Халықтар достығы университетінің мерейтойында көптеген ғимараттар ашылды
2025 ж. 04 ақпан
1104
0

Халықтар достығы университетінің 25 жылдық мерейтойы аталып өтті.
Шымкент қаласындағы академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті өзінің 25 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Салтанатты іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, “Саутс Ойл” ЖШС президенті Серікжан Сейітжанов, 150-ге жуық шетелдік әріптестер, университет ректорлары мен ғалымдар мерекелік жиынның құрметті қонағы болды.
Айтулы мерекемен қатар, ширек ғасырлық тарихы бар білім ордасының жаңа заманауи оқу корпустары мен ғылыми-зерттеу орталықтары студенттердің игілігіне пайдалануға берілді. Атап айтқанда:
• Халықаралық талаптарға сай 2000 шаршы метрлік «Достық» спорт кешені;
• Үш қабатты, 972 шаршы метрлік «Next Step» ғылыми-зерттеу орталығы;
• Жеті қабатты, 2704,3 шаршы метр аумақта орналасқан IT-HUB, Coworking zone және панорамалық көріністегі цифрлық акт залы.
Ашылу салтанатында ҚР Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өз құттықтауында:
“Оңтүстіктегі он шақты жоғары оқу орнының ішінде ерекше орны бар академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті жыл сайын инфрақұрылымын дамытып, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасап келеді. Университет жанынан ашылған 2000 шаршы метрлік халықаралық стандартқа сай «Достық» спорт кешені – Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнында кездесе бермейтін бірегей нысан. Бұл алаңда болашақ чемпиондар тәрбиеленіп, ел намысын халықаралық спорт ареналарында қорғайды деп сенеміз,” – деп жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар, салтанатты жиында университет негізін қалаушы академик Ә. Қуатбеков атындағы ғылыми-зерттеу кабинетінің жұмысы таныстырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру жөніндегі ұлттық жобасы аясында университет цифрлық сауаттылықты арттыру бағытында бірқатар жаңа нысандарды іске қосты. Студенттердің ой-өрісін дамытуға арналған IT-HUB алаңы, көпфункционалды шығармашылық кеңістік – Coworking zone және панорамалық көріністі цифрлық акт залы ашылып, пайдалануға берілді.