еліміздің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, жасанды интеллект (АІ) жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістері мен қолданыстарын саралаудағы ғылымның ұлттық маңызын дамытуда лайықты орын алады деген ұғым-түсінік үміттендіреді.
Симпозиумды ҚР Ғылым және Жоғарғы білім министрлігі мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысы әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университі, Bilik Түрік әлемі әлеуметтік ғалымдар журналы және Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы бірлесе ұйымдастырды.
Жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚХТУ өкілетті кеңесінің мүшесі Дархан Қыдырәлі, ҚР Ұлттық академиясының академигі, Филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, «Bilik» журналының редакторы Фырат Пурташ сөз сөйлеп, симпозиум жұмысына сәттілік тіледі.
Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген еліміздің танымал ғалымдары ҚР Ғылым және Жоғарғы білім министірлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университі Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Шәкір Ибраев «Қазақ тілі ғылым тілі: өзектілігі және шешу жолы», Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультетінің профессоры Эмине Чакыр «Оксфордта қазақ тілін оқыту», профессор Шерубай Құрманбайұлы «Жалпы түріктік терминдер түзу-терминологияның Халықаралықтандыру тетігі», Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім инстиутының іргелі және қолданбалы зерттеу нәтижелері», Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжанин «Академиялық мәтін» тақырыбында баяндама жасады.
Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраевтың баяндамасында симпозиумның мәні айшықтала түсті.
– Елімізде ғылым-білім, технология, техникасы қазақ тілінде дамыса, онда оны мемлекеттік тілдің өріс алуы, әр ұлттың интеллектуалды ойлау көрсеткіші ретінде тануға болады, – деді профессор. Яғни. Мемлекеттік тілдің ең негізгі көрсеткіші ретінде осы ғылым тіліндегі қызметін атаған болар едік. Жасыратыны жоқ, толыққанды ғылым тілі мәртебесіне ие бола алмаған тілдің коммуникативтік құзіреттілігі төмендейтіні анық. Тілімізді ғылымның, технологияның тілі деңгейіне көтерсек оның ауқымы да, сұранысы да артады. Қазақ тілінің ғылым тілі болуының маңызы оның іс-жүзіндегі қолданылу жүйесіне де, ғылыми әдістемелік негіздемелерінің қалыптасуына да тікелей қатысты. Оларды таратып талдап отырудың, деректік базасын құрудың қажеттілігі күн санап артып келеді.
Бұл симпозиумды халықаралық деңгейде ұйымдастырудағы басты себеп-тәжірибе алмасу. Қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту, термин жүйесі және әлемдік күн тәртібінде тұрған мәселе Жасанды интеллект жүйесіне қазақ тілінің мүмкіндіктерін көшіру мәселесі бойынша ғалымдар пікір алмасатын болады.
Терминологияда бірізділіктің жоқтығы көп мәселеге қолбайлау екені белгілі. Ғылыми терминдер мен ұғымдардың атауын тыңнан ойлап табу және оны іс жүзінде орнықтыру – асқан жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Оларды қолданысқа енгізудің тетіктері тіл мамандарының ғана қолында тұрған жоқ.
Симпозиум аясында елімізге танымал университеттер мен ғылыми- зерттеу институттарынан, шетелдік білім ордаларынан келген 200-ге жуық ғалымдардың пленарлық және 5 секциялық отырыста баянадамаларын тыңдап, талқылау басталып кетті. «Іргелі және қолданбалы тіл білім: заманауи тіл танымдық зерттеулер», «Жасанды интеллект және қазақ тілінің ғылыми коммуникациясы», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», « Жаратылыстану және техникалық ғылымдар саласындағы ұлттық мазмұнды дамыту: қазақ тілінің рөлі және жасанды интеллекттің мүмкіндіктері», «Қазақ тілінің салалық лингвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздер және білім беруді цифрландыру» секциялары жұмыс істеуде. Талқылаулар мен пікір алмасу нәтижесінде темендегідей міндеттер жүзеге асыруға баса назар аударылады.
Қазақ тілінің ғылыми корпусын жасақтайтын терминдер, маркер сездер, тұжырымдамалық және тұғырнамалык ұғымдар, көрсеткіштер, анықтамалык каталогтар жүйесін, тізбелі басылым түрінде жарыкка шығару.
ҚР Ғылым жене жоғары білім министрлігінің 2023-2029 жылдарға арналған даму стратегиясына мемлекеттік тілдің ғылым және білім саласында қолдану жүйесін кеңейту бойынша ұсыныстар беру.
Қазақ тілінде жазылған еңбектердің ғылыми және тілдік тараптарға сай сапасын іріктей отырып, олардың басылып шағуын Ұлттық редакциялық кеңес арқылы жүзеге асыру. Қоғамда мемлекеттік тілдің ғылым тілі корпусы аясында қалыптасуын жолға қою.
Қазақ тілі толыққанды ғылым тілі ретінде ұсынылатын гранттарды, жобаларды, конкурстық жұмыстарды іске асыруда қазақ тілінің әлеуеттік рөлін арттыру.
Қазақ тілін толыққанды ғылым тіліне айналдырудың мемлекеттік тұжырымдамасын әзірлеу. Ол үшін ғылым салаларындағы білікті мамандарының ұсыныстары мен пікірлерін жинақтай келе, мәселенің нақтылы жүзеге асуына негіз болатын құжаттарды дайындау.
Қазақстанның ЖОО-да интернет ресурстарын және инновациялық-педагогикалық технологияларды қазақ тілінде жетілдіру арқылы оны білім беру үдерісінде енгізу.
Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында түрлі ғылыми мәжілістерді, семинарларды дәрістерді, шеберлік сағаттарын, конференциялар мен дөңгелек үстелдерді мемлекеттік тілінде өткізудің тәжірибесін және стандартты жүйесін қалыптастыруға басымдық беру.
Аударма ісін арттыру. Терминология сапалы ғылыми еңбектер көбейген сайын қалыптасып, дамитын феномен. Сондықтан да шет тілдерде жарық көрген ғылыми еңбектерді мемлекет қолдауымен қазақ тіліне аудару ісін қайта жандандыру және ғалымдарды аударма ісімен айналысуға бет бұруын іске асыратын ынталандыру бағдарламаларын әзірлеу.
Қазақ тілінің ғылыми тілі ретіндегі мәртебесін көтеру – келешегіміздің кепілі. Қазақ тілі ғылым тілі болады. Симпозиумға қатысушылардың басты ұйғарымы осындай.
Сейдулла Садықов,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының
докторы
Түркістан қаласы